Вашингтон. 30 қыркүйек. ИНТЕРФАКС – АҚШ Қорғаныс министрлігі Boeing Co. компаниясымен алтыншы буындағы F/A-XX палубалық стелс-жойғыштарын өндіруге $20 млрд-тың келісімшартын жасасқанын хабарлады. 2030 жылдардан бастап бұл ұшақтар АҚШ авианосецтерінің қару-жарағына енгізіледі.
Пентагон мәліметінше, F/A-XX алдағы ондаған жыл бойы авианосецтерден әскери операциялар жүргізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Ол АҚШ Әскери-теңіз күштерінің қолданыстағы F/A-18E/F Super Hornet және EA-18G Growler ұшақтарын алмастырады және бесінші буындағы F-35C палубалық жойғышымен қатар пайдаланылады. Сонымен бірге F/A-XX бірлескен жауынгерлік авиация ұшақтары (CCA) деп аталатын жартылай автономды ұшқышсыз платформалармен бірге операциялар орындай алады.
«Алтыншы буын жойғышы әуедегі басымдықты қамтамасыз ету ісінде жаңа мүмкіндік ашады. Ол әлемнің үздік ұшқыштарына жауынгерлік тапсырмаларды орындауға, жеңіске жетуге және аман-есен оралуға бұрын-соңды болмаған мүмкіндік береді. Boeing компаниясымен ынтымақтастық орнатқанымызға қуаныштымыз. Бұл біздің әскери қызметшілерімізге әуедегі басымдығын сақтап, қарсыласты жеңуге мүмкіндік береді», – деді АҚШ Әскери-теңіз күштері министрінің міндетін атқарушы Хунг Као.
«F/A-XX – күш арқылы бейбітшілікті сақтауға бағытталған саясатымыздың маңызды құрамдас бөлігі. Бұл ұшақ қарсылас белсенді әрекет ететін әуе кеңістігінде басымдыққа ие болып, операциялық мүмкіндіктерді кеңейтеді және ұрыста шешуші артықшылық береді», – деді АҚШ қорғаныс министрінің сатып алу және қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі орынбасары Майкл Даффи.
Пентагон сатып алынатын ұшақтардың санын, құпия саналатын техникалық сипаттамаларын және оларды нақты қашан пайдалануға беретінін жариялаған жоқ.
Air and Space Forces Magazine мәліметінше, F/A-XX ұшағының әуеде жанармай құймай ұшу қашықтығы АҚШ Әскери-теңіз күштерінің қазіргі жойғыштарымен салыстырғанда 25%-ға артық болады. F/A-18 Super Hornet ұшағының жауынгерлік ұшу қашықтығы шамамен 2350 шақырымды құрайды. Бұл көрсеткіш F-35C Lightning II ұшағындағы 2200 шақырымнан сәл жоғары.
Әскери сарапшылардың пікірінше, АҚШ Әскери-теңіз күштерінің Boeing компаниясын таңдауы F/A-XX ұшағын әзірлеуді жеделдетіп, оны өндіріске ертерек шығаруға мүмкіндік беруі мүмкін. Boeing қазір NGAD (Next Generation Air Dominance) бағдарламасы аясында АҚШ Әскери-әуе күштеріне арналған болашағы зор алтыншы буындағы F-47 жойғышын да белсенді әзірлеп жатыр.




