АСТАНА. 15 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – QazaqGaz, Hyundai Engineering және SICIM Kazakhstan Қазақстанның батысында газ өңдеу зауытын салу туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Келісімдер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Hyundai Motor Group президенті әрі стратегия және жоспарлау бөлімінің басшысы Сунг Киммен кездесуі аясында алмасылды.
Кездесуде Қазақстан мен компания арасындағы инвестициялық, өнеркәсіптік және технологиялық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ елде жаңа ірі жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.
Сунг Ким Hyundai Motor Group-тың Қазақстандағы қызметін одан әрі кеңейтуге ниетті екенін айтты. Сонымен қатар мұнай-газ саласы, өнеркәсіп және инфрақұрылым бағыттарындағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін жеткізді.
Бұған дейін Hyundai Engineering Co., Ltd. және SICIM Kazakhstan LLP компанияларынан құралған консорциум Қарашығанақтағы газ өңдеу зауытының EPC-мердігері болып таңдалған еді. 2026 жылғы шілденің басында консорциум QazaqGaz компаниясынан зауыт құрылысына келісімшарт берілгені туралы ресми хат (Letter of Award, LOA) алды.
Қарашығанақ – әлемдегі ең ірі мұнай-газ кен орындарының бірі. Мұндағы мұнай қоры 1,2 млрд тоннаға, газ қоры 1,35 трлн текше метрге бағаланады. Кен орнын игеру 1997 жылы 40 жылға жасалған өнімді бөлу туралы келісім негізінде жүзеге асырылады.
Қарашығанақты Karachaganak Petroleum Operating B.V. халықаралық консорциумы игеріп жатыр. Жобада Shell компаниясының үлесі – 29,25%, Eni – 29,25%, Chevron – 18%, «ЛУКОЙЛ» – 13,5%, «ҚазМұнайГаз» – 10%. Shell өз үлесіне еншілес «Би Джи Карачаганак Лимитед» компаниясы арқылы иелік етеді.
QazaqGaz Қазақстанның ішкі және сыртқы газ нарығында мемлекет мүддесін білдіреді. «Самұрық-Қазына» қорының құрамына кіретін компания магистральдық газ құбырлары мен тарату желілері арқылы тауарлық газ тасымалдау инфрақұрылымын басқарады.
Hyundai Engineering – Hyundai Motor Group құрамындағы Оңтүстік Кореяның ірі халықаралық EPC-мердігері. Компания жобалау, жабдықтар мен материалдарды сатып алу және құрылыс жұмыстарын бір кешенде атқарып, ірі өнеркәсіп нысандарын толық іске қосуға маманданған.
SICIM Kazakhstan LLP – мұнай-газ нысандарын салу және оларға қызмет көрсетуге маманданған италиялық ірі EPC-компания.




