Үкімет сарапшылары Қазақстандағы халықтың қоныстану жүйесі түбегейлі өзгеріп жатқанын ашық айтып отыр. Жуырда Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығының басшысы Аяулым Сағынбаева 2050 жылға қарай ел халқының шамамен 70%-ы қалаларда тұратынын мәлімдеді. Қазірдің өзінде урбандалу деңгейі 63%-ға жеткен. Бұл үдеріс кейінгі отыз жылда агроөнеркәсіп кешенін, ауыл инфрақұрылымын, медицина мен білім беру салаларын қолдауға бағытталған 15-тен астам мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылғанына қарамастан жалғасып келеді. Ауыл халқының саны тұрақты түрде азайып, ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті де кеміп барады. Сонда бұл – урбандалудың заңды нәтижесі ме, әлде аумақтық жоспарлауда жіберілген жүйелі қателіктердің салдары ма?
ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ БЕТБҰРЫС
13 тамызда өткен Demographic Futures Survey 2026 дөңгелек үстелінде Аяулым Сағынбаева елдің алдағы демографиялық келбетін айқындайтын негізгі үрдістерге тоқталды.
Оның айтуынша, қазір бала туу көрсеткішінің төмендеуі – 1990 жылдардың соңындағы «демографиялық құлдыраудың» заңды салдары.
«Бұл жағдайға бірқатар объективті себеп әсер етіп отыр. Соның бірі – халықтың жас құрылымы. 1990 жылдардың соңында елімізде бала туу көрсеткіші ең төмен деңгейге түсіп, бір әйелге шаққанда 1,8 баладан келді. Сол кезеңде дүниеге келген ұрпақ бүгінде отбасын құрып, бала сүйетін жасқа жетті. Бірақ олардың саны аз. Оның үстіне адамның табиғи мүмкіндігінің де шегі бар. Сондықтан елімізде бала туу көрсеткішінің төмендеуі – заңды үдеріс», – деді СЖРА сарапшысы .
Аяулым Сағынбаева 2025 жылы бала туудың жиынтық коэффициенті бір әйелге шаққанда 2,5 баланы құрағанын еске салды. Қазір бұл көрсеткіш біртіндеп төмендеп келеді.
Халықаралық көрсеткіштермен салыстырғанда, бала туу коэффициенті 2,95-ті құрайтын Қазақстан ТМД мен Батыстың көптеген елінен әлі де алда. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз әлемде 59-орында .
Алайда елдегі демографиялық ахуалға табиғи өсімнен гөрі халықтың өңірлер арасында қоныс аударуы көбірек ықпал етіп отыр. Мемлекет жүргізіп отырған саясатқа сәйкес, 2050 жылға қарай қала тұрғындарының үлесін қазіргі 63%-дан 70%-ға жеткізу көзделген. Ірі қалалар мен мегаполистер ауыл тұрғындарын өзіне тартып қана қоймай, бала туу көрсеткішінің төмендеуіне де әсер етеді.
«Жаһанданудан тыс қала алмаймыз. Әлемдегі үрдістердің барлығы белгілі бір деңгейде Қазақстанға да тән. Біз гендерлік теңдікті қолдап, әйелдердің еңбек нарығына, экономика мен саясатқа белсенді араласуына жағдай жасап келеміз. Сонымен қатар халықтың қалаға шоғырлану үлесін арттыру көзделіп отыр. Мәселен, 2050 жылға қарай тұрғындардың 70%-ы қалаларда тұруы тиіс. Қазір бұл көрсеткіш 63%-ға жетті. Қала жағдайында көп балалы болуға мүмкіндік шектеулі, оған тиісті жағдай қажет. Сондықтан қазір сандық көрсеткіштерден сапалық көрсеткіштерге қарай бет алып келеміз», – деді Аяулым Сағынбаева .
Жылдың демография саласындағы басты жаңалығы – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің елдегі демографиялық ахуал туралы алғашқы Ұлттық баяндаманы әзірлеуі . Құжатта алғаш рет өңірлердің демографиялық тұрақтылық индексі ұсынылады.
Алайда қазірдің өзінде бұл көрсеткіш бойынша ең осал тұстың бірі ауылдық жерлер болатыны байқалады. Өйткені ауылдардан еңбекке қабілетті тұрғындардың көшуі барған сайын қарқын алып келеді.
ӨҢІРЛЕРДІ ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ
Ауыл халқының азаюын мемлекет бұл мәселеге бейжай қарағаннан немесе тиісті шара қабылдамағаннан болды деу – біржақты пікір. Тәуелсіздіктің 30 жылында қабылданған құжаттарға қарасақ, аграрлық сектор мен ауылдық аумақтарды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар, тұжырымдамалар мен ұлттық жобалардың саны аз болмағанын көреміз.
1990 жылдары және 2000 жылдардың басында негізгі күш ауыл шаруашылығы өндірісін қолдауға бағытталды. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын сақтап қалу міндеті Үкіметтің 1998-2000 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасында, Ауыл шаруашылығы өндірісін дамытудың 2000-2002 жылдарға арналған бағдарламасында және 2003-2005 жылдарға арналған Мемлекеттік аграрлық азық-түлік бағдарламасында көрініс тапты. Мұндай басымдықтың себебі түсінікті: ауылда жұмыс болса, халық та тұрақтайды.
2004-2018 жылдары ауылды дамытуда инфрақұрылымды кешенді жаңғыртуға басымдық беріле бастады. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Президенттің 2003 жылғы 10 шілдедегі «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлығы. Біздіңше, бұл ауыл шаруашылығының өндірістік көрсеткіштерінен гөрі ауылдағы адамның тұрмысын алдыңғы орынға шығарған алғашқы құжат болды.
Одан кейін ауылды дамытуға бағытталған бірқатар салалық бағдарлама қабылданды. Олардың қатарында «Ауыз су» (2002–2010), «Ақ бұлақ» (2011–2020), 2009 жылдан жүзеге асырылып келе жатқан «Дипломмен ауылға!», «Өңірлерді дамыту» (2011), «Агробизнес-2020/2017» бағдарламалары және Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне кіріскеннен кейін тірек ауылдарды дамытуға және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға басымдық беріле бастады. 2019 жылы «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы іске қосылды. Кейін бұл бағыт «Қуатты өңірлер» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаларында, Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында, «Ауыл аманаты» микрокредит беру бағдарламасында және 2025–2030 жылдарға арналған Өңірлік даму тұжырымдамасында жалғасын тапты.
Ірі бағдарламаларда ауылды тікелей немесе жанама түрде дамытуға қарастырылған қаржының жалпы көлемін есептесек, ондаған триллион теңге шығады. Алайда бұл соманың бәрін ауылға нақты жұмсалған қаражат деуге болмайды. Өйткені бағдарламалардың жүзеге асырылу мерзімі, қаржыландыру көздері мен бағыттары өзара тоғысып жатты, ал кейбірі қала мен ауылды қатар қамтыды.
Соған қарамастан, 2025–2030 жылдарға арналған Өңірлік даму тұжырымдамасындағы дерек мәселенің әлі де өзекті екенін көрсетеді. 2025 жылғы 1 қаңтарда еліміздегі 6 179 ауылдық елді мекенде 7,51 млн адам тұрған. Алайда жалпы халық санындағы ауыл тұрғындарының үлесі жылдан-жылға азайып келеді. Сонымен қатар ондаған ауыл тұрақты түрде таратылған немесе даму әлеуеті төмен елді мекендер санатына көшіп жатыр.
МӘСЕЛЕНІҢ ТҮЙІНІ НЕДЕ?
Ең басты сауал – осыншама қаржы бөлініп, ауылды дамытуға арналған көптеген құжат қабылданса да, Қазақстандағы ауылдар неге әлі күнге дейін халықтан айырылып барады?
Біріншіден, агроөнеркәсіп кешеніне жаңа технологиялардың енуі қол еңбегіне деген сұранысты азайтты. Соның салдарынан ауылда жұмыс таба алмаған тұрғындар басқа жаққа көшуге мәжбүр. Яғни ауыл шаруашылығы дамыған сайын ондағы жұмыс орындарының азаюы сияқты қайшылық туындап отыр.
Екіншіден, 2004–2010 жылдарға арналған Ауылдық аумақтарды дамыту мемлекеттік бағдарламасынан бастап Үкімет ауыл халқын орналастыру жүйесін оңтайландыру бағытын ресми түрде ұстанды. Елді мекендер даму әлеуетіне қарай жоғары, орта және төмен санаттарға бөлінді. Қазіргі «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 6 мыңнан астам ауылдың шамамен 3,5 мыңы тірек және серіктес ауыл ретінде іріктелген. Ауыл халқының 93%-ы осы елді мекендерде тұрады. Мектеп, жол, амбулатория салуға арналған бюджет қаражатының негізгі бөлігі де соларға бағытталады. Ал даму мүмкіндігі төмен шағын ауылдар толыққанды бюджет қаржысынан шет қалып отырған сыңайлы. Балаларының болашағын ойлаған тұрғындар мұндай елді мекендерден көшіп, ірі қалалардың маңына қоныстануға мәжбүр.
Үшіншіден, «Ауыз су», «Ақ бұлақ» және «Қуатты өңірлер» бағдарламаларына жүздеген миллиард теңге бөлінгенімен, игерілген қаражаттың едәуір бөлігі инфрақұрылымды түбегейлі жаңартуға емес, кеңестік кезеңнен қалған жүйелерді қайта-қайта жөндеуге жұмсалды. Соның нәтижесінде 2026 жылға ауылдық жерлерде Өңірлік стандарттар жүйесі бойынша әлеуметтік игіліктермен қамтамасыз ету көрсеткіші небәрі 71,7% деңгейінде белгіленген . Демек, біз дұрыс түсінген болсақ, ауыл тұрғындарының өмір сүруіне қажетті жағдайлардың үштен біріне жуығы әлі күнге дейін толық қамтамасыз етілмеген бе?
Төртіншіден, 2009 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында ондаған мың маман ауылға барғанымен, олардың дені сонда тұрақтап қалмады. Жас дәрігерлер мен мұғалімдер жеңілдетілген несие бойынша белгіленген 3–5 жылдық міндеттемесін орындағаннан кейін қалаға қайта көшіп жатыр. Оның себептері де белгілі: мәдени ортаның жоқтығы, тұрғын үй сапасының төмендігі, балалардың дамуына қажетті мүмкіндіктердің шектеулілігі. Сондықтан ауыл мектептерінің ҰБТ және PISA нәтижелері бойынша әлі де кейін қалып отырғаны, ал «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына қарамастан, ауыл медицинасына бейінді мамандардың жетіспеуі таңғаларлық жағдай емес.
Біздің ойымызша, урбандалу – уақыт талабынан туындаған заңды құбылыс. Бұл тұрғыда Қазақстан ауыл халқының үлесі біртіндеп 15–20%-ға дейін азайған дамыған елдердің жолын қайталап келеді.
Олай болса, жаңа жағдайға экономиканы дер кезінде бейімдеп, ауыл тұрғындарын тұрақты әрі жоғары табыспен қамтамасыз ету мүмкін болмаған жағдайда, бірін-бірі қайталайтын қымбат бағдарламаларды қайта-қайта қабылдаудың қаншалықты қажеті болды?
Жалпы ауыл халқының азаюын өздігінен үлкен мәселе деуге болмайды. Бірақ ауылдан халық көшкен сайын еңбек өнімділігі артып, қалған тұрғындарға лайықты жағдай жасалуы және экономикаға қосылған құн әкелетін қуатты аудан орталықтары қалыптасуы керек.




