Астана. 4 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Құрылтайы сәрсенбі күнгі отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Құжатта ветеринария мамандарының орташа жалақысын екі есеге жуық көтеру көзделген.
«Заң жобасында ветеринария мамандарына көрсетілетін әлеуметтік және кәсіби қолдауды едәуір күшейту көзделген. Қазір олардың орташа жалақысы шамамен 220 мың теңге. Заң жобасы қабылданса, бұл көрсеткіш 420 мың теңгеге дейін өседі деп күтілуде», – деді түзетулерді әріптестеріне таныстырған Құрылтайдың Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы Серік Егизбаев.
Оның айтуынша, заң жобасында көзделген шараларды іске асыруға мемлекеттік бюджеттен жыл сайын шамамен 27 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.
Заң жобасында ауылдық жерлерде жұмыс істейтін ветеринария мамандарын әлеуметтік қолдауға қатысты қолданыстағы нормаларды біріктіру де ұсынылған. Атап айтқанда, жергілікті өкілді органдар ауыл мамандарының лауазымдық айлықақылары мен тарифтік мөлшерлемелерін қаладағы мамандардікінен кемінде 25%-ға жоғары етіп белгілей алады. Сондай-ақ оларға көтерме жәрдемақы төлеу, тұрғын үй сатып алуға немесе салуға көмек көрсету туралы шешім қабылдай алады.
Жергілікті атқарушы органдардың шешімімен ветеринария мамандарының тұрғын үй жалдау ақысы мен коммуналдық шығындары өтелуі мүмкін. Бұған қоса, шипажайда емделуге және демалуға жолдама сатып алу үшін төлем тағайындауға, сондай-ақ өзге де қолдау шараларын белгілеуге болады.
Заң жобасы бойынша ветеринария мамандарына жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын беруге кепілдік көзделген. Демалысқа шыққанда оларға кемінде екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді.
Ветеринария саласындағы ғылыми дәрежесі үшін мамандарға негізгі жұмыс орны бойынша қосымша ақы төлеу де көзделген. Ғылым кандидаттарына 17 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), ал ғылым докторларына 34 АЕК мөлшерінде қосымша ақы белгілеу ұсынылады. Қазақстанда 1 АЕК 4 325 теңгеге тең.
Құжатта ветеринар дәрігерлердің құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау, олардың есебін жүргізу және біліктілігін арттыру үшін ветеринариялық палата құру көзделген. Ветеринария мамандарын арнайы киіммен және жабдықпен қамтамасыз ету де ұсынылған.
Түзетулердің бір бөлігі мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуге қатысты. Атап айтқанда, эпизоотия ошақтарын зерттеп-қарау, жануарлардан алынатын өнімдерге ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізуге лицензия беру, сондай-ақ ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаларды қабылдау міндеттерін жергілікті атқарушы органдардан Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне беру ұсынылған.
Ұлттық заңнаманы Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) талаптарына сәйкестендіру үшін ветеринариялық препараттардың айналымын бақылайтын фармацевтикалық инспекция құру көзделген. Инспекция фармакологиялық қадағалау жүргізіп, ветеринариялық препараттар өндірісінің белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын сертификат береді. Осы мақсатта фармацевтикалық инспекторлардың тізілімі жүргізіліп, оларды оқыту және аттестаттау ұйымдастырылады.
Заң жобасының жекелеген ережелері ветеринария саласын цифрландыруға бағытталған. Ветеринариялық қызметтің субъектілері мен объектілері, жүргізілетін іс-шаралар және мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау туралы мәліметтерді қамтитын цифрлық жүйе құру жоспарланып отыр.
Заң жобасын талқылау барысында депутаттар қосымша түзетулер ұсынды. Соның бірі – өнім алынатын жануарларға өсуді ынталандыратын препараттарды және адамдарды емдеуге арналған антибиотиктерді қолдануға тыйым салу. Сондай-ақ ұйымдасқан шаруашылық жүргізуші субъектілерге ветеринар дәрігерді штатқа алу немесе шарт негізінде тарту міндетін жүктеу ұсынылды.
4 қарашадағы ресми бағам бойынша 1 АҚШ доллары 453,26 теңгеге тең.




