Астана. 5 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Саденовті қабылдап, елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
«Мемлекет басшысы елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді», – делінген дүйсенбі күні таратылған Президент баспасөз қызметінің хабарламасында.
Саденов Президентке биылғы тоғыз айда қылмыс деңгейі 15%-ға төмендегенін баяндады. Нақты есеппен алғанда, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 11 мыңнан астам қылмыс аз тіркелген. Аса қауіпті қылмыс түрлері, қоғамдық орындар мен көшелердегі құқық бұзушылықтар, отбасылық-тұрмыстық саладағы, кәмелетке толмағандар мен бұрын сотталғандар арасындағы қылмыстар да азайған.
Ішкі істер министрі бұған дейін ашылмай келген 2,5 мыңнан астам қылмыстың ашылғанын да хабарлады. ДНҚ сараптамасын қоса алғанда, заманауи криминалистикалық әдістер осыдан көп жыл бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар адамдарды анықтауға мүмкіндік беріп отыр.
Жыл басынан бері азаматтар, еріктілер мен қоғамдық көмекшілерден түскен ақпараттың арқасында 12 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 357 қылмыс ашылған.
Сонымен қатар іздеуде жүрген 1039 адамның жүрген жері анықталды. Олардың 154-і Қазақстаннан тыс жерде ұсталған. Шет мемлекеттердің сұрауы бойынша Қазақстан аумағында іздеуде жүрген 537 қылмыскер анықталып, қолға түсті.
Саденовтің айтуынша, жыл басынан бері ІІМ тергеп жатқан қылмыстық істер бойынша 49 млрд теңге өтелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,5%-ға көп. Оның 6,5 млрд теңгеден астамы интернет-алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға қайтарылды. Мұндай қылмыстар саны 21%-ға азайды. Интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында 8,7 мың алаяқтық және фишингтік сайт бұғатталып, 187 млн алаяқтық қоңыраудың жолы кесілді.
Бұдан бөлек, бейнебақылау жүйесінің көмегімен 2,2 мыңнан астам адам танылып, ұсталды.




