Евразия24Үздік бестікке енген ақпараттарҚазақстан Қылмыстық істер бойынша Еуропалық конвенцияға қосылады

Қазақстан Қылмыстық істер бойынша Еуропалық конвенцияға қосылады

|

|

Kazinform мәліметінше, Қазақстанға шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға мүмкіндік беретін тағы бір құқықтық тетік қолжетімді болады. Құрылтай Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы Еуропалық конвенцияны ратификациялады. Құрылтай отырысында заң жобасын Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев таныстырды. Аталған конвенция 1959 жылы Страсбург қаласында қабылданған. «2001 жылдан бері Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп осы Конвенцияға қосылу бағытында жұмыс жүргіздік. Өткен жылдың маусым айында оған қосылуға ресми шақырту алдық», – деді Ғалымжан Қойгелдиев. Қазақстан Конвенцияға қосылғаннан кейін мүлікті іздестіру немесе оған тыйым салу туралы сұрауларды белгілі бір талаптар сақталған жағдайда ғана орындайды. Атап айтқанда, сұрауға негіз болған әрекет екі тараптың заңнамасында да қылмыс деп танылуы және Қазақстан заңдарына қайшы келмеуі керек. Конвенцияға қосылу Қазақстанның құқық қорғау органдары тергеп жатқан қылмыстық істер бойынша шетелден қажетті дәлелдемелер алуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ заңсыз жолмен алынған және шетелге шығарылған активтерді елге қайтаруға құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл Қазақстанның Конвенцияға қатысушы мемлекеттермен қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастығын күшейтуге мүмкіндік береді.

 

Еуразия24 пікірі:

Айта кетейік, Қазақстанда бұл Конвенцияға қосылғанға дейін де шетелге шығарылған активтерді қайтарудың құқықтық мүмкіндіктері болған. Ол үшін халықаралық құқықтық көмектің басқа тетіктері, соның ішінде көпжақты және екіжақты келісімдер қолданылып келді.

Мәселен, Еуропа Кеңесі 2022 жылы Қазақстанның қылмыстық жолмен алынған активтерді бұғаттау және қайтару туралы өтініш жасауға құқығы бар екенін атап өткен. Ал тиісті келісім болмаған жағдайда мемлекеттер бір-біріне өзара келісім негізінде құқықтық көмек көрсете алады.

Алайда Қазақстанның барлық Еуропа елімен мұндай тұрақты құқықтық байланысы болған жоқ. Еуропалық конвенцияға қосылу енді әр мемлекетпен жеке келісім жасасу қажеттігін жояды. Бас прокуратураның 2025 жылы таратқан мәліметіне сәйкес, Қазақстан бұған дейін де Конвенцияға қосылуға бірнеше рет өтініш берген. Алайда Еуропа Кеңесіне мүше жекелеген елдердің қарсылығына байланысты бұл мәселе 20 жылдан астам уақыт бойы шешілмей келген.

Осылайша, Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы Еуропалық конвенцияның ратификациялануы Қазақстанның Еуропаның 46 елімен қылмысқа қарсы күрес, активтерді қайтару және халықаралық қауіпсіздік саласындағы құқықтық ынтымақтастығын жеңілдетеді.

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Дәрігерге жазылу қиын: Денсаулық сақтау министрлігі мәселені анықтады

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова емханалардағы медициналық көмектің қолжетімділігін бақылауды күшейтуді тапсырды. Қазан айынан бастап өңірлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек (МӘМС) ұйымдарының жұмысына жүйелі талдау жүргізіледі.

Қазақстан ЖИ-ге тым үлкен үміт артып отырған жоқ па?

Президент Тоқаев әрбір бағдарламалық сөзінде мемлекеттік басқару жүйесіне жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізу қажеттігіне ерекше назар аударып келеді. ЖИ төңірегіндегі қазіргі дүрлікпені осыдан жиырма жылдай бұрын «нанотехнологияға» артылған үмітпен салыстыруға болады. Бұл жолы да ел экономикасын әлемдік көшбасшылар қатарына шығарады делінген кезекті «сиқырлы құрал» табылғандай әсер бар. Алайда Ақорданың мұндай асқан оптимизмі саладағы қазіргі үдерістермен қаншалықты үйлеседі?

Каспийдегі «Хазар қорғаны-2026» оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілер қаза тапты

Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте, Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі бөлігінде Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы басталғаннан екі күн өткен соң болды.

Қазақстанда Каспийдегі әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің өкімімен Каспийде әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.