ҚР Жоғары аудиторлық палатасының хабарлауынша: «Әлихан Смайылов атап өткендей, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру ғылым саласындағы ең әлсіз бағыттардың бірі болып отыр. Ғылым қорының деректеріне сәйкес, коммерцияландырудың ресми көрсеткіші 44%-ды құраған. Алайда есепті жылдағы көрсеткішті бірыңғай әдістеме бойынша есептегенде, бұл деңгей небәрі 16% болған.
«Нақты нарықтық нәтиже де көңіл көншітпейді. Аяқталған 141 жобаның тек 38-і, яғни 27%-ы ғана соңғы үш жылда өнімдерін тұрақты түрде сатып, табыс тапқан. Ал жалпы құны 22 млрд теңгені құрайтын қалған 103 жоба өнім өндіру және сату көлемі бойынша күтілген нәтижеге қол жеткізе алмады», – деді ол.
Аудиторлардың пікірінше, жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) 1% мөлшерінде қаражат аудару тетігі де қолданбалы ғылымды дамытудың тиімді құралына айналмаған. Бұған міндеттемелердің орындалуына бақылаудың жеткіліксіздігі және ғылымға бөлінген қаражаттың депозиттерге, бағалы қағаздарға және РЕПО операцияларына бағытталуы себеп болған.
Жалпы, Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысына сәйкес, ғылыми жобалардың қаржыландырылуынан бастап нақты нәтиже беруі мен өндіріске енгізілуіне дейінгі барлық кезеңді тиімді қадағалау үшін басқару үдерістерін тереңірек цифрландыру және бірыңғай есепке алу жүйесін қалыптастыру қажет.
Аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы 51 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар, сондай-ақ 47 млрд теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану фактілері анықталды. 36 жағдай бойынша материалдар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органдарға жолданды. Тағы үш дерек бойынша аудит материалдарын құқық қорғау органдарына беру туралы шешім қабылданды».
Еуразия24 пікірі:
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Жоғары аудиторлық палатаның аудит барысында анықтаған елеулі кемшіліктеріне қатысты пікір білдірді. Құрылтай отырысында депутат Екатерина Смышляева Ғылым қоры ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейін 43,6% деп көрсеткенімен, аудиторлардың бұл көрсеткішті небәрі 15,7% деп бағалауының себебін сұрады. Министр көрсеткіштер арасындағы айырмашылықты түсіндірді. «Біз әртүрлі индикаторларды ескеретін басқа әдістемені қолданамыз. Ал Жоғары аудиторлық палата нақты әрі қатаң талаптарға сүйенеді: өнім сатылды ма, сатылым көлемі қандай, қанша қаражат салынды және компания қанша пайда тапты? Бәлкім, осы екі тәсілдің арасынан оңтайлы шешім табу керек шығар», – деді Нұрбек. Сондай-ақ ол министрліктің бағалау әдістемесін аудиторлардың талаптарына барынша сәйкестендіруге уәде берді.
Егер біз дұрыс түсінсек, Ғылым министрлігі бюджеттен миллиардтаған теңге жұмсалған ғылыми жобалардың коммерциялық нәтижесіне қатаң талап қоюды жөн көрмейтін сияқты. Сонда олардың тиімділігі немен өлшенбек? Қағаз жүзіндегі мінсіз есептермен бе?
Әрине, ғылыми зерттеулер бірден пайда әкелуге міндетті емес әрі мұндай талапты барлық ғылыми жұмысқа қою мүмкін де емес. Алайда бюджет қаражаты ғылыми әзірлемелерді нарықта сұранысқа ие өнімге айналдыру үшін арнайы бөлінсе, сол өнімге деген нақты сұраныс жұмыстың нәтижелілігін бағалаудың объективті көрсеткіші болуға тиіс.
Айта кетейік, министр тексерулердің жиілеп кеткеніне де шағымданды. Оның айтуынша, 2023 жылдан бері ведомствода тоғыз ірі тексеру жүргізілген, ал қазір тағы 41 бақылау шарасы өтіп жатыр. Саясат Нұрбектің сөзінше, ғалымдар кейінгі тексерулерден қауіптеніп, грант алудан бас тарта бастаған.
Біздіңше, ғылыми зерттеулердің сипаты мен мақсаттарын ажырата білу қажет. Мемлекет іргелі ғылыми зерттеулерді дереу пайда табуды талап етпей, сөзсіз қолдауға міндетті. Ал коммерциялық жобалар өз шығындарын ақтап, табыс табуға бейімделуі тиіс.




