Мәскеу. 26 тамыз. ИНТЕРФАКС – Ұлыбританиялық финтех-стартап Revolut еуро бағамына байланған EURR стейблкоинын айналымға шығарды. Бұл туралы Bloomberg компанияның мәлімдемесіне сүйеніп хабарлады.
EURR токенін америкалық Stripe компаниясына тиесілі Bridge шығарады. Сондай-ақ Bridge стейблкоинның тұрақтылығын қамтамасыз ететін резервтік активтерді сақтап, басқарады.
Алғашқы кезеңде жаңа стейблкоин Дания, Польша және Португалиядағы Revolut клиенттерінің шектеулі тобына қолжетімді болады. Компания биыл жыл соңына дейін оны Еуропалық экономикалық аймақтың басқа нарықтарына да шығаруды жоспарлап отыр.
EURR Revolut қосымшасына енгізіледі. Соның арқасында пайдаланушылар еуроны криптовалютаға және криптовалютаны еуроға блокчейн арқылы тікелей айырбастай алады.
Компания EURR-ды стейблкоиндар нарығындағы жаңа стратегиясының алғашқы қадамы деп атады. Алдағы уақытта Revolut басқа валюталардың бағамына байланған токендер де шығаруды жоспарлап отыр.
«Revolut өз жұмысын валюта айырбастаудағы жасырын комиссиялар мен түрлі кедергілерді жоюдан бастады. Енді криптовалюта саласында да осы бағытты жалғастырып жатырмыз», – делінген компания мәлімдемесінде.
Finance Magnates ресми құжаттарға сүйеніп, EURR 20 тамызда айналымға шығарылғанын және Revolut Euro атауымен ұсынылып жатқанын хабарлады. Стейблкоин Revolut-тың жеке клиенттерге арналған қосымшасында және Revolut X криптовалюта биржасында қолжетімді.
Сейсенбідегі жағдай бойынша айналымда небәрі 374 EURR болған. Оны қамтамасыз ететін резерв көлемі де 374 еуроны құрады.
Revolut компаниясын 2015 жылы Лондонда Николай Сторонский мен Владислав Яценко құрған. Сторонский – Мәскеу физика-техникалық институты мен Ресей экономикалық мектебінің түлегі. Қазір компания әлем бойынша 80 млн-нан астам жеке клиентке және 800 мың бизнеске қызмет көрсетеді. 30-дан астам елде банк ретінде жұмыс істейді.
2024 жылы Revolut құны 45 млрд долларға бағаланып, Еуропадағы ең қымбат жекеменшік технологиялық компания атанды. Өткен жылы оның бағасы 75 млрд долларға дейін өсіп, компания бұл мәртебесін сақтап қалды.




