Нью-Йорк. 27 қазан. ИНТЕРФАКС – Әлемдегі ең ірі дыбыс жазу компаниясы Universal Music Group NV (UMG) биыл бірқатар тікелей инвестиция қорларымен компанияны жекеменшікке көшіру мүмкіндігі жөнінде алдын ала келіссөз жүргізген. Бұл туралы Bloomberg агенттігі жағдайдан хабардар дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Дереккөздердің мәліметінше, UMG басшылығы Apollo Global Management, TPG және Blackstone сияқты инвестициялық компаниялармен келіссөз өткізген. Алайда тараптар нақты келісімге келген жоқ, ал Universal Music компанияны сату рәсімін бастаған емес.
Қазіргі уақытта дыбыс жазу компаниясының нарықтық құны шамамен 29 млрд еуроны құрайды. Жыл басынан бері UMG акциялары 29 пайызға арзандап, қазір 2021 жылы биржаға алғаш шыққан кездегі бағасынан төмен саудаланып жатыр. Ал жеке инвестициялар нарығында музыкалық каталогтар мен осы саладағы басқа да активтер UMG және оның бәсекелесі Warner Music Group компанияларының нарықтық бағалау көрсеткіштеріне қарағанда әлдеқайда жоғары мультипликаторлармен бағаланады.
Биыл сәуір айында инвестор Билл Акманның Pershing Square Capital Management компаниясы UMG-ді сатып алып, оның акцияларын Амстердам биржасынан АҚШ қор нарығына көшіру туралы ұсыныс жасаған. Universal бұл ұсынысты қабылдамады. Дегенмен компанияның ең ірі акционері – Боллоре отбасы UMG акцияларының нарықтағы бағасы шынайы құнынан төмен деген Акманның пікірімен келіскен.
Боллоре отбасы Bollore холдингі арқылы Universal Music акцияларының 30 пайыздан астамын бақылауда ұстайды. Тағы 11 пайыздан астам үлес Қытайдың Tencent интернет алпауытына тиесілі.
Universal Music әлемдегі үш ірі дыбыс жазу компаниясының ішіндегі ең табыстысы саналады. Өткен жылы әлем бойынша жазбалары ең көп сатылған он орындаушының тоғызының туындыларын тарату ісімен осы компания айналысқан. UMG-мен Тейлор Свифт, Леди Гага және Билли Айлиш сияқты әлемге әйгілі әншілер жұмыс істейді. Сонымен қатар компания Queen, The Beatles топтары мен Боб Диланның музыкалық шығармаларына қатысты құқықтарды иеленеді.




