Алтынның бір унциясының (31,1 грамм) бағасы 3,5 мың долларға жақындаған сайын құйма алтынға сұраныс күрт артты. Әсіресе Азия елдерінде алтынға қызығушылық жоғары. Дегенмен Америка да қалыс қалып отырған жоқ. Акциялар мен биржада саудаланатын шикізат тауарлары арзандаған тұста нарықта алтын сатып алушылар да, оны сатушылар да көбейді. Бұл екі топтың әрекет ету себептері әртүрлі болғанымен, олардың саудасы бір-бірімен тығыз байланысты және бір нарықтық үдерістің екі жағын құрайды.
Алтынға инвестиция салатындар бұл бағалы металдың бұрын жеткен бағасына ерте ме, кеш пе қайта оралатынын жақсы біледі. Алайда алтынның бір унциясын 5,6 мың долларға сатып алу бір басқа, ал бағасы одан екі мың долларға жуық төмендеген кезде сатып алу мүлде басқа.
Соңғы күндері Қытай, Вьетнам және Таиландтың алтын бұйымдары, монеталар мен бағалы металл құймалары сатылатын сауда орындарында халық ерекше көбейген. Үндістанда да осындай жағдай байқалады, бірақ сұраныс салыстырмалы түрде төмендеу. Өйткені бұл елдің билігі алтынға деген сұранысты әдейі тежеуге тырысып отыр. Алтын сатып алғысы келетіндер дүкен сөрелеріне жету үшін ұзын-сонар кезекте тұруға да дайын.
Ал алтынды сатуға не мәжбүрлейді? Бұл жерде жағдай да, сатушылардың себептері де күрделірек. Қор нарығында акциялардың бағасы күрт құлдыраған кезде компания иелері мен ірі институционалдық инвесторларға несиелерін қамтамасыз ету үшін қосымша кепіл қажет болады. Мұндай жағдайда олар шығынға ұшыратқан активтерін ғана емес, нарықта сұранысқа ие басқа да бағалы дүниелерін сатуға мәжбүр.
Алтын қай заманда да өтімділігі жоғары актив саналған. Яғни оны тез арада ақшаға айналдыруға болады. Сондықтан қазіргі жағдайда алтын көп мөлшерде сатылымға шығарылып жатыр. Бұл нарықта компаниялар, банктер мен дилерлерден бөлек, орталық банктер, ұлттық әл-ауқат қорлары және үкіметтер де маңызды рөл атқарады.
Мәселен, Түркия көмірсутектер бағасының күрт қымбаттауына байланысты ұлттық валютасы – лираны қолдау үшін алтын қорын сатуға кірісті. Өйткені ел тұтынатын мұнайдың 90 пайызы мен табиғи газдың 98 пайызы шетелден импортталады.
Ресей соғыстың бесінші жылында мемлекеттік бюджет тапшылығының ұлғаюына байланысты алтын жеткізілімін арттырды. Ал араб монархиялары Таяу Шығыстағы ауқымды соғыстан туындаған шығындарды жабу үшін бағалы металды сатып жатыр.
АҚШ Қазынашылығының борыштық бағалы қағаздарынан (трежерис) айырмашылығы, алтынды дағдарыс кезінде де сату оңайырақ. Өйткені америкалық мемлекеттік облигацияларды мұндай кезеңде өткізуге қаржылық қана емес, саяси себептер де кедергі келтіруі мүмкін. Ал алтынға қашанда сатып алушы табылады.
Алтын сатушылар дәл қазіргі жағдайға қарай әрекет етеді. Өйткені оларды шұғыл шешім қабылдауға мәжбүрлейтін экономикалық себептер бар. Ал бағалы металды сатып алушылар кемінде алдағы 2–3 жылды есепке алады. Себебі қазіргі кезеңде алтынның бағасы өспесе, одан ешқандай табыс түспейді. Әзірге алтынның басты қызметі – ақшаның сатып алу қабілетін сақтап, жинақталған капиталды уақыт пен географиялық шекараларға тәуелсіз қорғау.
Географиялық өзгерістерге де тоқтала кетейік. Әлемдік алтын саудасының орталығы Еуропа мен Солтүстік Америкадан Азияға барған сайын жылдам ауысып жатыр. Бүгінде Шанхай, Гонконг және Сингапур алтын саудасының негізгі халықаралық орталықтарына айналуда. Олардың әрқайсысы белгілі бір бағытқа маманданған. Атап айтқанда, алтын саудасы, оны сақтау, тазарту және басқа да қызметтер дамып келеді.
Бір қызығы, Сингапурдың алтын нарығындағы ықпалының артуы ондағы бағаның жоғары болуымен байланысты емес. Алтын ұсынысы да басқа нарықтардағыдай. Мәселе басқа: Еуропада Венесуэла алтыны мен Ресей активтері тәркіленгеннен кейін Батыс елдеріндегі алтын сақтау орындарына деген сенім мәселесі өткір көтерілді.
Соңғы он жылда Сингапурдағы жеке тұлғаларға тиесілі құйма алтын қоры 16 есе ұлғайып, 800 тоннаға жетті. Бұл – 800 тонна сенім. Бұл елде алтынын сақтайтындар арасында Еуропа азаматтары да көп.
2026 жылдың 10 қарашасынан бастап Сингапур басқа мемлекеттердің орталық банктері мен ақша-несие саясатына жауапты органдарына алтын сақтау қызметін ұсына бастады. Ал 2027 жылы сәуірде елге құйма алтынды көбірек тарту мақсатында салық заңнамасына өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.
Осылайша, алтын бағасы көтерілсе де, төмендесе де, нарықтағы сауда белсенділігі артып келеді. Бұған бір жағынан адамзаттың алтынға ежелден ерекше мән беруі әсер етсе, екінші жағынан қазіргі геосаяси ахуал мен әлемдік экономикадағы өзгерістер ықпал етіп отыр. Сондықтан бұл бағалы металл халықаралық нарықтағы ең көп талқыланатын активтердің бірі болып қала бермек.




