Астана. 31 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Республикасының энергетика министрі Ерлан Ақкенженов отын-энергетика кешенінде жасанды интеллектіні қолдану мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді, деп хабарлады сенбі күні министрліктің баспасөз қызметі.
«Кеңес барысында саланың өндірістік және басқару үдерістеріне жасанды интеллектіні енгізу үшін бірыңғай цифрлық орта қалыптастыруға бағытталған «Energy AI Kazakhstan» тұжырымдамасы таныстырылды. (…) Қатысушылар ұсынылған платформаның құрылымымен, функционалдық мүмкіндіктерімен, сондай-ақ оны министрлік пен ведомстволық бағынысты ұйымдардың жұмысында пайдалану жолдарымен танысты», – делінген Қазақстан Энергетика министрлігінің хабарламасында.
Ұсынылған шешімдердің қатарында отын тапшылығының туындау қаупін ерте анықтау, есептерді дайындау мен тексеруді автоматтандыру, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздікті бақылау құралдары бар.
Энергетика нысандарының цифрлық егіздерін қолдануға ерекше көңіл бөлінді. Мұндай технологиялар өндірістік үдерістерді модельдеуге, жабдықтардың жай-күйін талдауға, ықтимал ауытқуларды анықтауға және техникалық шешім қабылдамас бұрын түрлі сценарийлердің салдарын бағалауға мүмкіндік береді.
Ұсынылған платформа құрылымы салалық білім қорларын, ақпараттық жүйелерді және нақты өндірістік әрі басқарушылық міндеттерді орындауға арналған мамандандырылған жасанды интеллект агенттерін біріктіреді.
Тұжырымдаманың негізгі қағидаттарының бірі – Қазақстанның технологиялық және ақпараттық егемендігін қамтамасыз ету. Министрлік мәліметінше, деректерді, есептеу инфрақұрылымын және салалық модельдерді ел аумағында, министрліктің бақылауымен орналастыру көзделіп отыр.
Кеңесте бастаманы жүзеге асырудың ықтимал кезеңдері де талқыланды. Атап айтқанда, нақты салалық деректер негізінде пилоттық сынақтар өткізу, ұсынылған шешімдердің тиімділігін бағалау және іс жүзінде пайдасын дәлелдеген құралдарды кейіннен кеңінен енгізу мәселелері қаралды.




