Қайрат Мақсұтов «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы қызметінен жұмыстағы кемшіліктеріне байланысты босатылды. Мұндай шешімді компанияның бас ұйымы – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқармасы қабылдады.
Үкіметтің баспасөз қызметі Қайрат Мақсұтовтың қызметінен босатылуына компанияныңстратегиялық инвестициялық жобаларының баяу жүргізілуі және электр энергиясын өндіретінжаңа нысандар құрылысының белгіленген мерзімде аяқталып, пайдалануға берілуіне бақылаудыңжеткіліксіздігі себеп болғанын хабарлады. Бұл туралы Kazinform агенттігі жазды.
Қайрат Мақсұтов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы жарияланған күні қызметінен босатылды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында энергетика нысандары құрылысының белгіленген мерзімде аяқталмауын сынға алған болатын. Алайда бұған дейін де Үкімет тарапынан елеулі ескертулер жасалған еді.
2026 жылы 14 қаңтарда премьер-министр Олжас Бектенов электр энергиясының тапшылығын жою мақсатында жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Сол кезде Энергетика министрлігі 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы толық жойылатынына кепілдік берген болатын. Ал премьер-министр жобалар белгіленген мерзімде жүзеге асырылмаған жағдайда қандай жауапкершілік жүктелетінін министрлік басшысы мен тиісті квазимемлекеттік ұйымдардың жетекшілеріне ескертті.
«Мемлекет басшысы энергетика саласындағы жұмыс қарқынының төмендігін бірнеше рет сынғаалды. Енді барлық күшті жұмылдыру қажет. Жоспарланған жобалар белгіленген мерзімдеаяқталуы тиіс. Құрылыстың кешігуіне немесе мерзімнің созылуына жол беруге болмайды.Министр, «Самұрық-Энерго» мен KEGOC басшылары, әрбір нысанның уақытылы аяқталуынатікелей жауаптысыздар. Кабинетте отырмай, құрылыс алаңдарындағы жұмыстықадағалауларыңыз керек».
11 шілдеде энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Алматыға барып, президенттің тікелей тапсырмасына сәйкес табиғи газға көшіру жұмыстары аяқталуға тиіс №2 және №3 жылу электр орталықтарының құрылыс алаңдарын аралады.
«№3 ЖЭО-да жүргізілген тексеру нәтижесінде жобаның бекітілген кестеден едәуір кешігіп жатқаны анықталды. Нысан құрылысының шамамен 26%-ы ғана аяқталған. Құрылыс алаңына негізгі жабдықтарды жеткізу әлі де кешігіп жатыр. Жоспар бойынша мұнда 1600-ге жуық адам жұмыс істеуі тиіс болса, іс жүзінде жұмысшылар саны 600-ден аспайды. Соның салдарынан станцияның бірқатар маңызды нысанында, соның ішінде тарату құрылғысы мен басқару жүйелерінде құрылыс-монтаж жұмыстары белгіленген мерзімнен кешігіп жатыр», – деп Энергетика министрлігі хабарлаған еді.
Министр Ерлан Ақкенженов алдағы бірнеше апта ішінде құрылысы кешеуілдеп жатқан нысанға қажетті барлық ресурс жұмылдырылмаса, тапсырыс берушілер мен мердігерлерге қатысты қатаң тәртіптік шаралар қолдану мәселесі көтерілетінін мәлімдеді.
Бірнеше күннен кейін Олжас Бектенов Үкіметтің 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу мәселелеріне арналған кеңесін өткізді.
«Самұрық-Энерго» басшылығына Алматыдағы №3 ЖЭО-ны жаңғырту жұмыстарын күнделікті бақылауға алып, жыл соңына дейін аяқтау тапсырылды. Жұмыстар белгіленген мерзімде аяқталмаған жағдайда компания басшыларының жеке жауапкершілігі мәселесі қаралады», – делінген 2026 жылы 14 шілдеде жарияланған ресми хабарламада.
Демек, Қайрат Мақсұтовтың қызметінен босатылуын күтпеген шешім деуге келмейді. Өйткені 2026 жыл бойы оның жұмысына қатысты сын-ескертулер ашық айтылып келді. Алайда әділдік үшін айта кетейік, мұндай сын тек оған ғана бағытталған жоқ. Осы тұста заңды сұрақ туындайды: мердігерлер мен құрылыс жұмыстарына жауапты басшылардан бастап салалық министрлік пен «Самұрық-Қазына» қорының өзіне дейінгі жауапты тұлғалардың тұтас бір тобы атқарған немесе атқармаған жұмыс үшін тек Қайрат Мақсұтов қана қызметінен кетуге тиіс пе?
Әрине, бір басшыны көпшілік алдында қызметінен босату арқылы жауапкершілікке қатысты қатаң ұстанымды көрсетуге болады. Алайда мұндай шешім Қазақстанда бұрыннан шешімін таппай келе жатқан мәселенің, яғни энергетика нысандары құрылысының жүйелі түрде кешігуінің түпкі себептерін жоятынына сенімді емеспіз.




