Kapital.kz хабарлайды: «Премьер-министр Олжас Бектенов жәрдемақылардың тізбесін, оларды тағайындау, төлеуді тоқтата тұру, қайта жалғастыру және тоқтату шарттарын, сондай-ақ жерлеуге берілетін біржолғы төлемді тағайындау талаптарын бекіту туралы қаулыға қол қойды. Құжатта тұрмыстық жағдайы жоғары және ауқатты азаматтарға тағайындалмайтын мемлекеттік жәрдемақылардың тізімі берілген. Бұл төлемдер әлеуметтік көмекке мұқтаж қазақстандықтарға ғана беріледі.
Тізімге мына мемлекеттік жәрдемақылар енген:
- бала тууына байланысты берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы;
- бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайын төленетін мемлекеттік жәрдемақы;
- бірге тұратын кәмелетке толмаған төрт және одан да көп баласы бар көпбалалы отбасыларға төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы. Бұған 23 жасқа толмаған, күндізгі бөлімде оқитын студенттер де кіреді;
- «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұған дейін «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналарға төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;
- мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы;
- асыраушысынан айырылған жағдайда қайтыс болған адамның асырауында болған еңбекке жарамсыз отбасы мүшелеріне төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы;
- арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
- бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын тұлғаларға төленетін мемлекеттік жәрдемақы;
- мүгедектігі бар баланы немесе балаларды тәрбиелеп отырған анаға, әкеге, асырап алушыға немесе қамқоршыға тағайындалатын және төленетін мемлекеттік жәрдемақы;
- арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы».
«Егер бірінші топтағы мүгедектігі бар адам мүгедектік бойынша жәрдемақы алып жүрсе, бұл төлем сақталады. Ал оған басқа төлемге, мысалы бала тууына байланысты жәрдемақыға құқық туындаса, оны тағайындау кезінде азаматтың әлеуметтік көмекке мұқтаждығы ескеріледі. Яғни әрбір төлем жеке қаралып, оның қандай негізде тағайындалатыны және оған қажеттілік бар-жоғы бағаланады. Негізгі мақсат – әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау», – деп министрлік атап өтті.
Еуразия24 пікірі:
Айта кетейік, Қазақстанда азаматтың әл-ауқат деңгейі нақты теңге сомасымен емес, балдық жүйе арқылы анықталады. А санатына, яғни әл-ауқаты жоғары азаматтар қатарына 1800 балдан бастап, ал B санатына – тұрмысы ауқатты азаматтар қатарына 730 балдан бастап енгізеді. Есептеу кезінде табыспен қатар мүлік, несие жүктемесі, жұмыспен қамтылуы, отбасы құрамы, тұрғын үй жағдайы мен денсаулық ахуалы да ескеріледі. Мемлекет қолындағы деректер негізінде азаматтарды осы санаттарға өзі бөледі.
Алайда Үкімет қабылдаған шешімнен кейін атаулы көмектің қалай есептелетініне қатысты сұрақ туындайды. Мәселен, отбасында I немесе II топтағы мүгедектігі бар адам болса, оның жалпы балы 250-ге төмендейді. Бала кезінен мүгедектігі бар адам немесе мүгедектігі бар бала болған жағдайда тағы 150 бал шегеріледі. Яғни жүйе отбасының әлеуметтік осалдығын ескеруге тырысады.
Сонымен бірге жұмыс істейтін, табысы жоғары әрі өзін-өзі қамтамасыз ете алатын мүгедектігі бар азаматқа еңбекпен қамтылғаны үшін қосымша балл есептеледі. Нәтижесінде әртүрлі көрсеткіштер қосылып-алынып, шын мәнінде әлеуметтік тұрғыдан осал адамдардың кейбірі формалды есепте «жеткілікті қамтамасыз етілген» санатына түсіп, өз жағдайына байланысты берілетін жәрдемақыдан айырылып қалуы мүмкін.
Сондықтан мемлекет жәрдемақы тағайындау кезінде «ауқаттыларға төлемеу» қағидатымен ғана шектелмей, отбасының нақты жағдайын тұтас бағалағаны жөн сияқты. Өйткені, мәселен, отбасында мүгедектігі бар адам бар, ипотека төлейді, емделуге немесе тұрақты оңалтуға үнемі шығындалады, сонымен бірге бір мүшесі жұмыс істейтін отбасы министрліктің деректер базасында жағдайы жақсы болып көрінуі мүмкін. Ал шынайы өмірде оның ай сайынғы шығыны табысы төмен отбасылардың шығынымен шамалас болуы әбден мүмкін.




