Евразия24ЖаңалықтарЕуропа биржаларында индекстердің басым бөлігі төмендеді

Еуропа биржаларында индекстердің басым бөлігі төмендеді

|

|

ЛОНДОН. 14 қыркүйек. ИНТЕРФАКС – Дүйсенбіде Еуропаның негізгі қор индекстерінің басым бөлігі төмендеп жатыр. Тек Ұлыбритания нарығында өсім байқалды.

Өңірдегі ірі компанияларды қамтитын Stoxx Europe 600 индексі Мәскеу уақытымен 12:49-да 0,3%-ға төмендеп, 637,19 тармақ болды.

Германияның DAX индексі 0,55%-ға, Францияның CAC 40 индексі 0,76%-ға, Италияның FTSE MIB индексі 1,17%-ға, Испанияның IBEX 35 индексі 0,85%-ға төмендеді. Ал Ұлыбританияның FTSE 100 индексі 0,66%-ға өсті.

Нарықтағы құлдырауға ең алдымен технологиялық компаниялар акцияларының арзандауы әсер етті. Инвесторлар жасанды интеллект саласына қомақты қаржы салып жатқан компаниялардың алдағы мүмкіндігіне алаңдап отыр. Бұған дейін Anthropic бас директоры Дарио Амодеи қауіпсіздік мәселесін алға тартып, жасанды интеллект модельдерін жетілдіру қарқынын баяулатуға шақырған. Оның ұсынысын xAI басшысы Илон Маск пен OpenAI басшысы Сэм Альтман да қолдады.

Әлемдік нарықтағы жағдайға мұнай бағасының қайта көтерілуі де әсер етіп отыр. Ормуз бұғазы маңында танкерлерге жаңа шабуылдар жасалғаны және Сауд Арабиясындағы «Шығыс – Батыс» мұнай құбырының жұмысы тоқтағаны туралы хабарлардан кейін мұнай қымбаттады. Соның салдарынан инвесторлар тәуекелі жоғары активтерге сақтықпен қарай бастады. Энергия ресурстарының қымбаттауы инфляцияның қайта үдеуіне қатысты алаңдаушылықты күшейтіп, орталық банктер ақша-кредит саясатын одан әрі қатаңдатуы мүмкін деген болжамды арттырды.

Осы аптада инвесторлар Франция, Ұлыбритания және Еуроодақтағы тамыз айының инфляция көрсеткіштеріне назар аударады. Нарық үшін АҚШ Федералдық резерв жүйесі мен Англия банкінің отырыстары да маңызды болмақ. Олардың қорытындысы тиісінше сәрсенбі және бейсенбі күндері жарияланады. Сарапшылардың басым бөлігі ФРЖ негізгі мөлшерлемені көтереді, ал Англия банкі оны қазіргі деңгейде сақтайды деп болжап отыр.

Stoxx 600 құрамында жартылай өткізгіш өнімдерін шығаратын компаниялардың акциялары қатты арзандады. ASM International акциялары 9,1%-ға, Infineon Technologies – 8,3%-ға, BE Semiconductor Industries – 7%-ға, STMicroelectronics – 6%-ға төмендеді.

Тау-кен компанияларының да акциялары арзандап жатыр. Antofagasta 4,9%-ға, Fresnillo 3,5%-ға, Glencore, BHP және Anglo American 3,1%-дан, Endeavour Mining 2,8%-ға, Rio Tinto 2,7%-ға төмендеді.

Ал Stoxx 600 құрамында Capgemini акциялары 5,6%-ға қымбаттап, ең жоғары өсім көрсетті. Бұған дейін француздық IT-қызметтер жеткізушісі мемлекеттік секторға арналған шешімдер әзірлейтін бөлімшесін америкалық ITC Federal компаниясына сататынын хабарлаған.

Денсаулық сақтау саласына арналған бағдарламалық өнімдер мен талдау құралдарын әзірлейтін нидерландтық Wolters Kluwer акциялары 5,4%-ға өсті. Бұған TD Cowen сарапшыларының компания акцияларын «сатып алу» санатына жатқызып, мақсатты бағасын 100 еуро деп белгілеуі әсер етті.

Бухгалтерлік есеп пен бизнесті басқаруға арналған бағдарламалар әзірлейтін британдық Sage Group компаниясының акциялары 5,3%-ға қымбаттады. Компания жұма күні 2028 жылғы ақпанда өтелуге тиіс жалпы құны 500 млн еуро болатын борыштық бағалы қағаздарын мерзімінен бұрын сатып алатынын мәлімдеген.

Италиялық Davide Campari-Milano компаниясының акциялары 5,1%-ға өсті. Morgan Stanley сарапшылары компания акцияларының рейтингін «нарық деңгейінен» «нарықтан жоғары» деңгейіне көтерді.

Мұнай компанияларының акциялары да қымбаттап жатыр. Shell акциялары 1,4%-ға, BP – 1,2%-ға, Equinor – 0,9%-ға, TotalEnergies – 0,8%-ға, Eni – 0,5%-ға өсті.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қазақстан екінші АЭС құрылысы жөнінде Қытаймен келіссөз жүргізіп жатыр – Энергетика министрі

Қазақстан Қытайдың ұлттық атом компаниясымен елдегі екінші атом электр станциясын салу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов хабарлады.

Путин Ресейдің өзге елдермен ынтымақтасуға мүдделі екенін, ешкімге қоқан-лоқы көрсетпейтінін айтты

Ресей президенті Владимир Путиннің айтуынша, Ресей өзге елдерге бұрын да қоқан-лоқы көрсетпеген, қазір де көрсетіп отырған жоқ. Ол елінің басқа мемлекеттермен ынтымақ орнатуға мүдделі екенін айтты.

Литва мен Германия қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

Литва қорғаныс министрі Робертас Каунас пен Германия қорғаныс министрі Борис Писториус Берлинде қорғаныс саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойды. Бұл туралы сәрсенбі күні Литва Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

АҚШ-тағы сайлау нәтижесі Вашингтон мен Брюссельдің қарым-қатынасын өзгерте ме?

АҚШ-тағы аралық сайлауда Республикалық партияның жеңілуі Вашингтон мен Еуроодақ арасындағы қатынас өздігінен жақсарады деген сөз емес. Бұл туралы сәрсенбі күні Bloomberg агенттігі дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.