Вашингтон. 31 қазан. ИНТЕРФАКС – БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Батыс Сахараға қатысты қарар қабылдай алмады. Соның салдарынан Ұйымның осы аумақтағы миссиясының өкілеттік мерзімі 31 қазанда аяқталуы мүмкін, деп хабарлайды батыстық БАҚ.
АҚШ ұсынған қарар жобасында Біріккен Ұлттар Ұйымының Батыс Сахарада референдум өткізу жөніндегі миссиясының (MINURSO) өкілеттік мерзімін бір жылға ұзарту көзделген. Сонымен қатар миссияның атауынан референдум туралы сөзді алып тастау және оның жеке құрамын қысқарту ұсынылды. Құжатта Батыс Сахараға Марокко құрамында автономия беру қақтығысты реттеу жөніндегі келіссөздердің бірден-бір негізі ретінде белгіленген. Қарардың бұл нұсқасын Франция, Ұлыбритания және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тоғыз тұрақты емес мүшесі қолдады.
Ресей АҚШ ұсынған жобаға вето қойып, оны біржақты әрі аумақтың егемендігіне қатысты мәселенің шешімін алдын ала айқындайтын құжат деп бағалады. Бұған жауап ретінде АҚШ Ресейдің MINURSO миссиясының өкілеттік мерзімін еш өзгеріссіз ұзартуды көздеген қарар жобасын бұғаттады.
Ресейдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Василий Небензя АҚШ-тың вето қоюын «миссияны саяси тұрғыдан жою» деп атады. Ал АҚШ-тың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Майк Уолц референдумға қатысатын сайлаушыларды іріктеу талаптарына қатысты ұзақ жылдарға созылған келіспеушіліктер салдарынан дауыс беру әлі күнге дейін өтпегенін атап өтті.
Батыс Сахара – Африканың солтүстік-батысында орналасқан, Алжир, Марокко және Мавританиямен шектесетін даулы аумақ. 1976 жылға дейін Батыс Сахара Испанияның отарлық иелігінде болды. Кейін аумақтың басым бөлігін Марокко басып алды. Алжирдің қолдауына ие болған көтерілісшілер Марокко билігіне қарсы күрес бастады. 1975 жылдан 1991 жылға дейін жалғасқан соғыс тәуелсіздік мәселесі бойынша референдум өткізу шартымен бітім жасасу арқылы аяқталды. Алайда референдум әлі күнге дейін өткізілген жоқ.
2020 жылы АҚШ президенті Дональд Трамп Марокконың осы аумаққа қатысты егемендігін мойындады. Алайда БҰҰ бұл шешімді қолдамады.




