*** Сауалнамалар Трамптың қызметіне қолдау деңгейінің төмен екенін көрсетті
Вашингтон. 30 шілде. ИНТЕРФАКС – Миллиардер Илон Маск АҚШ Конгресіне өтетін аралық сайлау қарсаңында Республикашылдар партиясын қолдау үшін қомақты қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Axios порталы хабарлады.
Порталдың мәліметінше, Маск 2024 жылы Дональд Трамптың президент болып сайлануына қолдау көрсету мақсатында 260 млн доллардан астам қаражат жұмсаған America PAC саяси қорының жұмысын қайта жандандырып жатыр.
Хабарламада бұл жолы қордың негізгі назары үй-үйді аралап үгіт жүргізуге, цифрлық жарнамаға және республикашыл сайлаушыларды тартуға бағытталған тікелей пошта арқылы ақпарат таратуға аударылатыны айтылған.
Қор жұмысына Масктің бас саяси кеңесшісі Крис Янг жетекшілік етеді.
Масктың өкілдері сайлауалды үгіт-насихатқа нақты қанша қаражат бөлінетінін жарияламады. Дегенмен, Axios бұл бағытқа едәуір көлемде қаржы жұмсалуы мүмкін екенін болжайды.
Сонымен қатар, жаңа әлеуметтік сауалнамалар Дональд Трамптың президент ретіндегі қызметіне қолдау деңгейінің төмен екенін көрсетті. Бұл жағдай 2026 жылғы 3 қарашада өтетін АҚШ Конгресіне аралық сайлауда Республикашылдар партиясының нәтижесіне кері әсер етуі мүмкін.
Квиннипэк университеті жүргізген сауалнамаға сәйкес, респонденттердің тек 32%-ы Трамптың екінші президенттік мерзімдегі қызметін қолдайды. Ал қатысушылардың 58%-ы оның жұмысына теріс баға берген, 10%-ы пікір білдіруден бас тартқан.
Сауалнама нәтижесі бойынша, Трамптың қызметіне қолдау көрсеткіші жаңа ең төменгі деңгейге жеткен.
Зерттеуге қатысушылардың басым бөлігі АҚШ пен Иран арасындағы жалғасып жатқан қақтығысқа алаңдаушылық білдірген. Олардың пікірінше, бұл жағдай энергия ресурстары бағасының қымбаттауына, әлемдегі саяси шиеленістің күшеюіне және АҚШ-тың 18 әскери қызметшісінің қаза табуына алып келген.
Сауалнама 23–27 шілде аралығында жүргізілді. Оған 963 тіркелген сайлаушы қатысты. Статистикалық қателік көрсеткіші 4,1 пайыздық тармақты құрады.




