Токио. 17 қараша. ИНТЕРФАКС – Сейсенбі күні таңертең Ресейдің әскери ұшағы Жапонияның әуе кеңістігін бұзуы мүмкін деген ақпаратқа байланысты елдің Өзін-өзі қорғау күштерінің жойғыш ұшақтары әуеге көтерілді, деп хабарлады NHK телеарнасы.
«Дереккөздердің мәліметінше, бүгін таңғы сағат 4-тен кейін (Мәскеу уақытымен дүйсенбі күні сағат 22:00-ден кейін – ИФ) Ресейге тиесілі болуы мүмкін ұшақ Фукуока префектурасындағы Окиносима аралы маңында Жапонияның әуе кеңістігін бұзған», – делінген телеарна хабарламасында.
Осы оқиғаға байланысты Жапонияның Өзін-өзі қорғау күштері жойғыш ұшақтарын әуеге көтергені хабарланды.
Елдің Қорғаныс министрлігі жағдайды зерделеп, бақылауды жалғастырып жатыр.
Жапония Министрлер кабинетінің бас хатшысы Минору Кихара журналистерге Токионың Мәскеуге дипломатиялық арналар арқылы «қатаң наразылық білдіріп, мұндай оқиғалардың қайталанбауы үшін тиісті шаралар қабылдауды талап еткенін» хабарлады.
Кихара Жапония «Ресей әскерилерінің әрекеттерін бақылауды жалғастырып, елдің әуе кеңістігін бұзу әрекеттерін анықтау және оларға тосқауыл қою шараларын қабылдайтынын» атап өтті.
Сонымен қатар «Ренхап» агенттігі Оңтүстік Корея Қарулы күштері Штаб бастықтарының біріккен комитетіне сілтеме жасап, «сейсенбі күні таңертең Ресейдің бірнеше әскери ұшағы Оңтүстік Кореяның әуе қорғанысын сәйкестендіру аймағына қысқа уақытқа кіргенін» хабарлады.
Осыған байланысты күтпеген жағдай туындауы мүмкін екенін ескерген Оңтүстік Корея жойғыш ұшақтарын әуеге көтерді.
«Кейін ресейлік ұшақтар Оңтүстік Кореяның әуе кеңістігін бұзбастан аталған аймақтан шығып кетті», – деп мәлімдеді әскерилер.




