КҮШІНЕ СЕНГЕН КӨРШІЛЕР
Шалғай батыста көшпенділердің жерлері көптеген орыс княздіктерінің аумақтарымен шекаралас болғандықтан, Мәңгі Ел Үкіметі оларды болашақта қой жүнін де, Қытай мен Үндістаннан әкелінген көпшілік тұтынатын тауарларды да сататын нарық алаңы ретінде қарастыра бастады.
Өкінішке орай, 13-ғасырдың басындағы орыс жерлері өзара әскери қақтығыстардан көз ашпады. Көпшілігінің қандас туыстығына қарамастан, басшы-князьдар жерге таласып немесе руаралық жанжалдар мен тойымсыз ашкөздіктен дәйім бір-бірімен соғысып жататын. Соның кесірінен орыс князьдіктерімен Үлкен сауда ұйымдастыру екіталай еді.
Орыс князьдіктеріндегі экономика табиғи шаруашылыққа негізделді, диқандары мен қолөнершілері бірдей өнім өндіретіндіктен, олардың араларында сауда болмады. Жұрт бір-бірімен жаппай тауар алмасатындықтан, салық салу қиын еді. Жер иеленуші-князьдар қол астындағылардан салық пен жал ақысы ретінде табиғи өнім жинайтын, бірақ, бәрібір кедей тұратын, бұл оларды ара-тұра іргедегі орыс князьдіктеріне де, шығыстағы көршілес көшпенділерге де шапқыншылық жасап, тонауға итермеледі.
Князьдіктердің қарулы күштері 20-50 кәсіпқой жауынгер мен анда-санда жиналатын, сол себепті, нашар қаруланған, әскери іске машықтанбаған халық жасағынан құралған шағын дружиналар еді.
Ұлттық Сауда Корпорациясы аналитиктерінің болжамдары бойынша, орыс князьдіктерінің халқы суық климатқа байланысты жүнді көптеп алатын, Хорезм мен Қытайдан әлденеше есе үлкен нарық алаңына айналуы мүмкін еді. Жыл сайын орыс нарығында Мәңгі Елдің барша малшылары бір жылда өндіретін бүкіл жүнді сатуға болады. Күндердің-күнінде орыс княздіктерімен ауқымды сауда қатынастары орнай қалса, Федерацияның экспортқа жүн шығару бойынша бүкіл әлеуеті барынша іске асырылады деп санай беруге болады.
Орыс жерлері арқылы Ұлы Жібек жолымен жөнелтілетін тауарларды бай еуропалық корольдіктерге тасу мүмкіндігі да қарастырылды. Алайда, есептеп қарағанда, Еуропа нарықтары тым жырақта жатқандықтан, құрлықпен жүретін керуендермен тауар жеткізу ақысы да шарықтайды екен, соның салдарынан тауарлар шектен тыс қымбаттап, тұтынушылар аясы тарылып, сату көлемі мүлде азаяды. Еуропаға салмақты көлемде тауар шығару үшін, неғұрлым арзанырақ көлік пен жол іздеу қажет еді. Сол үшін, Еуропаға орыс жерлері арқылы тауар тасу мәселесін кейінге қалдырып, әзірше «Орыс Мәселесі» деген құпия атау берілген міндетті шешу ұйғарылды.
Федерация, әдеттегідей, бейбіт мәнерде әрекет етіп, орыс Князьдарын әуелі Біртұтас Экономикалық Кеңістік пен Кеден Одағына кірсе, экономикалық даму тұрғысында зор мүмкіндіктер туатынымен қызықтыруға тырысты.
Сыртқы Барлау қызметінің орыс тыңшылары жасырын түрде Князьдарға шығыстағы көрші Мәңгі Елдің байлығы туралы, ондай байлыққа біріккен аумақтардағы кедергісіз сауданың арқасында жеткені туралы ауық-ауық ақпарат тастап отырды.
Болжағандай-ақ, Орыс Князьдары бұған оң ыңғай бермеді. Бір кездегі Хорезм Хандығының Билеушісі сияқты, орыс Князьдары үшін де Кедендік Одақ Ережелері нағыз ақымақтық болып көрінді. «Сонда қалай – жердің иесі бола тұра, сол жер арқылы өткендерден алым-салық я ақы алмаймыз ба? Жоқ, біздің жерлерімізбен керуен түгілі, шыбын-екеш шыбын да тегін ұшып өтпейді!» — деп күпсінді олар.
Князьдіктердің Билеушілері өз арасындағы атам заманғы араздықтан бірікпек түгілі, бірігу туралы ойлануға да мұршалары болмады; бәріне ортақ сыртқы жаумен соғысу керек болса, бір сәрі, онда бірдеңе етіп келісуге болады, бірақ, бірлесіп ақша тауып, табысты бөлісуге олар өліп бара жатса да келіспейді!
Бұрын ылғи көршілес көшпелі тайпаларды тонап, олардың әлсіздігіне, өздерін ешкім жазаламайтынына үйренген Князьдар, күндердің күнінде ол тайпалардың жүнді бұрынғыдан көп өндіріп, оны бір жерге сәтімен өткізіп, табысқа кенеле бастағанын білгенде де, көп ойланып жатпай-ақ: «Тіпті жақсы! Ол дінсіздерді бұрынғыдан бетер тонап, одан сайын байимыз» деп түйді. Ол түсінікті де, өйткені, олар ежелден-ақ төңірегіндегілерді тонағаннан басқа, ақша табу тәсілін білмеген, жаңа бірдеңе ойлап табуға тағы талап қылған емес.
Сөйтіп, келе-келе көшпенділерден қымқырған дүние-мүлік арасында Қытай мен Хорезмнен әкелінген қымбат импорт тауарлар – керемет сәнді парсы кілемдері, жібек маталар, әдемі қару-жарақ пен ыдыс-аяқ жиі кездесетін болды. Тонаушылардың тәбеті ашыла түсті! Алайда, орыс Князьдары ендігі жерде баяғы бытыраңқы көшпенді тайпаларды емес, алып Федерацияның азаматтары мен салық төлеушілерін тонап жатқандарын, олардың артында Мәңгі Ел тұрғанын, ондай мықты мемлекеттік құрылым мен күш-қуат еуропалықтардың түсіне де кірмегенін сезген жоқ!
Орыс Князьдарының осы басбұзарлығы туралы шағымдар әуелі тексеріліп, ресми расталуы қажет болғандықтан, көшпенділерді шабуылдап, тонағаны үшін, оларды жазалау жағы кешеуілдеген еді; оған қоса, Сыртқы Барлау тыңшылары қажетті мәліметтерді жинағанша, Бас Штаб Русьті күшпен тыныштандырып, бейбітшілікке көндіру бойынша Операцияны мұқият жоспарлап, қажетті ауқымда Мәңгі Ел Әскерінің экспедициялық бөлімшесін жорыққа дайындағанша да біршама уақыт өтті.
Көшпенділер тойтарыс бермеген соң, өз істерінің дұрыстығына, ол үшін жазаланбайтынына сенімді орыс Князьдары, тіптен, құтыра түсті!
Бұл екі арада Федерация орыс Князьдарының шабуылдарын тоқтатуға тырысты, алайда, көшпенділерден түскен олжаның байлығы мен көптігін көрген әлгілер тоқтамақ түгілі, одан сайын құныға түсті.
Сыртқы Барлау тыңшылары оларға көшпенділерді шауып, тонаудан тыйылмаса, күндердің күнінде Мәңгі Елдің шекараларын қорғауға Федерация Әскері келетінін, ал, оның, кемінде, 40 000 жауынгерден тұратынын сырт құлақ арқылы жеткізді! Бірақ, орыс Княздары бұны да келемеж қылды:
– Өй, сол жалғыз-жарым қой баққан шопан халықсымақта қайдағы Әскер?! Өздерінің саны Айдағы адамдардан да аз ғой! Олардың қысық көз еркектерін көргенбіз – бойлары быртық, тыртиған арық, тура өздерінің жатаған аттары секілді! Одан да мына біздің жасақтың жігіттерін айтсаңшы, сайдың тасындай сарбаздарымыз бірінен бірі өтеді – өздері аққұба, жауырындары қақпақтай, беттері табақтай, жұдырықтары тоқпақтай! Кез-келген жаудың тас-талқанын шығарамыз, осыдан жолап көрсін!
Алайда, көп ұзамай, тонағыш Князьдардың өз басына да күтпеген жерден бұлт үйірілді! Шығыстағы орыс Князьдарының аяқ астынан байыған көшпенділерді тонап семіргенін естіп, батыстағы Князьдардың да құлқыны ашылды. Олар шұғыл түрде орыс Князьдарының Төтенше Жиналысын ұйымдастырып, олжаға ортақтасқысы келетіндерін ашық айтты.
— Ұяттарың бар ма, өле жегенше, бөле жесеңдерші?! Қане, сәл ығысыңдар, көшпенді көршілеріңді біз де тонайық, әйтпесе, өздеріңді сілкілейміз, – деп мәлімдеді олар.
Бұл зілді мәлімдемеден шығыстағы орыс князьдары батыстағы князьдармен жаңа әскери қақтығыстар қаупі төнгенін түсінді.
Жаны қысылған Ұлы Киев Князінің басына кенет керемет ақылды ой келе қалды:
– Осы неге біз, қаны мен діні бір бауырлар, үнемі керісіп, бір-бірімізбен ұрыса береміз? Міне, қазір де шекара бойындағы шабуылдардан түскен олжа үшін қырқыспақпыз! Одан да арыдан ойлап, бәріміз бірге Шығысқа аттанайық, өйткені, шетелдік тауарларды сол жақта шығарып, сосын бер жақтағы қысық көздерге сатуға әкеледі ғой! Осы отырған баршамыз жасақтарымызды біріктіріп, бір қол боп, әлгі дінсіздердің Әскері бар екені рас болса, ақтық рет айқасып, біржола күйретсек, қатып кетер еді! Одан соң, анау, аты қалай еді, тілім де келмейді, Монгол ма еді, сол елді құмардан шыққанша аралап, қалағанымызша тонаймыз, олардың иен-тегін байлығы бәрімізге жетеді!
Оның керемет идеясына барлық Князьдар мәз болып, бірауыздан қолдағаны түсінікті, сөйтіп, орыстар Шығысқа қарай жорыққа дайындала бастады! Көшпенділердің Әскерін бет қаратпай басып тастау үшін, кемінде 100 000 адамнан тұратын қол жинамақ болды, десе де, олар жау жағы 40 000 сарбаз шығаратынына сенбеді, «өтірік қорқытқандары ғой, одан әлдеқайда аз болар» десті! Сосын қарапайым славян халқына былай деп жар салды:
— Соғысқа баратындардың барлығын Князьдар 2 жылға салықтан босатады, түрмеден шығарып, қылмыстық істерін жабады, әкете алғандарыңша тонауға рұқсат етеді, соқа тісі тимеген сол құнарлы даладан қалағандарыңша жер береді! Ә, құрғыр, ұмытып кете жаздаппыз ғой – оған қоса, Князь күн сайын күшті қол сырасын беріп тұрады, аузы-мұрындарыңнан шыққанша ішесіңдер!
Шіркеулердегі поп біткен жексенбілік уағыздарда маңдайларын иконаларға қоймай ұрғылап:
— Орыс халқы, тұрыңдар, өзіміздің озық та кемел дініміз үшін «кәпірлермен» соғысуға барамыз, егер ол соғыста, Құдай бетін ары қылсын, араларыңнан біреулер қаза табатын болса, біз оларды бірден жаннат бағына жөнелтеміз, ал, ол жерде рахат, рас айтамыз! – деп сайрады.
Үгіт-насихаттың пайдасы тиіп, – нәтижесінде, орыс тарихшыларының айтуынша, Мәңгі Елмен соғысып, пайда тапқысы келген 100 000-нан астам орыс ерлері Киевке келіп жетті. Орыс халық жасағына дінге табынушылар ғана емес, көбінше «несібеден қағылған» – көпбалалы үйлердің кенже ұлдары, жерсіз жалшы-малайлар, ішімдікке салынған небір маскүнемдер мен қылмыскерлер, оңай олжа қуған жанкештілер мен басқа да содыр-сотқарлар жиналды. Дені дұрыс халық оған қуанбаса, түк ренжімей, осындай тамаша бастама көтерген Князьдарға алғыс айтып, іштей «кеткен жасақ қайтып келмесе екен» деп тіледі!
Көп өтпей-ақ, алдағы басқыншылыққа ұйытқы болған озбыр Киев Князына бір топ мәмілегерді ертіп, Мәңгі Елдің Елшісі келді; құр келмей, қымбат сыйлық арқалап, Федерация Үкіметінен сәлем хат әкелді. Қысқашалап айтқанда, ол хатта былай деп жазылған еді: «Құрметті орыс көршілер, сіздер бізге соғыс ашпақ екендеріңізді білеміз, өтінеміз, олай ете көрмеңіздер! Біз сіздерді мазаламаймыз ғой, сіздер де бізге тимеңіздер!».
Резиденциясының терезесінен 100 000 адамнан тұратын орыс әскеріне қарап отырып, Киев Князы бұл «Бейбітшілік хатын» Федерацияның қорқақтығы мен дәрменсіздігінің дәлелі деп түсініп, Мәңгі ел мәмілегерлерінің тарту-таралғысын алып қалып, өздерін өлтіруге бұйрық берді!
- Азғын!!! – дерсіздер ашынып, ашынатын жөндеріңіз бар! Түйсігі барлар біледі – қарусыз бітімгерлерді бейбіт заман түгілі, ұрыс-соғыс кезінде өлтірудің өзі аярлық, пасықтық болып саналады.
Кітаптың бірінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Алғы сөз»
Кітаптың екінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Зор күмәндар бастауы»
Кітаптың үшінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Халықтың аспаздық өнері – тарих айнасы»
Кітаптың бесінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы Қытай қорғаны»
Кітаптың алтыншы бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы Қытай қорғаны. Моңғол ұғымы»
Кітаптың жетінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Қазақстан туы. Тәңіршілдік»
Кітаптың сегізінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Кедей қалай хан болды?»
Кітаптың тоғызыншы бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Мәңгі ел құру жоспары»
Кітаптың оныншы бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Көшпенділердің жаңа экономикалық саясаты»
Кітаптың он бірінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы сауда көлігі»
Кітаптың он екінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. «Жүн жолы» жобасы»
Кітаптың он үшінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Мәңгі елдің қарыштап өсіп-өркендеуі»
Кітаптың он төртінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы хан сайлауы»
Кітаптың он бесінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Хорезм ілгерілеуге қарсы»
Кітаптың он алтыншы бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Хорезм халықтарының жүректерін жаулау»
Кітаптың он жетінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Екінші мыңжылдық тұлғасына қарсы»