Евразия24Таңдаулы жаңалықтарЖетімнің жанайқайы: Қонаевқа көшіру әрекеті неліктен тоқтатылды?

Жетімнің жанайқайы: Қонаевқа көшіру әрекеті неліктен тоқтатылды?

|

|

Астана. 21 шілде. — Қазақстан Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың мәлімдеуінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы «Баганашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына көшіру жөніндегі жоспардан бас тартуға тапсырма берді.

«Алматы қаласындағы «Баганашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаевқа көшіру мәселесіне байланысты қалыптасқан жағдаймен танысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға балалар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оқу процесінің оңтүстік астанада жалғасуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ бұл мекемені қаланың балансына қабылдауды тапсырды», – деп жазды Руслан Желдібай ресми хабарламасында.

Президенттің тапсырмасына сәйкес балаларды көшіру тоқтатылды. Сонымен қатар туындаған жағдайға байланысты Президент Әкімшілігі қызметтік тексеру жүргізетін болады. Баспасөз хатшысының айтуынша, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың заңмен кепілдендірілген барлық құқықтары толық көлемде сақталады.

Евразия24:

Алматы қаласындағы «Баганашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына көшіру әрекеті қоғамда кең талқыланып, өткір сынға ұшырады. Жалпы саны 171 баланың шамамен 40-ы ғана жаңа орынға жеткізілген. Қалған балалардың наразылығы полициямен қақтығысқа ұласқан. Осы оқиға кезінде бір тәрбиеленуші қыздың денсаулығы нашарлағаны хабарланды.

Бұл жағдайға байланысты бұрынғы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин өзінің Facebook парақшасында көшіру сәтінен бейнежазба жариялап, атқарушы билік өкілдерін бала құқықтарын бұзды деп сынға алды.

«Балалардың пікірінсіз, келісімінсіз Алматыдан Қонаевқа көшіру – БҰҰ Балалар құқықтары туралы конвенциясына және Қазақстан заңнамасына қайшы әрекет. Балалар өздеріне қатысты шешімдерге – тұратын жері, білімі мен болашағына қатысты мәселелерге – қатысуға, өз ойын айтуға және не болып жатқанын білуге құқылы», – деп жазды Саин.

Оның айтуынша, бұл әрекет мемлекет тарапынан заңмен кепілдендірілген бала құқықтарының ескерілмегенін көрсетеді. Ең маңыздысы – бұл жағдайға тек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қана назар аударғаны. Егер мәселе дер кезінде көтерілсе, мұндай шиеленісті жағдай болмас еді.

Президенттің тапсырмасымен балаларды көшіру тоқтатылып, «Баганашыл» балалар үйі Алматы қаласының балансына беріледі. Сонымен қатар, орын алған жағдайға байланысты Президент Әкімшілігі аясында қызметтік тексеру жүргізілетін болды.

Бұл оқиға орталық және өңірлік билік арасындағы сенім мәселесін де айқын көрсетті. Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының атына сын айтылып, бұл жағдай оның саяси беделіне теріс әсер етуі мүмкін екені де айтылуда.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Ормуз бен Баб-эль-Мандеб: ғасырларға созылған тартыс

Байқаушылар Конгреске өткен аралық сайлаудан кейін АҚШ Иран мен Йемендегі хуситтерге қарсы әскери қимылдарын қайта бастайды деп болжайды. Пентагон мен Израильдің Қорғаныс армиясы бәрін келісіп қойған, енді Ақ үйдің саяси шешімін күтіп отыр. Ормуз бен Баб-эль-Мандеб бұғаздарын АҚШ бақылауына алу үшін Дональд Трамп қандай да бір тың тәсіл ұсына ала ма? Екіталай. Әлем үшін айрықша маңызды осы екі теңіз жолы соңғы бірнеше ғасырда не көрмеді дейсіз.

Қазақстан екінші АЭС құрылысы жөнінде Қытаймен келіссөз жүргізіп жатыр – Энергетика министрі

Қазақстан Қытайдың ұлттық атом компаниясымен елдегі екінші атом электр станциясын салу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов хабарлады.

Путин Ресейдің өзге елдермен ынтымақтасуға мүдделі екенін, ешкімге қоқан-лоқы көрсетпейтінін айтты

Ресей президенті Владимир Путиннің айтуынша, Ресей өзге елдерге бұрын да қоқан-лоқы көрсетпеген, қазір де көрсетіп отырған жоқ. Ол елінің басқа мемлекеттермен ынтымақ орнатуға мүдделі екенін айтты.

Литва мен Германия қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

Литва қорғаныс министрі Робертас Каунас пен Германия қорғаныс министрі Борис Писториус Берлинде қорғаныс саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойды. Бұл туралы сәрсенбі күні Литва Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.