Евразия24Басты бетҮкімет бөліп төлеуді несие деп тануға жақын

Үкімет бөліп төлеуді несие деп тануға жақын

|

|

Кредиттік портфельдің, әсіресе кепілсіз тұтынушылық қарыздар көлемінің артуы Үкіметті алаңдатуда. Жоғары базалық мөлшерлеме жағдайында банктер бизнесті белсенді қаржыландырып отырған жоқ, есесіне тұтынушылық несие өсуде. Солардың бірі – азаматтарға арналған тауар сатып алуға берілетін пайызсыз бөлшек төлемдер. 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, жалпы 37,1 трлн теңгелік кредиттік портфельдің ішінде тұтынушылық қарыздар көлемі 15,7 трлн теңгеге жеткен. Бұл — портфельдің шамамен жартысына жуығы. Аталған 15,7 трлн теңгенің ішінде таза ақшалай несиелермен қатар, бөлшек төлемдер де бар. Үкімет олардың шын мәнінде пайызсыз еместігін ашық айтып отыр және жыл соңына дейін «ойын ережелерін» өзгертуге ниетті.

Бәрі 2025 жылдың шілде айында Ұлттық банкте өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің мәлімдемесінен басталды. Ол тауар бағаларын төлем тәсіліне қарай — бөлшек төлеммен (рассрочка), несиеге немесе қолма-қол төлеуге — бөліп көрсету мәселесі талқыланып жатқанын хабарлаған болатын.

Тамыз айында бұл мәселе бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин де пікір білдіріп, қолдау танытты (https://informburo.kz/novosti/ne-platit-za-cuzuiu-rassrocku-vlasti-do-konca-goda-resat-poiaviatsia-li-v-kazaxstane-dva-vida-cennikov ).

«Иә, біз бұл мәселені қарастырдық. Мұндай тәсілді шартты түрде қос баға деп атайды. Қолданыстағы заңнамада ол рұқсат етілмеген. Бірақ мәселе мынада: сіз техника сатып алып, оны бөліп төлеу арқылы рәсімдесеңіз, тауардың бағасына сол бөліп төлеудің құны — шамамен 15–20% — бастапқыда қосылып тұрады. Тұтынушылардың екі санаты бар: біреуі бөліп төлесе, енді біреуі бірден төлейді. Бірақ екеуі де дүкенде бір бағаны көреді. Ал ол бағада бөліп төлеудің құны бар екенін көпшілік біле бермейді», – деді Үкіметтегі брифингте Серік Жұманғарин.

Вице-премьердің айтуынша, банктер тарапынан бұл бағытта белгілі бір теңгерімсіздік бар, және бұл жағдай жасырын емес. Алайда оның пікірінше, тұтынушыда әрқашан таңдау құқығы болуы тиіс: тауарды қосымша үстемақысыз бірден төлеу немесе бөлшек төлеммен, бірақ қымбатырақ бағамен алу.

«Қазіргідей жағдайда, бірден төлейтін адамдар бөлшек төлеммен алатындарды жанама түрде қаржылай қолдап отыр,» – деді Жұманғарин өз сөзінде.

Жақында ғана «адал баға» бастамасын қолдаушылар қатарына Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) төрайымы Мадина Әбілқасымова да қосылды.

Ол тауарларға баға белгілеу агенттіктің құзыретіне кірмейтінін атап өтті. Соған қарамастан, бағаларды төлем тәсіліне қарай нақты көрсету идеясын жалпы қолдайтынын білдірді.

«Тауарлық желілер тауарды бөліп төлеу арқылы ұсынатындықтан, мұндай бөлшек төлемдер банк арқылы рәсімделеді. Сондықтан артық пайыз есептелмеуі өте маңызды. Егер біз тауарлық бөліп төлеуді несиенің бір түрі ретінде қарастырсақ, онда ол барлық несие беру талаптарына сай болуы керек.

Бөлшек төлеммен алған адам – бұл іс жүзінде қарыз алушы, сондықтан ол қанша артық төлейтінін нақты білуі тиіс. Егер тауарды бөліп төлемсіз алса – бір баға, ал егер бөліп төлеумен алса – оған қанша үстеме қосылатыны ашық көрсетілуі қажет», – деді ҚНРДА төрайымы.

Мадина Әбілқасымова — қаржы-экономикалық блоктағы шенеуніктер үштігінен тауар бағаларын белгілеу агенттік құзыретіне кірмейтінін нақты мойындаған жалғыз тұлға. Қазақстан өзін нарықтық экономикасы бар мемлекет ретінде жариялағанымен, баға бақылауы мәселесінде орталықтандырылған, жоспарлы жүйеге тән тәсілдерді қолдануды жалғастырып отыр.

Тұтынушы тауарды банк арқылы бөліп төлеуге рәсімдеген кезде, бағаның ішінде сатушы мен банктің маржасы бар екенін түсінеді. Өйткені банк бөлшек төлем мерзіміне сатушыға өз қаражатын алдын ала беріп, қайтарылмау тәуекелін өз мойнына алады. Ал бизнес өз тарапынан тауар сатуға арналған инфрақұрылым мен сауда алаңдарын қамтамасыз етеді.

Сондықтан, егер тұтынушы келісіп, төлеуге дайын болса, бөлшек төлеммен сату кезіндегі кез келген баға әділетті болып саналады. Нарық бағаны да, сатып алу шарттарын да өзі реттейді. Егер бұл жүйе жұмыс істемегенде, Қазақстанда «қара жұма» секілді акциялар кезінде туындайтын тұтынушылық сұраныс мүлде болмас еді.

Мемлекеттің қос бағаларды заңнамалық деңгейде енгізуге ұмтылуының себебі туралы белгілі бір жорамал бар – билік тұтынушылық несиелеу құрылымында қазақстандықтардың нақты «тауарлық» сатып алуларының үлесін анықтауды көздеуі мүмкін. Бәлкім, бұл деректер банктердің қатаң есептілігі арқылы онсыз да белгілі болар. Дегенмен, ашық дереккөздерде қазіргі таңда несиелік портфельдің қанша триллион теңгесі дәл осы тауарлық бөліп төлеу арқылы қалыптасқаны туралы нақты ақпарат жоқ.

Банк пен дүкендер бөліп төлеуді «пайызсыз» деп көрсетіп, тұтынушыларды жаңылыстырады, ал мемлекет осыған алаңдап отыр деген тезис – аса сенімді немесе салмақты дәлел болып көрінбейді. Бұл пікір әлеуметтік маңызы бар тауарларға үстемеақы қосқандарды іздеп, дүкендерді аралайтын «баға патрульдерін» еске салады.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 2026 жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімін жою жоспарланып отырғанын айтты (https://kaztag.kz/ru/news/otkazatsya-ot-spiska-sotsialno-znachimykh-prodtovarov-v-kazakhstane-khotyat-uzhe-v-2026-godu ). Алайда сонымен бір мезгілде басқа мемлекеттік органдар тауарларға қосарлы баға енгізуге дайындалып жатыр. Нарықты бақылауға алуға тырыса бергенше, халықтың табысы мен өмір сүру сапасын арттыруға нақты қадам жасаған жөн емес пе?

Қазақстанда нақты табыс өсімі тоқтап, бұл жағдай жоғары деңгейдегі инфляциямен, әсіресе азық-түлік бағасының өсуімен ұштасып отыр. Бұл мәселені Ұлттық банк те ресми түрде мойындады. Халық қысқа мерзімді бөліп төлеу құралдарына жаппай жүгінуінің негізгі себебі де – осы. Халықтың бір бөлігі қымбат тұрмыстық техника мен жиһазды бір жолғы төлеммен сатып алуға материалдық тұрғыдан дайын емес. Соған қарамастан, кір жуғыш машина немесе тоңазытқыш секілді аса қажет тауарларды иелену үшін, олар 15–20 пайызға дейінгі қосымша шығынға баруға мәжбүр. 

Үкімет тұрғысынан алғанда «әділетсіз» деп бағаланатын бөліп төлеу жүйесін әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен салыстырайық. 

Қазақстанда жұмыс істейтін әрбір азамат үшін жұмыс берушілер жалақысының 5%-ын Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына ай сайын аударып отырады. Бұл қаражат азамат уақытша еңбекке жарамсыз болғанда, жүктілік пен босану кезеңінде, асыраушысынан айырылғанда немесе еңбекке қабілеттілігін жоғалтқанда төлем алу үшін жинақталады. Алайда, аталған қорға барлық азамат бірдей қол жеткізе алмайды. Қор қаражатының 80 пайыздан астамы негізінен босанған әйелдер мен жас аналарға бағытталады. Осылайша, барлық қоғам болып ана мен баланы қолдауға өмір бойы төлем жасау – әділетті, ал бөліп төлеудегі 15–20 пайыздық үстемеақы – әділетсіз деп танылуы – қайшылықты ұстаным емес пе?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде де осындай жағдай байқалады. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ірі кәсіпорындар мен жоғары табысы бар азаматтар үшін Медициналық сақтандыру қорына төленетін жарналар айтарлықтай артады. Енді олар бұрынғыдай 10 ең төменгі жалақының (ЕТЖ) мөлшерімен шектелмей, жұмыс берушілер – 40 ЕТЖ, ал қызметкерлер – 20 ЕТЖ көлемінде жарна төлейтін болады. Бұл бастаманы көтерген – Денсаулық сақтау министрлігі. Ведомство кем дегенде 20 мың азаматтың медициналық сақтандыру жарналары не себепті өсетінін жасырмай мәлімдеді (https://www.gov.kz/memleket/entities/kmfk/press/news/details/1034682?lang=ru ).

«Салық салынатын табыстың жаңа шегін енгізу арқылы жүйедегі әлеуметтік әділеттілік күшейтіледі. Қазіргі жағдайда жоғары табысы бар азаматтар табысына сай жарна төлемей отыр. Бұл қадам МӘМС қорының қаржылық тұрақтылығын арттырып, 2026 жылы жүйеге қосымша 200 млрд теңге көлемінде қаражат түсіруге мүмкіндік береді», – деп көрсетілген Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ресми хабарламасында.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медициналық сақтандыру жүйесінің Қазақстанда «ұжымдық жауапкершілік қағидатына» негізделіп жұмыс істейтінін ашық мәлімдеді: «дені сау — науқас үшін, табысы жоғары — табысы төмен азамат үшін төлейді», — деді министр.

Алайда, бұл жүйеге жарна төлейтіндердің барлығы, әсіресе жоғары табысы бар азаматтар медициналық қызметті нақты пайдаланады деу де екіталай. 

Әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелеріндегі жоғарыда айтылған мәселелер Серік Жұманғариннің алаңдаушылығын тудырмайды. Есесіне, ол дүкендерде «тауарды бірден төлеп алатын азаматтар, іс жүзінде, оны бөліп төлеп алатындарды қаржылай қолдап отыр» деген жайтқа ерекше мән береді.

Халық арасында бұл жағдайды сипаттайтын белгілі бір нақыл сөз бар, бірақ біз мұндай өткір теңеулерге жүгінбей-ақ қояйық. Өйткені вице-премьер, Ұлттық банк төрағасы және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы өз бастамаларын, сөзсіз, әлеуметтік әділеттілік қағидаттарына сүйене отырып жүзеге асырып отыр.

Бұл мәселе банк пен дүкендер бөліп төлеу кезіндегі үстемеақыларды салық органдарынан жасырып отырғанда ғана өзекті болар еді. Алайда мұндай тәжірибе жоқ. Есесіне, барлық салада баға өсіп жатқан тұста қосарлы баға белгілеу тұтынушылар тарапынан әртүрлі қабылдануы мүмкін. Егер банктер бөліп төлеу арқылы кредит беру құралынан мүлде бас тартса, тұтынушылар үшін қымбат тауарларды бөліп төлеу арқылы сатып алу мүмкіндігі жабылуы мүмкін. Мұндай жағдайда дүкендердің сауда көлемі құлдырап, ал халықтың таңдауында тек кепілсіз ақшалай несиелер ғана қалады. Ал олардың пайыздық мөлшерлемесі 15–20 пайыздық үстемеден де жоғары, яғни үкіметтің алаңдаушылығын тудырып отырған көрсеткіштен де ауыр.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Вучич Ресейдің Сербияға газ жеткізу жөніндегі ұсыныстарына көңілі толмайтынын білдірді

РИМ. 11 қазан. ИНТЕРФАКС – Сербия президенті Александр Вучич...

Тоқаев елордалық Ботаникалық бақта ағаш отырғызу акциясына қатысты

АСТАНА. 11 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев...

Пхеньяндағы шеруде алыс қашықтыққа арналған жаңа зымыран көрсетілді

Гонконг. 11 қазан. ИНТЕРФАКС – Солтүстік Корея астанасы Пхеньянда...