Мәскеу. 22 шілде. ИНТЕРФАКС – Сәрсенбі күні сауда-саттықтың алғашқы сағаттарында АҚШ-тың қор индекстері негізінен төмендеді. Мұнай бағасының күрт қымбаттауы, сондай-ақ инвесторлардың чип өндіруші компаниялардың акцияларын белсенді сата бастауы нарыққа қысым түсіріп отыр. Бұған қоса, инвесторлар олардың ірі клиенттерінің тоқсандық қаржылық есептерін күтуде.
Мұнай бағасының өсуі инфляциялық тәуекелдерді күшейтті. Бұған Таяу Шығыстағы шиеленістің ушығуы, атап айтқанда АҚШ пен Иран арасындағы әскери іс-қимылдардың жалғасуы әсер етуде.
АҚШ әскері Иран аумағындағы нысандарға қатарынан он бірінші түн соққы жасады. Соңғы шабуыл кезінде Оман шығанағы жағалауындағы Чабахар мен Конарек порт қалалары, сондай-ақ елдің ірі өнеркәсіптік орталығы Тебриз нысанаға алынған.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Манилада өткен АСЕАН кездесуі аясында журналистерге Вашингтонның Тегеранмен келіссөз жүргізуге әлі де дайын екенін айтты. Алайда оның сөзінше, Иран өз міндеттемелерін орындамай отыр әрі АҚШ-пен келіссөздерге салмақты қарамайды.
Сәрсенбі күні сауда аяқталғаннан кейін Alphabet Inc. мен Tesla компанияларының тоқсандық қаржылық есептері жарияланады. Сауда басталған кезде Alphabet акциялары 0,2 пайызға қымбаттаса, Tesla бағалы қағаздары 0,9 пайызға арзандады.
Чип өндірушілердің акциялары да төмендеді. Атап айтқанда, Nvidia – 0,9 пайызға, Broadcom – 1,6 пайызға, Micron – 3,3 пайызға, Advanced Micro Devices (AMD) – 2,5 пайызға, Intel – 3,1 пайызға, Qualcomm – 1,9 пайызға, ON Semiconductor – 2,3 пайызға, Sandisk 3 пайызға арзандады.
Сонымен қатар AMD компаниясы Anthropic компаниясымен стратегиялық әріптестік орнатқанын жариялады. Келісім аясында AMD серіктесіне 5 млрд доллар инвестиция салып, қуаты 2 гигаваттқа дейінгі есептеу инфрақұрылымын орналастыруға арналған технологиялық шешімдер ұсынады.
Швецияның финтех-стартапы Klarna жаңа серіктестік туралы хабарламадан кейін нарықтық құнын 0,1 пайызға арттырды. Компания Apple Inc.-пен ынтымақтастық орнатпақ. Ал Apple акциялары дәл осынша мөлшерде төмендеді.
AT&T Inc. акциялары 3,6 пайызға қымбаттады. Телекоммуникациялық компания екінші тоқсанда түсімінің 2 пайызға өскенін және түзетілген пайдасының сарапшылар күткен деңгейден жоғары болғанын хабарлады.
Энергетикалық шешімдер жеткізушісі GE Vernova акциялары 6,6 пайызға арзандады. Компанияның таза пайдасы өткен тоқсанда 32 пайызға артқанымен, бір акцияға шаққандағы пайда нарық болжамын ақтамады.
Ал Philip Morris акциялары 4,6 пайызға өсті. Темекі өндіруші компания мықты қаржылық есеп жариялағанымен, жыл басынан бері үшінші рет біржолғы факторларды есепке алмағанда пайда болжамын төмендетті.
Citigroup Inc. дивиденд көлемін ұлғайтқаннан кейін оның нарықтық құны 0,1 пайызға артты.
Мәскеу уақытымен 16:41-дегі жағдай бойынша Dow Jones Industrial Average индексі 0,16 пайызға өсіп, 52 305,78 пунктке жетті.
S&P 500 индексі 0,17 пайызға төмендеп, 7 496,78 пунктті құрады.
Ал Nasdaq Composite индексі 0,53 пайызға құлдырап, 25 701,55 пункт деңгейінде саудаланып жатты.




