Евразия24ЖаңалықтарҚазақстан 2027 жылы 96 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр

Қазақстан 2027 жылы 96 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр

|

|

Астана. 17 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстанда 2027 жылы 96 млн тонна мұнай өндіру жоспарланып отыр. Кейінгі жылдары бұл көрсеткіш 99–100 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Бұл туралы Құрылтайда 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы таныстырылғаннан кейін өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді.

2027–2029 жылдарға арналған бюджет жобасында мұнай өндірісінің қандай көлемі ескерілгені туралы Интерфакс-Қазақстан тілшісінің сұрағына Азамат Әмрин: «Биыл мұнай өндірісі 100,5 млн тонна болады деп есептеген едік. Алайда жыл қорытындысында шамамен 96 млн тонна өндіріледі. Келесі жылға да осы көлем белгіленіп отыр. Ал одан кейін өндірісті 99–100 млн тоннаға дейін жеткізу көзделген», – деп жауап берді.

Кейін вице-министр нақты көрсеткіштерді атады. Оның айтуынша, 2026 және 2027 жылдары мұнай өндірісі 96 млн тоннадан болады. 2028 жылы 99 млн тонна, ал 2029 жылы 100,1 млн тонна өндіру жоспарланған.

«Бұл көрсеткіштердің болжамды екенін атап өткім келеді», – деді ол.

Мұнай өндірісін қалай арттыру жоспарланып отырғаны туралы сұраққа Азамат Әмрин жаңа ұңғымалар саны көбейетінін және Теңіз кен орнындағы Болашақ кеңейту жобасының нәтижесінде өндіріс көлемі артатынын айтты.

«Ұңғымалар саны көбейіп келеді. ТШО-ның Болашақ кеңейту жобасы да өндіріс көлемін арттырады», – деді вице-министр.

Бұған дейін Қазақстанның 2027 жылға арналған бюджет жобасында мұнайдың бір баррелі 70 доллар, ал АҚШ долларының бағамы 480 теңге болады деген есеп қолданылғаны хабарланған.

Айта кетейік, Энергетика министрлігі биылғы мұнай өндірісіне қатысты болжамын бірнеше рет төмендетті. Бастапқыда 2026 жылы 100,5 млн тонна мұнай өндіру жоспарланған болатын. Кейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қаспий құбыр консорциумының (ҚҚК) инфрақұрылымына 2026 жылғы қаңтарда жасалған шабуылдар мен Теңіз кен орнындағы жағдайға байланысты болжамның 98 млн тоннаға дейін төмендетілгенін мәлімдеді. Жыл басында Теңіздегі электр станциясында трансформаторлар өртеніп, кен орнында мұнай өндіру уақытша тоқтатылған еді.

Тамыз айының соңында Энергетика министрлігі жыл бойы ҚҚК нысандарына дрон шабуылдарының жалғасуына байланысты болжамды тағы да төмендетіп, 96 млн тоннаға түсірді.

2025 жылы Қазақстанда 99,6 млн тонна мұнай өндірілген.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Тоқаев пен Абдалла II Қазақстан мен Иорданияның саяси және экономикалық байланыстарын дамыту мәселелерін талқылады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Иордания королі Абдалла II-мен келіссөз жүргізді, деп хабарлады қазақстандық көшбасшының баспасөз қызметі.

Англия банкі негізгі мөлшерлемені жылдық 4%-ға дейін көтерді

Англия банкі негізгі пайыздық мөлшерлемені 25 базистік тармаққа көтеріп, жылдық 4%-ға жеткізді, делінген Ұлыбритания Орталық банкінің хабарламасында. Шешім экономистер мен талдаушылардың көпшілігінің күтімімен сәйкес келді.

Еуропада 15 жолаушылар ұшағына жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабарламалар түсті

Еуропа елдерінде 15 авиалайнердің бортында жарылғыш құрылғылар болуы мүмкін деген хабарламалар түсіп, олардың жалған екені анықталды, деп хабарлайды бейсенбі күні Sky News телеарнасы.

Еурокомиссия Украинаға қаржылық көмек ретінде және қорғаныс қажеттіліктеріне 4,36 млрд евро бөледі

Еуропалық комиссия (ЕК) бейсенбі күні несиелік қолдау бағдарламасы шеңберінде Украинаға 4,36 млрд евро бөлінгенін жариялады. «Бүгін 4,36 млрд евро бөле отырып, біз Украинаға өмірлік маңызы бар мемлекеттік қызметтерді қамтамасыз етуге және шұғыл қорғаныс міндеттерін шешуге көмектесеміз», — деп мәлімдеді Еуропалық комиссияның төрайымы Урсула фон дер Ляйен.