МӘСКЕУ. 7 қыркүйек. ИНТЕРФАКС — Дүйсенбі күні мұнайдың әлемдік бағасы өсуін жалғастырды. Лондондағы ICE Futures биржасында Brent маркалы мұнайдың қараша айына арналған фьючерстері барреліне 97,49 доллардан саудаланды. Бұл алдыңғы сауда қорытындысымен салыстырғанда 1,21 долларға немесе 1,26%-ға жоғары.
Нью-Йорк тауар биржасындағы (NYMEX) электронды саудада WTI мұнайының қазан айына арналған фьючерстері 0,85 долларға немесе 0,93%-ға қымбаттап, барреліне 92,33 долларға жетті.
Өткен аптада Brent бағасы 7,6%-ға, WTI шамамен 10%-ға өсті. Бағаның көтерілуіне Таяу Шығыстан мұнай жеткізуде іркіліс болуы мүмкін деген алаңдаушылық әсер етіп отыр.
Өткен сенбіде АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) америкалық әскерилердің Иран Ислам революциясы сақшылар корпусымен (ИРСК) байланысы бар үш танкерге шабуыл жасағанын хабарлады. Бұған дейін ИРСК АҚШ-тың әуе тасымалдағыш кемесі мен зымырандық эсминецін зымыранмен атқылауға әрекет жасаған.
Иранның IRIB телерадиокомпаниясының мәліметінше, бұған жауап ретінде Иран әскері АҚШ-пен байланысы бар алты сауда кемесіне бірнеше рет соққы жасаған. Олардың қатарында Ормуз бұғазы мен Парсы шығанағындағы үш танкер бар.
Marisks сарапшылары кемелерге жасалған шабуылдар қақтығыстың ушыға түскенін көрсететінін атап өтті.
«Бұрын әскери қақтығыстар мен коммерциялық кеме қатынасы бір-бірінен бөлек қарастырылса, енді сауда танкерлері өзара экономикалық қысым жасау құралына айналып отыр», — дейді сарапшылар.
Goldman Sachs сарапшыларының болжамынша, кемелерге шабуыл жиілесе, мұнай бағасы барреліне 120 долларға дейін көтерілуі мүмкін.




