Мәскеу. 5 қазан. ИНТЕРФАКС – Мұнай жеткізуде іркіліс болған жағдайда оның салдарын жеңілдетуге мүмкіндік беретін әлемдік мұнай қоры «алаңдатарлықтай төмен» деңгейге дейін азайды. Бұл туралы Сауд Арабиясының мемлекеттік Saudi Aramco компаниясының басшысы Амин Насер мәлімдеді.
Оның айтуынша, Ормуз бұғазы кемелердің кедергісіз қатынауы үшін толық ашылмаса, мұнай нарығындағы жағдай одан әрі қиындауы мүмкін.
«Ормуз бұғазы толық ашылып, нарық қатысушыларының сенімі қалпына келгенше, мұнай мен мұнай өнімдері нарығына түсетін қысым күшейе береді. Мұнай тапшылығының өзі елеулі мәселе болғанымен, мұнай өнімдерінің бағасы одан да қатты өсті», – деді Насер дүйсенбі күні Лондонда өткен Energy Intelligence форумында.
Бұған дейін хабарланғандай, өткен жұмада G7 елдері бағаның өсуін тежеу үшін стратегиялық қорлардан 100 млн баррельге дейін мұнай мен дизель отынын нарыққа шығару туралы шешім қабылдады.
Насердің айтуынша, стратегиялық қорларды пайдалану біраз уақыт ұтуға мүмкіндік бергенімен, сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздікті жоя алмайды. Оның сөзін Bloomberg келтіреді. Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы қайта жанданған күннің өзінде, елдерге стратегиялық қорларын бұрынғы деңгейіне жеткізу үшін екі жылға дейін уақыт қажет болуы мүмкін.
Насердің сөзінше, Aramco Таяу Шығыстағы қақтығыс кезінде шетелдегі мұнай қоймаларын пайдаланып, зақымданған инфрақұрылымды жедел жөндеудің арқасында мұнай жеткізілімін тұрақты деңгейде ұстап отырды.
Компания әлемдік нарықтағы сатып алушыларға мұнай жеткізудің бір ғана бағытына тәуелді болып қалмау үшін балама экспорт жолдарын қарастырып, шетелден қосымша мұнай сақтау орындарын іздеп жатыр.
Насер Aramco бірнеше күн ішінде тәулігіне 12 млн баррель болатын ең жоғары тұрақты өндіріс деңгейіне шыға алатынын атап өтті.
«Біздің жүйеміз зақымданған жоқ», – деді ол. Насердің айтуынша, компанияның стратегиялық қоры бар және қажет болған жағдайда жекелеген учаскелерді оқшаулап, өндіріс көлемін басқа нысандарға қайта бөле алады.
Өткен жексенбіде хуситтер өкілі Яхья Сари X әлеуметтік желісінде топтың Сауд Арабиясы аумағындағы Saudi Aramco-ның екі нысанына зымырандармен және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен сәтті шабуыл жасағанын жазды. Ол хуситтердің Сауд Арабиясындағы әскери және мұнай нысандарына соққы беруді жалғастыратынын ескертті.




