Евразия24Редакция бағаныҚыс қарсаңындағы болжам: тариф тағы өсе ме?

Қыс қарсаңындағы болжам: тариф тағы өсе ме?

|

|

Қыркүйек аяқталып келеді. Қазан айынан бастап Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерінде жылыту маусымы басталады. Айдың ортасы мен соңына қарай үлкенді-кішілі қалалардағы жылу электр орталықтары, қазандықтар мен жылу желілері түгел қысқы жұмыс тәртібіне көшуі тиіс.

Өткен жылыту маусымы, тіл-көзден сақтасын, ірі апатсыз өтті. Биыл жағдай қалай болмақ? Қыстың қақаған аязында жылусыз қалдыратын ірі апаттар мен ұзақ үзілістер болмайды деп үміттенеміз. Оның үстіне электр энергетикасы мен коммуналдық секторларды жаңғыртуға арналған МЭКС ұлттық жобасы іске қосылып, жұмыс біртіндеп қарқын алып келеді. Бірақ әзірге атқарылған істің көлемі қажетті меженің төрттен біріне де жетпейді.

2025–2029 жылдары жобаға бюджеттен тыс 13,6 трлн теңге, яғни жеке инвестиция тартылуы тиіс. Оның басым бөлігі шетелдік капитал есебінен келеді деп жоспарланған. Бұған қоса, жеке инвесторлар тартатын қарыздардың пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға бюджеттен тағы 1,5 трлн теңге қарастырылған.

Жоспар бойынша 2025 жылы бір триллион теңгеден астам қаржы игерілуге тиіс еді. Биыл ұлттық жобада 3,2 трлн теңге, келесі жылға 3,3 трлн теңге қарастырылған. Ал 2028 жылы 3,5 трлн, 2029 жылы 4 трлн теңге жұмсау көзделген.

Алайда нақты нәтиже әзірге әлдеқайда төмен. Қазіргі уақытта алғашқы 14 нысанда 27,3 млрд теңгеге жаңғыртылған қуаттар пайдалануға берілді. Тағы 77 нысанда жалпы құны 126 млрд теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары басталып, жабдықтар сатып алынып жатыр. Ал іске асыруға белгілі бір деңгейде дайын жобалардың барлығын есептегенде, қыркүйектегі жағдай бойынша олардың саны 347-ге жеткен. Жалпы құны – 839 млрд теңге.

Биыл МЭКС аясында 1,1 трлн теңгеге дейін инвестиция тарту жоспарланып отыр. Әрине, мұның өзі қажетті қаржы табылып, жаңғыртылатын нысандар толық дайын болған жағдайда ғана мүмкін. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, конкурс өткізіліп, мердігерлер анықталуға тиіс. Осы жұмыстардың бәрі белгіленген мерзімде аяқтала ма деген сұрақ бар. Оның үстіне қомақты көрінетін 1,1 трлн теңгенің өзі МЭКС бойынша 2025–2026 жылдарға жоспарланған 4,2 трлн теңгенің төрттен біріне ғана тең.

Келесі жылы да жұмыс қарқыны күрт үдейді деуге әзірге негіз аз. Қажетті келісімдер алынып, конкурс рәсімдері басталған жобалардың саны қазір 245 қана. Олардың жалпы құны – 300 млрд теңге. Ал МЭКС аясында 2027 жылға 3,3 трлн теңге қарастырылғанын еске сала кетейік.

Бұл ретте ұлттық жобада белгіленген қаржы көлемін артық деуге болмайды. Керісінше, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының алдағы жылдары апатсыз жұмыс істеуі үшін мұндай инвестиция шынымен қажет. Сондықтан жағдайдың қаншалықты күрделі екенін ашық мойындауға тура келеді: бұрынғы қордың есебінен күн көретін кезең аяқталды.

Қазақстанның қазіргі экономикалық жүйесінде салынбаған, Қазақ КСР-інен мұраға қалған энергетика және коммуналдық инфрақұрылым 1990-жылдары тұтыну азайғаннан кейін ұзақ уақыт бойы қолда бар қуаттың есебінен жұмыс істеп келді. Ол кезде жаңа қуаттарды көптеп іске қосуға да, инфрақұрылымды түбегейлі жаңартуға да аса қажеттілік болған жоқ. Қазір бұл мүмкіндік сарқылды. Кеңес дәуірінен қалған инфрақұрылым әбден тозды, оның үстіне қолда бар қуаттың өзі сұранысты толық өтеуге жетпей отыр.

Тағы бір мәселе – мұндай ауқымды жаңғыртуды өз күшімізбен қаржыландырып, қажетті жабдықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін инвестициялық және өндірістік әлеуеттің жеткіліксіздігі. Соның салдарынан шетелден қарыз тартуға және сырттан әкелінетін жабдыққа сүйенуге тура келеді.

Мәселенің түп-төркіні де осында. Елдің өмірін қамтамасыз ететін инфрақұрылымды өз қаражаты мен өз өндірістік мүмкіндігі есебінен жаңартуға қауқардың жетіспеуі Қазақстан үшін маңызды бетбұрыс кезеңіне айналып отыр. Өйткені МЭКС – жай ғана кезекті инфрақұрылымдық жоба емес. Электр энергетикасы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың жағдайы бүкіл халықтың тұрмысына және экономиканың жұмысына тікелей әсер етеді. Сондықтан осы салаларды жаңғыртудың қалай жүретіні елдің алдағы даму бағытына да тікелей ықпал етпек.

Үкімет таңдаған бағыттың бірі – «тарифті несиеге айырбастау» қағидаты. Яғни инфрақұрылымды жаңғыртуға қажетті қаржы сырттан, қарыз және коммерциялық негізде тартылады. Бұл жұмыс басталып та кетті. Жоғарыда айтылған жалпы құны 839 млрд теңгелік жобалардың 625 млрд теңгесі қарыз қаражаты есебінен қаржыландырылмақ . Егер жыл соңына дейін дайын жобалардың көлемі 1,1 трлн теңгеге жетсе де, қаржыландырудың негізгі тетігі осы болып қала береді. Қаражатты шетелдік қаржы институттары, қазақстандық банктер және «Бәйтерек» холдингі береді.

МЭКС аясында көзделген жалпы көлеммен салыстырғанда бұл қаржы жеткіліксіз. Соған қарамастан, алынған қарыздың өзін кейін тариф есебінен қайтаруға тура келеді. Оның үстіне коммерциялық несие пайызы бар. Ұлттық жобада қарастырылған бюджет қаражаты бұл шығынның бір бөлігін ғана өтей алады. Қарыз игеріліп, жаңғыртылған нысандар іске қосылып, жеңілдік кезеңі аяқталған соң, яғни шамамен 2029 жылдан кейін тарифтерді…

Электр энергиясы, жылу мен су тарифтері екі-үш есе қымбаттайды деп оқырманды алдын ала үрейлендірмей-ақ қояйық. Басқаша айтқан жөн.

Инфрақұрылым сыртқы қаржыға жаңғыртылып, негізгі жабдықтар мен бөлшектер шетелден сатып алынатын болса, оның шығыны түптің түбінде тарифке қосылады. Соның салдарынан электр энергиясы мен коммуналдық қызметтердің құны сырттан тартылған капиталдың өзіндік құны мен табыстылығына қарай қалыптасады. Мұндай тарифтер экспортқа жұмыс істейтін, табысы сыртқы нарықпен байланысты салалар үшін көтерімді болуы мүмкін. Сол салаларда еңбек ететін халықтың бір бөлігі де жаңа бағаға бейімделе алады.

Ал табысы теңгемен есептелетін және ішкі нарыққа жұмыс істейтін экономика үшін жағдай қиындай түседі. Бұл – ЖІӨ-нің жартысынан астамын құрайтын үлкен сектор және халықтың шамамен төрттен үш бөлігі. Олар үшін де электр энергиясы, коммуналдық қызметтер мен жайлы баспана қолжетімсіз болып қалмайды. Бірақ олардың отбасылық бюджеттегі салмағы әлдеқайда артуы мүмкін. Коммуналдық төлемдер азық-түлікке жұмсалатын шығынға жақындаса, көптеген отбасы күнделікті қажеттіліктерінің қайсысына басымдық беру керегін таңдауға мәжбүр болады.

Электр стансалары мен қазандықтарға, электр және жылу желілеріне түсетін жүктеме де біршама азаяды. Соның нәтижесінде оларды жедел жаңғыртып, қуатын арттыру қажеттілігі бәсеңдеп, жүйе жаңа тепе-теңдікке келеді. Бірақ бұл тепе-теңдік социалистік индустриялық кезеңнен қалған үлгіге емес, әлемдік нарыққа арзан табиғи ресурс шығарып, сыртқы қаржыға тәуелді дамушы елдердің жағдайына көбірек ұқсайтын болады.

Сондай-ақ екінші жол бар. Ол – «экспортқа жұмыс істейтін» қазіргі экономикалық үлгіні түбегейлі қайта қарап, инфрақұрылымды жаңғырту мен дамытуға қажетті инвестицияны елдің өз ішінде қалыптастыра алатын экономика құру. Сонымен бірге Еуразиялық экономикалық одақ ауқымында энергетикалық машина жасау өндірісін дамыту қажет. Жаңа әрі әділетті Қазақстанға бастайтын бағыт осы болмақ.

МЭКС бұл тұрғыда шешуші кезеңге айналуы мүмкін. Электр энергетикасы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты тарифті халыққа ауыр салмақ түсіретіндей өсірмей жаңғырту Үкімет үшін баламасы жоқ міндетке айналған кезде экономикалық саясаттың бағытын да қайта қарауға тура келеді.

Көңілге медеу болар бір жайт – жағдай объективті түрде осы бағытқа қарай жылжып келеді. Бірақ өте баяу. Мұның да өзіндік «жақсы жағы» бар: егер МЭКС аясында жоспарланған қаржы қазіргідей төрттен бір көлемінде емес, тым болмаса жартылай игеріліп жатқанда, тарифтердің өсу қарқыны бұдан да жоғары болар еді.

Әзірге апат саны да небәрі 25 пайыздық қарқынмен ілгерілеп келе жатқан МЭКС ұлттық жобасынан озып кеткен жоқ. Демек, толық жаңғыртуға әлі ұзақ уақыт керек. Есесіне тарифтерді екі-үш есе өсіруге де асығып жатқан жоқпыз.

Қыс қарсаңындағы әңгімені осындай біршама жұбатарлық тұжырыммен аяқтауға болар еді. Бірақ мәселенің тағы бір қыры бар. Биыл тәуелсіздік жылдарында алғаш рет электр энергиясы мен коммуналдық қызмет тарифтері инфляцияның соңынан ілесіп емес, одан жылдамырақ өсті. Бұл – жоғарыда сөз болған бетбұрысты жақындата түсетін жаңа әрі маңызды жағдай. Сондықтан оған келесі редакциялық бағанды арнаған жөн.

 

 

 

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Каспийдегі қайғылы оқиға: бес адам ұсталды, тергеу жалғасып жатыр

Қазақстан 24 қыркүйекте «Хазар Қорғаны-2026» оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізіне алып кеткен әскери қызметшілерді іздеу жұмыстарын ресми түрде аяқтады. 14 әскери қызметші қаза тауып, үшеуі аман қалды.

Газ өңдеу зауыттарын іске қосу тағы кейінге қалды

Үкімет газ саласын дамытудың кешенді жоспарындағы бірқатар мерзімді қайта қараған. Halyk Research-тің «Қазақстанның газ секторының 2024–2025 жылдардағы дамуына шолу» атты жаңа есебіне сәйкес, негізгі газ өңдеу зауыттарын іске қосу мерзімі тағы да кейінге шегерілді.

Алматыда су қымбаттамақ

Алматы Су» мәліметінше, 1 қазаннан бастап Алматыда тұрғындар, бизнес және мемлекеттік ұйымдар үшін су тарифтері өзгереді. Тұрғындар үшін бір текше метр судың бағасы 178,06 теңге, ал кәріз қызметі 119,46 теңге болады. Қосылған құн салығын есептегенде жалпы төлем бір текше метрге 297,52 теңгені құрайды. Бизнес үшін бір текше метр судың тарифі 362,18 теңге, кәріз қызметі 264,75 теңге болады.

Швейцарияда елдің бейтараптығына қатысты референдум өтеді

Швейцарияда жексенбі күні елдің халықаралық аренадағы бейтараптық қағидатын қатаңдату мәселесі бойынша референдум өтеді.