АСТАНА. 7 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық әдебиетті дамытуға айрықша үлес қосқан жазушы Валерий Михайловты І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысы Қазақстанның халық жазушысы Валерий Михайловты 80 жасқа толуымен құттықтап, жеделхат жолдады.
«Туа біткен дарыныңыз бен тынымсыз еңбегіңіз шығармашылық жолыңызда биік белестерді бағындыруға мүмкіндік берді. Саналы ғұмырыңыздың елеулі бөлігін еліміздің беделді басылымдарына арнап, «Казахстанская правда» газеті мен «Простор» журналына басшылық еттіңіз. Адамгершілік қасиетіңіз бен берік ұстанымыңыздың арқасында әріптестеріңіз бен қалың жұртшылықтың зор құрметіне ие болдыңыз», — деп жазды Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қаламгердің шығармалары бірнеше буын оқырманның рухани қазынасына айналғанын атап өтті. Оның туындылары бүгінде Қазақстан әдеби мұрасының бір бөлігіне айналды.
Валерий Михайлов 7 қыркүйекте 80 жасқа толды. Журналист әрі жазушыға 2024 жылы Қазақстанның халық жазушысы атағы берілген.
Қаламгердің Алматы мен Мәскеуде жиырмаға жуық жыр жинағы жарық көрген. Өлеңдері бірнеше тілге аударылған.




