Астана. 30 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Германияға сапар аясында жалпы сомасы шамамен $2 млрд болатын 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды, деп хабарлады Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Келіссөздер барысында жалпы сомасы шамамен 2 миллиард доллар болатын 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Бұл келісімдер тиімді жүзеге асырылса, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі нығая түсетіні сөзсіз», – деді Тоқаев Берлинде Германияның федералдық канцлері Фридрих Мерцпен келіссөз қорытындысы бойынша өткен брифингте.
Президент Мерцпен келіссөз барысында бірқатар маңызды келісімге қол жеткізілгенін атап өтіп, кездесулердің мазмұнды әрі нәтижелі өткенін айтты.
Тоқаевтың айтуынша, сәрсенбі күні ол Баварияға барып, Қазақстан-Бавария технологиялық форумына қатысады.
«Бұл кездесу де елдеріміз арасындағы әріптестікті нығайтуға ықпал етеді деп сенемін», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы келіссөз барысында тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасқанын атап өтті.
«Біздің ұстанымымыз бойынша, кез келген қақтығыс бейбіт әрі дипломатиялық жолмен шешілуге тиіс. Бұл – екі елге ортақ ұстаным. Сонымен қатар «Орталық Азия – Германия» форматындағы келіссөздерді одан әрі дамытуға келістік. Қазақстан Германиямен ұзақ мерзімді, өзара тиімді әрі нақты нәтижеге бағытталған стратегиялық әріптестікті нығайтуға ниетті», – деді Тоқаев.




