«Мәскеу облысының 42 жастағы тұрғыны ұшақты басып аламын деп қорқытқаннан кейін оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Ресей Тергеу комитетінің Көліктегі Батыс өңіраралық тергеу басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Оқиға Волгоград әуежайында болған. Күдікті Волгоград – Мәскеу (Шереметьево) бағыты бойынша ұшуға дайындалып жатқан «Аэрофлот» компаниясының Airbus A320 ұшағында отырған. Тергеу мәліметінше, ер адам әуе кемесін басып алатынын бірнеше рет мәлімдеген. Тергеу органдары оған терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама тарату айыбын тағып отыр (РФ Қылмыстық кодексінің 207-бабы 3-бөлігі)», – деп «Коммерсантъ» басылымы хабарлады.
Басылымның мәліметінше, оқиға 8 қарашада болған. Ұсталған азамат сол кезде мас күйде жүрген. Ол – Қазақстан тумасы, бұған дейін ұрлық жасағаны және кісі өлтіремін деп қорқытқаны үшін сотталған.Кинологтар ұшақта жарылғыш заттардың бар-жоғын тексергенше, рейс екі сағаттан астам уақытқа кешіктірілді. Сол кезде сот құқық бұзушыны алты тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарған. Алайда 16 қарашада оған қатысты терроризм туралы жалған хабар бергені үшін қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.
Біз ештеңені меңзеп отырған жоқпыз, бірақ Қазақстан мен Ресейден шыққан азаматтар өз әрекеттерімен кім көбірек шу шығаратынын жарысып жүргендей әсер қалдырады.
Жақында ғана ресейлік рэпер NAVAI Жамбыл облысының Қордай ауданында есірткімен ұсталған еді. Арада үш апта өткенде Қазақстан тумасы да Ресейде сондай бір даулы оқиғамен «жауап қайтарғандай» болды.
Тексеру нәтижесіне қарағанда, мас жолаушының ұшақты басып аламын деген қоқан-лоққысының артында нақты қауіп болмаған. Соның салдарынан жолаушылар үрейленіп, рейс кешіктірілді және шұғыл қызметтер жұмылдырылды. Алайда оның қылмыстық жауапкершіліктен қазан айында NAVAI сияқты тез құтылып кетуі екіталай. Бұрын сотталғанын және Ресейде терроризм туралы жалған хабар бергені үшін қатаң жаза қарастырылғанын ескерсек, ұшақты басып алмақ болған азаматқа 700 мыңнан 1 млн рубльге дейін айыппұл салынуы немесе ол 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.




