ДУБАЙ. 12 қыркүйек. ИНТЕРФАКС – Сауд Арабиясының «Шығыс – Батыс» мұнай құбырына дрондармен жасалған шабуыл Ирактың Майсан провинциясынан басталған. Бұл туралы Ирак премьер-министрі Али әз-Заиди мәлімдеді.
Al Jazeera телеарнасының хабарлауынша, шабуылдың Майсан провинциясындағы әскери қолбасшылық жауап беретін аумақтан жасалғаны анықталғаннан кейін өңірдегі операцияларға жауапты қолбасшы қызметінен шеттетілді.
Премьер-министр аппараты провинциядағы жедел басқару қолбасшылығының қызметін тексеру үшін арнайы комиссия құруды да тапсырды.
Ирак премьер-министрі кеңсесінің өкілі Сабах әл-Нуман Бағдадтың Сауд Арабиясына қарсы жасалған шабуылдарды айыптайтынын мәлімдеді.
«Ирак үкіметі бауырлас Сауд Арабиясы Корольдігіне бағытталған шабуылдарды айыптайды. Корольдіктің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қатер төндіретін немесе екі ел арасындағы берік бауырластық қарым-қатынасқа нұқсан келтіретін кез келген әрекетке қарсымыз», – деді ол.
Сабах әл-Нуман Бағдадтың Эр-Риядтың болған оқиғаға қатысты ұстанымын құптайтынын да айтты.
Бұған дейін Сауд Арабиясының мемлекеттік ақпарат агенттігі Энергетика министрлігінің өкіліне сілтеме жасап, «Шығыс – Батыс» мұнай құбырының жұмысы тоқтатылғанын хабарлаған.
Министрлік мәліметінше, 10 қыркүйек күні таңертең Эр-Рияд пен Миданах өңірлерінде мұнай құбырына бірнеше рет шабуыл жасалған. Осыдан кейін қауіпсіздік мақсатында құбыр арқылы мұнай тасымалдау уақытша тоқтатылды.
Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрлігі әзірге қарымта соққы жасамау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Эр-Рияд осылайша Ирак билігіне өз аумағынан Сауд Арабиясына шабуыл жасалуына жол бермеу үшін қажетті шаралар қабылдауға мүмкіндік бермек.




