Астана. 5 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру жөніндегі комиссия Каспийде 14 әскери қызметші қаза тапқан оқу-жаттығуды әзірлеу және жоспарлау барысында елеулі кемшіліктер жіберілгенін анықтады, деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен кеңесте комиссия төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева Қорғаныс министрлігіндегі кешенді тексерудің қорытындысын баяндады.
«Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғаның мән-жайын зерделеу барысында оқу-жаттығуды әзірлеу мен жоспарлауда, тәуекелдерді бағалауда, десант түсіруді ұйымдастыруда және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде елеулі кемшіліктер анықталды», – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Кеңесте Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға Қарулы Күштерде қордаланып қалған жүйелі мәселелердің бетін ашқаны атап өтілді.
«Тергеудің алдын ала қорытындылары әскери іс-шараларды жоспарлау кезінде өрескел қателіктер жіберілгенін және бұрынғы басшылық тарапынан тиісті бақылау болмағанын көрсетеді», – делінген хабарламада.
Тоқаев алғашқы кадрлық шешімдер қабылданғанын атап өтіп, әскери қызметшілердің қазасына кінәлі барлық лауазымды тұлға заңда белгіленген жауапкершілікке тартылуға тиіс екенін айтты. Бұл мәселе Президенттің жеке бақылауында.
«Тексерудің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша қылмыстық қудалау органдары Қорғаныс министрлігінің ұйымдары мен бөлімшелеріндегі мемлекеттік мүлікті жымқыруы мүмкін деген фактілер, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және басқа да заң бұзушылықтар бойынша 13 қылмыстық іс қозғады», – делінген хабарламада.
Командалық құрамның қылмыстық салғырттығына қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Бес лауазымды тұлға қамауға алынды. Олардың әрекетіне түпкілікті құқықтық баға тергеу аяқталғаннан кейін беріледі.
Тексеру барысында әскери тәртіп пен профилактикалық жұмыста да кемшіліктер анықталды. Жарғыға қайшы қарым-қатынастың және әскери қызметшілерге күш қолданудың жекелеген фактілері тіркеліп, олар бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Тексеру кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуына, әскери қызмет өткеру жағдайына, тылдық қамтамасыз етуді ұйымдастыруға және жеке құраммен жүргізілетін тәрбие жұмысына ерекше назар аударылып отыр.
Тоқаев комиссияға Қорғаныс министрлігінің жаңа басшылығымен бірлесіп, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Тексеру нәтижелері Қарулы Күштерді реформалау жоспарын әзірлеу кезінде ескерілуге тиіс.
Президент заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге тиімді қарсы тұра алатын жаңа үлгідегі армия қалыптастыру қажеттігіне ерекше назар аударды. Жаңғырту жұмыстары әскери тәртіпті нығайтумен, әскери қызметшілердің қауіпсіздігін арттырумен және қызмет өткеру үшін тиісті жағдай жасаумен қатар жүруге тиіс. Тоқаев кешенді тексерудің объективті жүргізіліп, армияның жауынгерлік әзірлігіне кері әсер етпеуі қажет екенін де атап өтті. Сонымен қатар Президент Қарулы Күштерде «Заң және тәртіп» конституциялық қағидатын мүлтіксіз сақтау қажеттігін айтты. Комиссия жұмысы жалғасып жатыр.
Бұған дейін хабарланғандай, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағалауында өткен «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде «Қайсар» катерінен 17 әскери қызметшіні теңізге ағызып әкеткен. Олардың үшеуі құтқарылып, 14-і қаза тапты.
Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бұған дейін Ішкі істер министрлігі Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштер жүйесіндегі бес лауазымды тұлғаның ұсталғанын хабарлаған. Олардың қатарында Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлім командирі, теңіз жаяу әскері ротасының командирі және катер командирі бар.
25 қыркүйекте Қазақстанда қаза тапқан әскери қызметшілерді аза тұтуға байланысты жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.




