ҚР Ішкі істер министрлігі хабарлайды: «26 қазанда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) есірткіге қарсы өңірлік «Канал» операциясы аясында «Канал – Каспий шамшырағы» атты субөңірлік операция басталды.
Іс-шара ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің аумағында есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жүргізетін құзыретті органдардың өкілетті өкілдері кеңесінде қабылданған шешім негізінде өткізіліп жатыр. Операцияға Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан өкілдері қатысуда. (…) Операцияның негізгі мақсаты – есірткінің заңсыз тасымалданатын жолдарын анықтау және жолын кесу, оның мемлекеттік шекаралар арқылы өткізілуіне тосқауыл қою, сондай-ақ есірткі саудасымен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекетіне қарсы күресу. Операция барысында әуежайларда, теңіз және өзен порттарында, теміржол тораптары мен станцияларында, сондай-ақ басқа да көлік инфрақұрылымы нысандарында іздестіру, тексеру және жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Жүк пен жолаушылардың багажында, сондай-ақ халықаралық пошта жөнелтілімдерінде тыйым салынған заттарды тасымалдау деректерін анықтауға ерекше көңіл бөлінеді. (…) Операция 2026 жылы 26–30 қазан аралығында өткізіледі».
Еуразия24 пікірі:
ҰҚШҰ-ның есірткіге қарсы халықаралық операциялары күштік құрылымдар өкілдерінің кезекті өңірлік кездесуіне орай ұйымдастырылатын бір реттік іс-шаралар емес. «Канал» операциясы тұрақты түрде өткізіліп келеді және оның нақты нәтижелері де айтарлықтай.
ҰҚШҰ-ның ресми мәліметіне сәйкес, 2017–2025 жылдар аралығында бірлескен іс-шаралар барысында заңсыз айналымнан 80 тоннадан астам есірткі мен 50 тонна прекурсор тәркіленген. Тек 2025 жылдың өзінде 8 тоннадан астам есірткі тәркіленді. Құқық қорғау органдары есірткі саудасымен айналысатындарды ұстаумен ғана шектелмей, бірлесіп жасырын зертханаларды, есірткі сатылатын интернет алаңдарын және ұйымдасқан қылмыстық топтардың қаржылық схемаларын анықтайды.
Мұндай ынтымақтастық Қазақстан үшін бірнеше тұрғыдан маңызды. Біріншіден, елімізге есірткі тасымалына қарсы күресте тәжірибе жинақтаған шетелдік әріптестер келіп, өз тәжірибелерімен бөліседі. Екіншіден, Қазақстанда халықаралық көлік дәліздері, соның ішінде Транскаспий бағыты қарқынды дамып келеді. Ал қылмыстық топтар бұл бағыттарды есірткі тасымалдау және өткізу үшін пайдалануға тырысады.
Мұның бәрі ел экономикасына да, халықаралық беделіне де қауіп төндіреді. Сондықтан мұндай қатерлерге бірлесіп қарсы тұру әлдеқайда тиімді.




