Мәскеу. 17 қараша. ИНТЕРФАКС – Deutsche Bank даулы істерімен танылған қаржыгер Джеффри Эпштейнге қатысы бар жалпы сомасы 600 млн долларға жуық күмәнді төлемдерді жүзеге асырған, деп жазды The Financial Times (FT) басылымы.
Басылымның мәліметінше, бұл сома бұған дейін белгілі болған есептеулерден едәуір жоғары. Ол жыныстық сипаттағы қылмыстары үшін сотталған Эпштейннің қаржылық операцияларын жүргізуде неміс банкінің маңызды рөл атқарғанын көрсетеді.
Deutsche Bank-тің ішкі құжаттарына сәйкес, 2019 жылы банк АҚШ-тың қаржылық қадағалау органдарына күмәнді операциялар туралы есептер жолдаған. Онда Эпштейнге қатысы бар жалпы сомасы 582 млн долларды құрайтын ақша аударымдары көрсетілген.
Бұл мәліметтер Deutsche Bank-тің миллиондаған ішкі құжаты сыртқа тарағаннан кейін белгілі болды. Оларды FT журналистері және Der Spiegel, Le Monde, Paper Trail Media басылымдарының өкілдері кіретін 200-ден астам журналистен құралған халықаралық консорциум зерттеген. Газеттің жазуынша, алынған деректер 2019 жылы Эпштейн ұсталып, қамауда қайтыс болғаннан кейін Deutsche Bank оның қызметіне байланысты күмәнді деп таныған төлемдердің ауқымын бүгінге дейінгі ең толық деңгейде бағалауға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, құжаттарда әйелдерге жасалған төлемдер, қайырымдылыққа берілген қаражаттың мақсатсыз пайдаланылуы мүмкін деген күдік және ауқатты тұлғалардан түскен ақша аударымдары туралы айтылған. Олардың қатарында Apollo Global Management компаниясының негізін қалаушылардың бірі Леон Блэк пен хедж-қорды басқаратын миллиардер Гленн Дубин бар. Құжаттарда Блэк пен Дубин Эпштейнді қаржыландыруы мүмкін тұлғалар ретінде көрсетілген.
Эпштейн 2013–2018 жылдары Deutsche Bank клиенті болған. Банк оған қызмет көрсетуге байланысты шағымдарды реттеу аясында бұған дейін айыппұлдар мен өтемақылар түрінде 225 млн доллар төлеген.
Сейсенбідегі сауда барысында Deutsche Bank акциялары 4,5%-ға арзандап жатыр. Жыл басынан бері олардың бағасы 5%-ға төмендеген.




