Бүгін Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында қазақ журналистикасының көрнекті қайраткері, белгілі журналист, ғалым, профессор Темірбек Қожакеевтің 100 жылдығына арналған «Қожакеев құбылысы» атты еске алу кеші өтті.
Іс-шараға профессордың көзін көрген үзеңгілес замандастары, шәкірттері мен Қожакеев әулетінің өкілдері және «Ботпай қоры» төрағасы Мәдет Қожакеев қатысты.
Кездесу барысында ғалымның өмір жолы, журналистика мен ғылым саласына қосқан үлесі, өнегелі ұстаздық қызметі туралы естеліктер айтылды.
Сондай-ақ кеш аясында Темірбек Қожакеевтің «Көк сеңгірлер» және «Үркіншілік» атты кітаптарының тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды.
Тағылымды шараның мақсаты – көрнекті тұлғаның мол мұрасын ұлықтау, есімін ұрпақ жадында жаңғырту және ғылыми еңбектерін кеңінен насихаттау.




