Kazinform агенттігінің хабарлауынша: «Ермек Сағымбаевтың Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылу себептері белгілі болды. (…) «Бұл шешім Президенттің арнаулы қызметті реформалау жөніндегі тапсырмасын табысты орындау мақсатында басшылық құрамдағы кадрларды ауыстыру қажеттігін ескере отырып қабылданды. Ермек Сағымбаевты қызметінен босату туралы шешім қабылдағанда Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлық ісіне қатысы бар тұлғалардың ұсталғанын да ескерді. Президенттің пікірінше, күштік құрылымдар тарапынан олқылықтарға жол берілген. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке де тәртіптік жаза қолданылды. Жалпы, «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларына қатысты істің сыбайлас жемқорлық сипаты күмән тудырмайды. Мұны тергеу амалдары кезінде іске қатысы бар тұлғалардың әрекеттері де растайды. Президент жүргізіліп жатқан тергеуден әуел бастан хабардар болды. Оның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұстанымы берік әрі өзгеріссіз», – деп атап өтті Президенттің баспасөз хатшысы».
Еуразия24 пікірі:
13 қараша, жұма күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің енді бұрынғы төрағасы атанған Ермек Сағымбаев үшін шынымен де сәтсіз күн болды. Сол күні ол Ақордада Президентпен кездесіп, ведомствоның жұмысы туралы есеп берген еді. Ал дүйсенбіде қызметінен кетті.
Президенттің баспасөз хатшысы күштік құрылымдардың олқылықтарға жол бергенін айтқан соң, ел басшылығының сыбайлас жемқорлық дерегінің анықталуына емес, жедел-іздестіру және тергеу шараларының қалай жүргізілгеніне қатысты сұрақтары туындаған болуы мүмкін деген ой келеді.
Бір қызығы, Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке де тәртіптік жаза қолданылды. ҰҚК төрағасының қызметтен кетуін басқа жұмысқа ауысуымен және арнаулы қызметті реформалау қажеттігімен түсіндірді делік. Ал Сәденовке нақты қандай кінә тағылып отыр?
Полиция қызметкерлері қандай қателік жіберді? Жақында «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларын ұстау операциясы кезінде ҰҚК-мен тиісті деңгейде бірлесіп жұмыс істей алмады ма? Әлде құпия ақпараттың таралуына жол берді ме?
16 қарашада Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен жеке кеңес өткізіп, қызметтік тәртіпті нығайтуды және полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлығын арттыруды талап етті. Сәденовке полиция қызметкерлері арасында тәрбие жұмысын күшейту қажеттігі де жеке ескертілді.
Бұл министрдің жұмысына қатысты сын-ескертулер бар екенін ішінара растайды. Алайда оның сыбайлас жемқорлық ісіндегі нақты рөлі қандай болғанын мүлде түсіндірмейді.




