ДУБАЙ. 14 қыркүйек. ИНТЕРФАКС – Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) «Кудс» арнайы жасағы командирлерінің бірі, қаржы мәселелеріне жауапты Абдула Реза Шахлаи хуситтердің Йеменнің батыс жағалауындағы шабуылын ұйымдастыруға тікелей қатысқан. Бұл туралы The National дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Йемен қауіпсіздік қызметіндегі дереккөздің айтуынша, Шахлаи Баб-эль-Мандеб бұғазына жақын аудандардағы операция кезінде сол жерде болған.
«Ол оқиға орнында болып, операцияға тікелей қатысты», – деді дереккөз.
Оның сөзінше, ИРСК-ның басқа да өкілдері хуситтермен бірге болып, әскери операцияларға көмектескен.
АҚШ Шахлаиды 2011 жылы террористер тізіміне енгізген. Вашингтон оның қаржылық қызметі, байланыстары мен көмекшілері туралы мәлімет үшін 15 млн доллар сыйақы ұсынған. АҚШ тарапы Шахлаи хуситтер бақылауындағы Йемен астанасы Санада жүр деп есептейді.
The Washington Post 2020 жылғы қаңтарда АҚШ әскері Шахлаиды Йеменде өлтіруге әрекет жасағанын жазған. Бұл операция 2020 жылғы 3 қаңтарда Иранның «Кудс» арнайы жасағының қолбасшысы Қасем Сүлеймани қаза тапқан күні жүргізілген.
The National Тегерандағы дереккөзге сүйеніп, АҚШ пен Израильдің Иранға шабуылынан кейін Тегеран мен хуситтер арасындағы әскери байланыстың күшейгенін де хабарлады.
«Иранға қарсы соғыс басталғалы өзара іс-қимыл едәуір күшейді. Өйткені бұл жолы мәселе елдің өмірлік мүддесіне тіреліп отыр. Қазір ортақ үйлестіру орталығы жұмыс істейді деуге болады», – деді дереккөз.
Оның айтуынша, хуситтердің өз алдына қойған саяси және әскери мақсаты бар. Соған қарамастан, АҚШ-тың назары Иранға, ал Израильдің назары Ливан мен Иордан өзенінің Батыс жағалауына ауған қазіргі кезеңді олар Тегеранмен ынтымақтастықты күшейтуге қолайлы мүмкіндік ретінде қарастырып отыр.
«Йемендегі қазіргі жағдай Тегеранның қолына ықпалды қысым тетігін берді. Иран іс жүзінде әлемдік теңіз қатынасы үшін аса маңызды екі бұғазға ықпал ету мүмкіндігіне ие болды», – деді ол.
«Енді мұны АҚШ пен Иран арасындағы соғыс деп қана қарастыруға болмайды. Қақтығыс бүкіл өңірді қамтып, бірнеше бағытта қатар жүріп жатыр», – деп түйіндеді дереккөз.
Бұған дейін Ирактың әскери өкілі Сауд Арабиясындағы стратегиялық маңызы бар «Шығыс – Батыс» мұнай құбырына «хуситтерді қолдау мақсатында» шабуыл жасалғанын айтқан. Осыдан кейін мұнай құбырының жұмысы уақытша тоқтатылды.
Өңірдегі дереккөздердің мәліметінше, хуситтер жуырда Иранның араағайындығымен аты аталмаған бір елдің өкілдерімен келіссөз өткізген. Тараптар сол елдің кемелеріне Баб-эль-Мандеб бұғазы мен Қызыл теңіз арқылы Суэц каналына дейінгі бағытта шабуыл жасамау мәселесін талқылаған. Дереккөздердің бірі келіссөз нәтижесінде тараптар негізгі мәселелер бойынша ортақ мәмілеге келгенін айтты.
Йемендегі қарулы қақтығыс 2014 жылы басталды. 2022 жылдан кейін ұрыс біршама бәсеңдеген еді. Алайда 2026 жылғы шілдеден бастап үкімет әскері мен хуситтер арасындағы шайқас елдің әр өңірінде қайта күшейді.
Өткен аптада хуситтер ірі шабуыл жасап, Йеменнің Қызыл теңіз бойындағы жағалауын түгелдей, Баб-эль-Мандеб бұғазына іргелес аумақтарды, сондай-ақ Перим мен Зукар аралдарын бақылауына алды.




