Kommersant хабарлайды: «Ресей президенті Владимир Путин елден қолма-қол рубль алып шығу тәртібін қатаңдататын жарлыққа қол қойды. Жаңа талаптар ЕАЭО елдеріне – Армения, Беларусь, Қазақстан мен Қырғызстанға, сондай-ақ Әзербайжан, Тәжікстан және Өзбекстанға баратын азаматтарға қатысты. Президент жарлығы құқықтық ақпарат порталында жарияланды. Құжатқа сәйкес, жеке тұлғалар Ресейден 1 млн рубльден артық қолма-қол ақша алып шыға алмайды. Ал заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге сомасына қарамастан, қолма-қол рубль шығаруға толық тыйым салынады. Үкімет арнайы тізімге енгізетін халықаралық әуежайлар арқылы қолма-қол ақша алып шығуға қатысты ерекшелік қарастырылған. Мұндай жағдайда қаражаттың шығу тегін растайтын банк көшірмелерін ұсыну қажет. Шектеулер заңды тұлғалардың қолма-қол ақшаны Ресей аумағы арқылы транзитпен тасымалдауына, сондай-ақ Ресейдің дипломатиялық өкілдіктерінің қызметіне арналған қаражатқа қолданылмайды. Талап бұзылған жағдайда қолма-қол ақша тәркіленеді. Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерден алып шығуға әрекет жасалған қаражат толық көлемде, ал жеке тұлғалардан 1 млн рубльден асатын сома тәркіленеді».
Еуразия24 пікірі:
Ресей президентінің бұл шешімі, шын мәнінде, Ресейден көршілес елдерге ірі көлемде қолма-қол ақша тасымалдау және капиталды көлеңкелі жолмен шығару мүмкіндігін айтарлықтай шектеді.
Бұған дейін ЕАЭО елдеріне, соның ішінде Қазақстанға қолма-қол рубль алып шығудың арнайы шегі болған. Ол 100 мың доллар немесе шамамен 9 млн рубль көлемінде белгіленген еді.
Ресейдің мұндай қатаң шараға баруына қарағанда, бұл мүмкіндікті бизнес өкілдері мен жеке тұлғалар санкциялық шектеулерді айналып өту, қаражатты елден шығару және көлеңкелі мәмілелер жасау үшін белсенді пайдаланған болуы мүмкін.
Бұл ретте ЕАЭО аясындағы капиталдың еркін қозғалысы туралы заңды сұрақ туындайды. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта тауарлардың, қызметтердің, жұмыс күшінің және капиталдың еркін қозғалысы көзделген. Сонымен бірге құжатта ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және капиталдың елден кетуіне жол бермеуге мүмкіндік беретін нормалар да бар. Ресейдің қазіргі шешімі осы тетіктердің іс жүзінде қолданылғанын көрсетеді.
ЕАЭО аумағындағы қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға шектеу енгізілген жоқ. Жаңа талаптар тек қолма-қол ақшаны тасымалдауға қатысты. Яғни көлеңкелі экономиканың бір тетігі саналатын қолма-қол ақша тасымалдаушылардың қызметіне тосқауыл қойылып отыр.




