Вашингтон. 21 тамыз. ИНТЕРФАКС – Израиль Түркияның Сириядағы әскери күшін едәуір арттыруды жоспарлағаны жөнінде сенімді барлау деректерін алған. Бұл туралы Израильдің АҚШ-тағы елшісі Йехиэль Лейтер мәлімдеді.
«Біз Түркиямен де, Сириямен де жағдайды ушықтыруға немесе соғысқа баруға мүдделі емеспіз. Алайда белгіленген шектен аттап кетті», – деді ол The Jerusalem Post басылымына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Түркияның мұндай қадамы бұған дейін жасалған уағдаластықтарды өрескел бұзу болар еді.
«Барлау ақпараты кімге жеткізілуге тиіс болса, солардың бәріне берілді. Алдағы жағдайдан хабардар болуы қажет тараптар да алдын ала білді. Біз мұның қол жеткізілген уағдаластықтарға қайшы екенін анық жеткіздік. Израильдің тиісті әрекетке баруына да осы жағдай себеп болды», – деді ол Сириядағы әуе базасына жасалған соққыға қатысты.
Лейтердің айтуынша, Түркияның әрекеті АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден билігі кезінде Израиль мен Сирия президенті Ахмед аш-Шараа әкімшілігі арасында жасалған келісімдерге қайшы келеді. Сол уағдаластықтар Сириядағы қалыптасқан әскери жағдайды өзгеріссіз сақтауды көздеген.
Елші Израиль Сирияның жағдайды ушықтыруға немесе соғысқа баруға ниетті емес екенін түсінетінін атап өтті.
«Сирия тарапының бізбен қақтығысқа мүдделі еместігі анық. Сондықтан біз Түркияны жаңа шиеленіске себеп болатын әрекеттерге бармауға шақырып отырмыз. Түркия жоспарлаған қадамдардың Сирия тарапына мәжбүрлі түрде қабылдатылғанын көрсететін бірнеше дерек бар», – деді ол.
Сонымен қатар Лейтер Сириямен тікелей келіссөздердің қайта басталуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
«Келіссөздерді қайта жалғастыруға болады. Біз Сирия тарапымен бұған дейін жүргізілген тікелей диалогты жалғастыруға мүдделіміз», – деді елші.
Ол Израильдің Түркиямен де текетіреске ұмтылмайтынын және Анкарамен келіссөз жүргізуге дайын екенін айтты.
Осы аптаның басында Израиль әскери-әуе күштері Сирияның Идлиб провинциясындағы «Абу-ад-Духур» әскери әуеайлағына соққы жасады. Израиль өкілдерінің мәлімдеуінше, Сирия аталған нысанға түрік әскерін орналастыруға келісім берген. Дамаск пен Анкара бұл ақпаратты жоққа шығарды.




