Вашингтон. 1 қараша. ИНТЕРФАКС – Иранға теңіз блокадасы қайта енгізілгеннен бері АҚШ Әскери-теңіз күштері осы елдің порттарына бағыт алған немесе олардан шыққан 144 сауда кемесін тоқтатып, бағытын өзгертті. Бұл туралы АҚШ Қарулы күштерінің Таяу Шығыстағы Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) хабарлады.
«31 қазандағы жағдай бойынша америкалық күштер белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз ету үшін 144 сауда кемесінің бағытын өзгертті», – делінген хабарламада.
CENTCOM мәліметінше, соңғы алты айда Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) тарапынан төнген қауіптер мен шабуылдарға қарамастан, АҚШ Әскери-теңіз күштерінің қолдауымен 3 мыңнан астам сауда кемесі Ормуз бұғазынан сәтті өткен. Қолбасшылықтың мәлімдеуінше, бұл осы кезеңде бұғаз арқылы өткен барлық кеменің 95%-дан астамын құрайды.
CENTCOM өкілдері биылғы жаздан бері америкалық күштер Парсы шығанағы елдеріндегі серіктестеріне 1,5 млрд баррельден астам мұнайды экспорттауға жәрдемдескенін атап өтті. Қолбасшылық мұны АҚШ пен оның өңірлік серіктестерінің халықаралық маңызы бар осы теңіз жолын бақылауда ұстап отырғанының айқын дәлелі деп бағалады.
АҚШ Әскери-теңіз күштері 14 шілдеде Иран порттары мен жағалау аймақтарына бағыт алған немесе олардан шыққан кемелерге қатысты теңіз блокадасын қайта енгізді.
Бұған дейін блокада 13 сәуірден 18 маусымға дейін қолданылған болатын. Сол кезеңде қолбасшылық күштері блокада талаптарын сақтаған 142 кеменің бағытын өзгертіп, талаптарды орындамаған тоғыз кемені істен шығарған. Сонымен қатар гуманитарлық көмек тасымалдаған 50-ден астам сауда кемесінің блокада аймағынан өтуіне рұқсат берген.




