Вашингтон. 30 қыркүйек. ИНТЕРФАКС – АҚШ-та жасанды интеллект (ЖИ) әзірлейтін жетекші компаниялардың басшылары Ақ үйде ЖИ модельдеріне ішкі бақылауды күшейту жөніндегі келісімге қол қойды, деп хабарлады америкалық БАҚ.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон Ақ үйдегі іс-шарадан кейін «Суперинтеллект саласындағы озық міндеттер бойынша бірлескен міндеттемелер туралы Ақ үй келісіміне» қол қойылғанын мәлімдеді.
The Hill мәліметінше, кездесуге Nvidia бас директоры Дженсен Хуанг, OpenAI президенті Грег Брокман, Anthropic бас директоры Дарио Амодей, Google бас директоры Сундар Пичаи, Meta (РФ аумағында экстремистік ұйым деп танылып, тыйым салынған) бас директоры Марк Цукерберг және xAI бас директоры Илон Маск бастаған бірқатар технологиялық компанияның жетекшілері қатысты.
Джонсонның айтуынша, құжат ЖИ әзірлеушілерінің ерікті түрде орындауға тиіс бірқатар міндеттемесін айқындайды.
Трамп келісімді «конституцияға жақын құжат» деп атап, оның талаптарын орындау заң жүзінде міндетті болмаса да, тараптарға моральдық жауапкершілік жүктейтінін айтты. Сондай-ақ құжатта саланың өзін-өзі бақылау тетіктері қарастырылғанын жеткізді.
Associated Press мәліметінше, президент бұл келісім ЖИ саласындағы жаңашылдықты шектемей, технологияны пайдаланушылар үшін қауіпсіз ету мақсатында жетекші компаниялармен бірлесіп жұмыс істеуді көздейтінін түсіндірді.
Трамп сондай-ақ әкімшілік ЖИ индустриясын қадағалайтын он адамнан тұратын комитет құруы мүмкін екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Трамп «жасанды интеллект» (AI) атауын «суперинтеллект» (Super intelligence) деп өзгерту туралы жарлыққа қол қойғаны хабарланған. Ақ үй бұл шешім «технологиялық жаңалықтарға және олардың Америка халқына ашатын шексіз мүмкіндіктеріне назар аударуға бағытталғанын» мәлімдеген.
Жарлыққа сәйкес, атқарушы билікке қарайтын барлық федералдық ведомство енді жаңа терминді қолдануға тиіс. Трамп ЖИ атауын өзгерту туралы ұсынысын алғаш рет қыркүйек айының басында БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде айтқан.




