МӘСКЕУ. 8 қыркүйек. ИНТЕРФАКС — Германияның Volkswagen (VW) автоконцерні шығындарын азайту мақсатында активтерін қайта қарап, мотоцикл шығаратын Ducati компаниясын сату мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп жазады Bloomberg.
Италиялық бренд Volkswagen иелігіндегі 600 кәсіпорынның қатарында. Олардың қызметіне қазір талдау жүргізіліп жатқанын VW тобына кіретін Audi компаниясының бас директоры Гернот Дёлльнер Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында айтты.
Оның сөзінше, Ducati-дің болашағын талқылау Volkswagen-дегі бизнестің тиімділігін бағалау жұмыстарының бір бөлігі. Концерн активтерді басқаруда қаржылық тәртіп пен жауапкершілікке басымдық беріп отыр. Әзірге Ducati-ге қатысты нақты шешім қабылданған жоқ.
Bloomberg Intelligence сарапшысы Майкл Диннің есебінше, супербайк өндірушінің құны шамамен 1,25 млрд еуро болуы мүмкін. Бұл баға осы саладағы басқа компаниялардың нарықтық құнымен салыстыра отырып есептелген.
Ducati компаниясын 1926 жылы Болоньяда ағайынды Адриано, Бруно және Марчелло Дукати құрған. Алғашында компания радиотехника шығарумен айналысқан. Мотоцикл өндірісін Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ғана қолға алды. Қазір кәсіпорын жылына шамамен 50 мың мотоцикл шығарады. Былтыр компанияның кірісі 925 млн еуро, операциялық пайдасы 52 млн еуро болды.
Audi Ducati-ді 2012 жылы сатып алған. Италиялық брендті сату мәселесі 2017 жылы да көтерілген еді. Сол кезде америкалық Harley-Davidson Inc. компанияны сатып алуға қызығушылық танытқан.
Volkswagen шығындарын қысқартып, бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін өз активтерін түгелдей қайта қарап жатыр. Қыркүйек айының басында концерннің бақылау кеңесі бизнесті қайта құру жоспарын бекітті. Жоспарда қызметкерлер санын едәуір қысқарту, шығарылатын модельдер қатарын екі есеге азайту және Германиядағы бірнеше зауытты жабу мүмкіндігі қарастырылған.




