Астана. 25 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Қытай инвестициялық форумын жыл сайын қыркүйек айында өткізуді ұсынды.
«Қазақстан-Қытай инвестициялық форумы екі елдің іскер топтары тікелей байланыс орнататын тұрақты алаңға айналуға тиіс. Оны жыл сайын қыркүйек айында «Қазақстан – Қытай» Алматы инвестициялық диалогы» деген атаумен өткізуді ұсынамын», – деді Тоқаев жұма күні Алматыда өткен Қазақстан-Қытай инвестициялық форумында.
Президент сөзінің негізгі тұстары оның баспасөз қызметі таратқан хабарламада жарияланды.
Тоқаевтың айтуынша, «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) мен Гонконг арасындағы ынтымақтастықты дамытуға мол мүмкіндік бар.
«Биыл қыркүйек айының басында «Самұрық-Қазына» Орталық Азия мен ШЫҰ елдерінің эмитенттері арасында алғаш болып Қытайдың банкаралық нарығына шығып, жалпы сомасы 3 млрд юаньнан (450 млн доллар) асатын панда-облигациялар шығарды. Қазақстан инвестиция тартудың барлық кезеңін барынша жедел, ашық әрі технологиялық тұрғыдан тиімді етуге ниетті. Инвестиция тарту саласындағы ұлттық компания – Kazakh Invest жанынан Қазақстан-Қытай инвестициялық қорын құру туралы келісімге қол қойылуы – осы бағыттағы тағы бір маңызды қадам», – деді Президент.




