Kazinform хабарлайды: «Министрлер, әкімдер және өзге де лауазымды тұлғалар: Ұлттық пантеонға жерлеуге құқығы бар адамдардың тізімі кеңейді. Үкімет Ұлттық пантеон туралы ережеге өзгерістер енгізіп, онда жерленуге құқығы бар лауазымды тұлғалардың қатарын толықтырды. Енді тізімге елдің жоғары басшылығы, мемлекеттік органдар мен өңірлердің басшылары, сондай-ақ президенттің арнайы шешімімен өзге санаттағы азаматтар да кіреді. Қаулы 2026 жылғы 17 қарашадан бастап күшіне енеді».
Еуразия24 пікірі:
Бұл шешімге қарағанда, Қазақстан шенеуніктеріне о дүниеге де әлеуметтік кепілдік берілетін болған сыңайлы. Қарапайым халыққа көзі тірісінде тұрмысын жақсартуға уәде беріліп жатқанда, шенеуніктердің бақилық болғаннан кейінгі жағдайы да қамдалып жатыр.
Ал Ұлттық пантеонда ел тарихында өшпес із қалдырған тұлғалар жерленуге тиіс. Бірақ 2026 жылғы 17 қарашадан бастап ол жерге жерлену үшін ерлік жасау, ғылыми жаңалық ашу немесе әлемдік деңгейдегі өнер туындысын дүниеге әкелу міндетті емес. Белгілі бір мемлекеттік лауазымды атқарсаңыз жеткілікті.
Министрлер мен әкімдердің арасында жақсы адамдар, тіпті көрнекті тұлғалар да аз емес екеніне дауымыз жоқ. Алайда бюджеттен жалақы алып, мемлекеттік қызметте жылдар бойы еңбек ету ел тарихына сіңірген ерекше еңбекпен тең емес. Жуырда адам өлтіргені үшін 24 жылға сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты еске алсақ, кез келген лауазым иесі жұрт қабіріне гүл қойып, құрметпен еске алатын тұлғаға айнала бермейтіні анық.Сонда Ұлттық пантеон елге еңбегі сіңген тұлғалардың есімін ұлықтау үшін керек пе, әлде шенеуніктерге арнайы жағдай жасалған зират па?




