LSM агенттігі хабарлайды: «2026 жылғы Fintech in Kazakhstan зерттеуіне сәйкес, Қазақстандағы тұтынушылық төлемдердің жалпы көлеміндегі қолма-қол ақшаның үлесі 12%-ды құрайды. АҚШ-та бұл көрсеткіш – 11%, Ұлыбританияда – 10%, Бразилияда – 17%. Ең төмен көрсеткіш Норвегияда тіркелген – 4%. Қытай мен Швецияда қолма-қол ақшаның үлесі 5%-дан, Оңтүстік Кореяда 7%-ды құрайды. Зерттеуде қолма-қол ақшасыз тұтынушылық төлемдердің үлесі бойынша Қазақстан әлемдегі жетекші цифрлық экономикалардың деңгейіне жеткені атап өтілген. Ақшалай көлемі бойынша барлық транзакциялардың шамамен 80%-ы әлі де интернет және мобильді банкинг арқылы жүзеге асырылады. Бұл – ірі көлемдегі есеп айырысудың негізгі арнасы. Транзакциялар саны бойынша QR-төлемдердің үлесі шамамен екі есе өсті, ал операциялар көлеміндегі үлесі 10%-ды құрады. Осылайша, QR-төлемдер күнделікті бөлшек саудадағы шағын сомалы сатып алулар үшін негізгі төлем тәсілдерінің біріне айналды. 2026 жылы қаңтар-мамыр аралығында QR-төлемдер арқылы жасалған операциялардың көлемі 17 млрд долларға немесе 8 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш екінші жыл қатарынан POS-терминалдар арқылы жүргізілген операциялар көлемінен асып отыр. POS-терминалдардағы айналым осы кезеңде 16 млрд доллар немесе 7,5 трлн теңгені құрады».
Еуразия24 пікірі:
Қазақстан шынымен де қолма-қол ақшадан қолма-қол ақшасыз төлемдерге қарқынды көшіп жатқан елдердің біріне айналды. Алайда Қазақстанның көрсеткіштерін АҚШ және Ұлыбританиямен салыстырғанда абай болған жөн. Өйткені зерттеу авторларының өздері халықаралық және қазақстандық көрсеткіштер әртүрлі әдістеме бойынша есептелгенін ескертеді . Халықаралық көрсеткіштер POS-терминалдардағы операциялар мен сауалнама нәтижелеріне негізделсе, Қазақстан бойынша көрсеткіш карточкалық операциялардың жалпы құнындағы қолма-қол ақшасыз транзакциялардың үлесін көрсетеді. Сондықтан бұл жерде Қазақстан төлем жүйесін цифрландыру деңгейі бойынша Батыс елдерін толық қуып жетті деуден гөрі, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу көрсеткіштері шамалас деңгейге жетті деген тұжырым орындырақ. Ал біз үшін Қазақстандағы цифрландырудың не себепті осындай жоғары қарқын алғаны қызығырақ. Мұның бір себебі елдегі бес ірі банктің банк активтерінің 69%-ын иеленуінде болуы мүмкін. Ірі банктер қуатты экожүйелер құруға, мобильді банкингті барынша ыңғайлы әрі тиімді етуге және QR-төлемдерді кеңінен таратуға мүдделі.




