Астана. 26 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын өткізіп, шетелдік инвесторлармен «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясындағы инфрақұрылымдық жобаларға қатысу мүмкіндіктерін талқылады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Үкімет басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырдағы Жолдауында ел инфрақұрылымын ауқымды жаңғыртудың стратегиялық бағытын айқындағанын еске салды. Бұл жұмыста «Халықтық құрылыс» бағдарламасына басты мән беріліп отыр.
«Жүзеге асырылып жатқан жобалардың ауқымы мен маңызы жекелеген нысандардың құрылысынан әлдеқайда кең. Шын мәнінде, Қазақстан экономикасының алдағы ондаған жыл бойы тұрақты дамуына негіз қаланып жатыр. Осындай ауқымды міндеттерді жүзеге асыру халықаралық серіктестер үшін де кең мүмкіндіктер ашады», – деді Бектенов.
Ол Қазақстанның озық инженерлік шешімдерді, құрылыстың заманауи стандарттары мен тиімді басқару тәжірибесін енгізуге мүдделі екенін атап өтті. Сонымен қатар, экспортқа шығу мүмкіндігі бар құрылыс материалдарын, жабдықтар мен олардың бөлшектерін бірлесіп өндіруге қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.
Премьер-министрдің айтуынша, Үкімет инвестиция тарту және инвесторларға қолдау көрсету жүйесін жаңартып жатыр. Атап айтқанда, «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі негізінде инвесторлармен жұмысты бірыңғай үйлестіру көзделген. Сондай-ақ Kazakh Invest ұлттық компаниясын холдинг құрамына беру және инвесторларға қызмет көрсететін бірыңғай фронт-офис құру жоспарланып отыр.
Бұл өзгерістер инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңінде қолдау көрсетуге және инвесторлардың қаржыландыру құралдарына қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ал Сыртқы істер министрлігі шетелдік компанияларды Қазақстанға тарту жұмысын халықаралық деңгейде жалғастырады.
Отырыста инвестициялардың құқықтық қорғалуына да ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алатау қаласында халықаралық озық тәжірибеге негізделген инвестициялық сот құру жөніндегі бастамасы талқыланды.
«Халықтық құрылыс» – Қазақстанның инфрақұрылымын ауқымды жаңғыртуға арналған бағдарлама. Оның басталатынын Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазанда Қазақстан халқына Жолдауында жариялаған болатын.
Бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлу жоспарланған. Ал 2027 жыл Қазақстанда Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы болып жарияланды.
26 қарашадағы ресми валюта бағамы – 1 АҚШ доллары үшін 458,57 теңге.




