Астана. 5 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) төрағасы Әлихан Смайылов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қорғаныс министрлігінде бюджет қаражатының қаншалықты тиімді пайдаланылғанын анықтау мақсатында жүргізіліп жатқан жоспардан тыс аудиттің барысы туралы есеп берді, деп хабарлады дүйсенбі күні Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
Ауқымды тексеру 50 нысанды, соның ішінде 48 әскери бөлімді қамтиды. Оны жүргізу үшін мемлекеттік аудит жүйесінің жетекші мамандары мен IT және байланыс саласының сарапшыларынан арнайы топ құрылған.
Аудит барысында Қарулы Күштер қызметінің барлық негізгі бағыты бойынша жағдайға баға беріледі. Атап айтқанда, әскери бөлімдерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету, жеке құрамды даярлау, әскери оқу-жаттығуларды өткізу, әскери инфрақұрылымды дамыту, қару-жарақ пен техниканы жаңғырту, сондай-ақ цифрлық жүйелердің жұмыс істеуі тексеріледі.
Президентке мемлекеттік қорғаныс тапсырысы бойынша аяқталған аудиттің нәтижелері де баяндалды.
Оның қорытындысы бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін Үкімет пен тиісті мемлекеттік органдарға 57 ұсыным мен тапсырма жолданған.
Сонымен қатар Тоқаевқа экономикалық дамудың басым бағыттары мен әлеуметтік саланы қамтитын жоспарлы аудиторлық тексерулердің барысы туралы баяндалды.
Кездесу қорытындысында Президент Қорғаныс министрлігіндегі аудитті жүргізуге және жалпы мемлекеттік аудит жүйесін одан әрі дамытуға қатысты бірқатар нақты міндет қойды.
Бұған дейін хабарланғандай, 27 қыркүйекте Жоғары аудиторлық палата Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілер қаза тапқаннан кейін Қорғаныс министрлігінде бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуына мемлекеттік аудит жүргізуге кірісті.
Биыл қыркүйек айының соңында Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағалауында өткен «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде «Қайсар» катерінен жеке құрамды түсіру барысында 17 әскери қызметшіні теңізге ағызып әкеткен. Олардың үшеуі құтқарылып, 14-і қаза тапты.




