LSM сарапшы Максим Барышевтің мәлімдемесін жариялады: «Өткен жылы жаңа Салық кодексі талқыланған кезде 300 мыңға дейін кәсіпорын мен жеке кәсіпкер жұмысын тоқтатуы мүмкін деп болжаған едім. Қазірдің өзінде былтыр жұмыс істеген 200 мыңға жуық кәсіпкер қызметін тоқтатты. Бұдан бөлек, ресми түрде тіркелгенімен, іс жүзінде жұмыс істемейтін кәсіпорындар да бар. Олар есеп тапсырмайды әрі салық төлемейді. Бұл санаттағы кәсіпкерлерді де назардан тыс қалдырмау керек деп есептеймін. Оларды да есепке алсақ, елдегі нақты кәсіпкерлік белсенділік Ұлттық экономика министрлігі жариялап отырған көрсеткіштен әлдеқайда төмен болып шығады. Меніңше, жыл соңына қарай қызметін тоқтатқан кәсіпорындар саны 300 мыңға жетуі мүмкін», – деді Максим Барышев.
Еуразия24 пікірі:
«Учет.kz» сервисінің негізін қалаушы, Respublica партиясының тең төрағасы әрі Құрылтай депутаттығына кандидат Максим Барышев бұл мәселені 2025 жылдың ақпанында-ақ көтерген еді . Ол ҚҚС мөлшерлемесін күрт өсіру және ҚҚС бойынша тіркеу шегін төмендету шағын бизнестің шығынын көбейтіп, бірқатар кәсіпкерді көлеңкелі экономикаға кетуге мәжбүр етуі мүмкін екенін ескерткен. Ал 2025 жылы 26 маусымда Парламент жаңа Салық кодексін қабылдағаннан кейін Барышев президентке үндеу жасап, құжатты қайта қарауды сұрады . Сол кезде ол жеңілдетілген салық режиміндегі кәсіпкерлерге B2B қызмет көрсетуге қойылған шектеулердің салдарынан 200 мыңға дейін компания жабылуы мүмкін екенін айтқан.
Ал Ұлттық экономика министрлігінің деректері елдегі кәсіпкерлік белсенділік туралы қандай көрініс береді? Министрліктің мәліметінше, биылғы жылдың бірінші тоқсанда 207,9 мың жеке кәсіпкер қызметін тоқтатқан .
Бір қарағанда, бұл Барышев айтып отырған көрсеткішке өте жақын. Алайда Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 207,9 мың кәсіпкердің барлығын бизнестен біржола кетті деп есептеуге болмайтынын атап өтті. Олардың 39,2 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамту тәртібіне көшкен, 11,8 мыңы басқа компанияларда басшылық қызмет атқарған. Ал 94,2 мың жеке кәсіпкердің 2025 жылы мүлде табысы болмаған.
Бұдан бөлек, Ұлттық экономика министрлігі бизнестегі қазіргі жағдайды бағалау үшін басқа деректі негізге алады . 2026 жылдың алғашқы үш айында 62 557 кәсіпкерлік субъектісі жұмысын уақытша тоқтатқан. 2025 жылдың сәйкес кезеңінде мұндай 25 561 жағдай тіркелсе, 2024 жылдың бірінші тоқсанында олардың саны 29 690 болған. Ал ресми есепте қазір 184 906 белсенді емес кәсіпорын бар. Олардың арасында бірнеше жылдан бері жұмыс істемей тұрған компаниялар да болуы мүмкін.
Осы деректерді салыстырсақ, Максим Барышев көтерген мәселеге негіз бар екенін көруге болады. Кәсіпкерлік белсенділіктің төмендегенін көрсететін белгілер байқалады. Алайда оның атаған сандарын бизнестен нақты кеткен кәсіпкерлердің саны ретінде қабылдамас бұрын, ресми статистиканың қалай қалыптасқанын және әр санатқа қандай кәсіпкерлер кіретінін жеке қарастырған жөн.




