Қазақстанның Ішкі істер министрлігі хабарлайды:
«Бүгіннен, яғни 25 тамыздан бастап Қазақстанда электрлі самокатпен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынды. Мұндай шешімнің қабылдануына не себеп? Бұл мәселені қоғам өкілдері көптен бері көтеріп келеді. Әсіресе балалар, қарттар мен бала арбасымен жүрген ата-аналар үшін тротуардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттігі жиі айтылып жүр. Мұндай өзгерістің қажеттігін статистика да көрсетіп отыр. Жыл басынан бері электрлі самокаттардың қатысуымен 139 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, екі адам қаза тапқан. Бұл ретте электрлі самокаттарға толық тыйым салынып отырған жоқ. Жаңа талаптарда олармен қай жерде және қандай тәртіппен жүруге болатыны нақты белгіленді. Полиция жаңа ережелердің бүкіл ел аумағында сақталуын қамтамасыз етуге дайын. Бақылау тек көшеде қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерімен шектелмейді. Бұл мақсатта бейнебақылау камералары, құқық бұзушылықты тіркейтін техникалық құралдар мен дрондар пайдаланылады. (…) Кикшеринг қызметін көрсететін компанияларға да жеке талаптар қойылды. Барлық оператор жаңа талаптардан хабардар және заңда көзделген жауапкершілікті көтереді. «Басты міндетіміз – жаңа ережелердің іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету. Жаяу жүргіншілер тротуарда өздерін қауіпсіз сезініп, электрлі самокаттардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары барынша азаюы тиіс».
Еуразия24 пікірі:
25 тамыздан бастап Қазақстанда электрлі самокат тізгіндегендерге қойылатын талаптар айтарлықтай күшейді. Электрлі самокат мінгендер веложол мен велосипед жолағы бар жолдармен жүруге міндетті. Ал мұндай жол қарастырылмаған жағдайда көлік жолының оң жақ шетімен немесе жол жиегімен қозғалуға болады. Бірақ көлік жолына 18 жасқа толған және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана шыға алады. Қорғаныш дулығасын тағу да міндетті. Самокатпен жолаушы мінгізуге және жүк тасуға тыйым салынады. Жаяу жүргіншілер өткелінен өткенде самокаттан түсу қажет. Қараңғы уақытта көлік жолымен жүрген кезде жарық шағылыстыратын белгілер болуы тиіс. Кикшеринг қызметін көрсететін компанияларға да қосымша міндеттер жүктелді. Олар самокаттарды тіркеуге, сақтандыруға, пайдаланушыларды сәйкестендіруге және қозғалыс жылдамдығын бақылауға тиіс. Алайда жаңа талаптар жол-көлік оқиғаларын шынымен азайта ала ма деген сұрақ туындайды. Самокаттарды тротуардан веложол мен көлік жолына шығарудың өзі апат санын бірден азайтады деу қиын. Ол үшін алдымен қалаларда бір-бірімен жалғасқан, қауіпсіз әрі көпшілік тұрақты пайдалана алатын веложолдар жеткілікті болуы қажет. Өйткені самокатпен автомобильдер жүретін жолға шығудың өзі үлкен қауіп тудырады. Сондықтан жаңа шектеулерден кейін жол-көлік оқиғаларының статистикасы қалай өзгеретінін уақыт көрсетеді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тыйымдар мен шектеулердің өзі жеткіліксіз, оған қолайлы жол инфрақұрылымы да қажет.




