Астана. 3 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада басталған Жасанды интеллект бойынша III халықаралық олимпиада (IOAI 2026) жас зерттеушілер қауымдастығының дамуына тың серпін беретініне сенім білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Білім қай кезеңде де адамдарды біріктіріп, адамзатты өркениет биігіне жетелеп келеді. Сіздердің білімдеріңіз медицина, білім беру, экология және басқа да өмірлік маңызды салалардағы жаңа шешімдердің негізіне айналуы мүмкін. Мүмкін, дәл осы олимпиадада әлемді жақсы жаққа өзгертетін тың идеялар мен жобалардың іргесі қаланар», – деді Мемлекет басшысы дүйсенбі күні олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде.
Президент Қазақстанның цифрлық дамуды стратегиялық басымдық ретінде таңдағанын атап өтті.
«БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде Қазақстан 193 мемлекеттің ішінде 24-орында тұр. Жаңа технологияларды енгізуге дайындық деңгейі бойынша еліміз Орталық Азияда көш бастап келеді. Біз жасанды интеллект мемлекеттік басқарудың, экономиканың және бизнестің маңызды құралына айналған, қоғам өмірінің барлық саласын қамтитын біртұтас инновациялық экожүйе қалыптастырып жатырмыз», – деді Тоқаев.
Президент өткен жылы Бейжіңде өткен Жасанды интеллект олимпиадасында қазақстандық мектеп оқушыларының үш алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алғанын еске салды.
«Бұл – еліміз мақтан тұтатын жетістік. Ол жастарымыздың интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, дарынды жастарды тәрбиелеп жүрген барлық ұстаздар мен тәлімгерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Мемлекет басшысы.
8 тамызға дейін жалғасатын IOAI 2026 олимпиадасына әлемнің 100-ден астам елінен келген мектеп оқушылары қатысады.




