Сыртқы Барлау тыңшылары қайғылы жағдайды дереу Орталыққа хабарлады. Сөйтіп, бүкіл Мәңгі Ел Әскері Елшілік дипломаттарының залымдықпен өлтірілгенін естіп білді. Айбарлы командирлер мен тәжірибелі жауынгерлер Русьті бейбітшілікке мәжбүрлеу Операциясына сұранып, Әскердің Бас Штабы Ортаға ұжымдық өтініштер жолдады. Олар енді оны Жазалау Операциясы деп атады!
Бас Штаб Орта Операцияға әзірлікті тездете түсті. 1223-жылдың наурыз айында орыс шекараларына жақын жердегі аса тәжірибелі командирлер Жебе Ноян мен Сыпатай Батыр (орысша – Субедей) бастаған 20 мың салт атты екі түменді шұғыл түрде Киев тарапына аттандырды. Олар Хорезм уәлаяттарын Мәңгі Елге қосу орайындағы екіжылдық шеруді аяқтап, Солтүстік Кавказдың минералды суларында тынығып жатқан болатын.
Бас Штаб қолбасыларға Мәңгі Ел шекарасында орыс әскерінің жолын кесіп, оның шабуылын тежеу міндетін жүктеді. Дұшпан санының бес есе басымдығына байланысты, орыстармен жойқын шайқастан жалтарып, оларды ұсақ қақтығыстарда діңкелетіп, иен даланы бетке алып шегіне беру тапсырылды. Бұндағы мақсат шығыс аймақтардан батысқа тағы екі түмен тартылып, ұрысқа қосылғанша уақыт ұту еді. Нұсқауда қапы жоқ – бәрі дұрыс, бәрі түсінікті. Тек Бас Штабтағы стратегтер соғыс өнеріне әбден машықтанған Жебе мен Сыпатайды жете бағаламаған еді! Ал, қос батыр көмек келгенше қарап отырмады! Қанеки, қадірлі отандастар, олардың не істегенін көрейік!
Сыртқы Барлау қызметінен орыс әскерінің бағдарын біліп алған олар, шекара шегіндегі Қалқа («қалқан» сөзінен шыққан) өзеніндегі өткелге жақын жерге түмендерімен бірге жасырын кеп жайғасты. Көп ұзамай, сол маңайға қисапсыз көп орыс полктері келіп жетіп, түнемелге қостарын тікті. Олар келісімен, Жебе мен Сыпатай Сыртқы Барлау тыңшыларымен бірлесе әрекетке көшіп, «Желпуіш» деген құпия атаулы тактикалық операцияны бастады, оның мәнісі – жауды желпуіштей жайылып, бір-бірінен ажырап, алшақтап кеткен жерінен біртіндеп құрту. Осынау тиімді тактикалық тәсілді заманауи әскер мен арнайы қызмет оқулықтарына енгізу қажет.
Өз жасағын ерткен орыс Князьдарының әрқайсысы осы жорыққа қара басының ғана қамын көздеп шыққан болатын. Олардың әрқайсысы көшпенділерді жеңген жағдайда басқа 20 Князьбен атақ-даңқты да, олжаны да бөліскісі келмеген еді. Бір-бірін ұнатпайтыны сондай, тіпті, Қалқа өзенін жағалай қосындарын да бір-бірінен аулақ орналастырды!
Өмір бойы бір-бірімен жауласып, бір-бірін жасырын да, ашық та жек көріп келе жатқан, тек көшпенділердің қалың Қолымен айқасу үшін ғана бастары қосылған Князьдар, кез-келген сәтте біріккен әскерді тастап, оңай олжаның соңынан беталды тұра шабуға даяр еді!
Қалқа өзеніне жақындағанда, орыс шолғыншылары көшпенділердің 20 жауынгерден тұратын шағын жасағын көрді. Олар қарсы бетке жайғасып, аттарын шомылдырып, ет қуырып, көктемгі күнге емін-еркін шуақтап жатқан еді!
Галицкий князьдығының салт атты дружинасы жалма-жан шығыс жағалауға өтіп, көшпенділерді қуып берді, қорқақ көшпенділер тым-тырақай қаша жөнелді. Сөйтіп, бір-екі шақырым өткенде, орыстар (неткен сәттілік десеңізші!) жапан түзде тең-тең қытай жібегі, қымбат бұқар кілемдері тиелген, үстінде зәресі ұшқан екі арбакеш шал отырған 2 сынық арбаны ұшыратты!
Кешкілік Қалқаның батыс жағасына оралған ержүрек Галицкий дружинасы алғашқы жеңісі мен алғашқы олжасын дүркірете тойлап, өз Князін мадақтап, тартып алған кілемдер мен жібектің буына масайрап, бөсіп отырды!
Ал, қалған Князьдар өз шатырларының қасында тістері шықырлап, қызғаныштан жарылардай боп отырған. Сол екі арада әр Князьға түн жамылып бір-бір қара торы адам келіп, өздерін «Галицкий жасағының тілмәшымын» деп таныстырып, ақырын ғана ымдап, былайырақ шығып, оңаша сөйлесуге шақырды.
Қобалжыған болып, жан-жағына алақтай сөйлеген олар, Князьдардың құлағына төне сыбырлап, мынаны хабарлады:
- Мен өзімнің сараң Князымнан тығылып, түсініксіз шүлдір-былдыр тілде сөйлейтін әлгі арбакеш шалдарды тергеп, күндіз Галицкий дружиналарынан қашып кеткен анау 20 салт аттының кім екенін біліп алдым. Олар Бұхарадан, Самарқан мен Хиуадан тауар тиеген, 100 арбалық үлкен керуенді күзетуші жасақтың бір бөлігі екен. Ол жасақ кеше таңертең ғана осы жерден аттанып, көшпенді қыпшақтар сақарасына бет алыпты. Князь, керуенді қуып жет. Сенің полкың ол керуеннің күзетінен бес есе көп қой. Бүкіл тауар сенікі болады. Ал, менде оның бағыт-бағдары, тоқтайтын жерлері көрсетілген жол сызбасы да бар. Ана екі арбакешке керуенбасының өзі сызып беріпті, арбаларын жөндеп болған соң, керуенді іздеп тауып алсын деп!
- Соқ өтірікті, сығыр көз неме! Қане, көрсетші!
- Иә, саған, ақымақты тапқан екенсің. Қазірдің өзінде мені «сығыр» деп мазақ қылып тұрсың, ал, керуенді таппай қалсаң, тіптен, басымды жұлып аларсың! Былай болсын, сен қазір керуендегі әрбір арба үшін бір-бірден – алақаныма 100 күміс ақша сал. Сонда мен саған жол сызбасын беремін. Шынымды айтсам, сызба бұдан да қымбат тұрады. Өзім сендермен бірге барсам, олжадан да үлес сұрар едім. Бірақ, кетуіме болмайды. Ертең Князым, Мстислав Галицкий, ұйқысы қанып, тұрған соң, мені іздейді. Ал, мен үй-ішімның амандығына бола қорқамын. Кетіп қалсам, ол елге оралған соң, бәрін бауыздап тастайды ғой!
Сонымен, олар ұзақ саудаласты. Ақыры тілмәштар құпия «жол сызбаларын» Князьдарға жарты бағасына сатып, ақшасын алып алды. «Қалғанын керуенді тонаған соң төлейміз» деген жалған уәделеріне сенген кейіп танытты. Князьдардың бәріне жеке-жеке жолыққан тілмәштар Киев Князына ғана бармады. Оның өз себебі бар еді.
Ертеңінде шығыс жағалауда киевтіктер мен кеше кешке өлгенше ішкен Галицкий сарбаздарынан басқа бірде-бір Князь жасағы қалмады. Барлығы шұғыл жиналып, түн қараңғысында қыпшақ даласына тартып отырды. Ашкөз ақымақ тілмәштардан сәтімен сатып алған «өзінің» құпия жол сызбасымен әрқайсысы «өз» керуенінің соңына түсті.
Таңғы астан кейін Галицкий жасағы да сақараға бет түзеді. Ал, ешкім ештеңе айтпаған киевтіктер Қалқа өзенінің жағасындағы өз қостарында аңырып қала берді. Тілмәштар мен тұтқын арбакеш шалдар да (бәрі Сыртқы Барлау қызметкерлері) зым-зия ғайып болды.
Орыс полктары көкжиекке қарай жалпақ желпуіштей жайылып, арбалардың сорабымен әркім өзінің «елес-керуенінің» соңынан қуа жөнелді. Олжаға құмартып, өршелене қуған олар әрбір жарты күн сайын жаңа ізге түсіп – біресе шоғы қызарып жатқан алау орындарын, біресе ақсап қалған атты, біресе арбаның сынған доңғалағын тауып, мәз болды. Ақыры бірнеше тәулік өткенде, ыстықтан қаталап, аштық пен шөлден қалжырап, әбден сілесі қатқанда ғана ұшы-қиырсыз жусанды даланың қайырсыз түкпірінде біржола адасқандарын түсінді.
Жападан-жалғыз қалған әрбір орыс полкының жолында, ерте ме, кеш пе, көптігі адам шошырлық, бірнеше мың салт атты қол сап етіп кездесіп отырды. Олар, құдды, жаттығуда жүргендей, аспай-саспай, әлі құрыған сарбаздарды қоршап алып, қамауға түскен дәрменсіз бұғылардай, өткір жебелерімен аяусыз атқылап, жусатып салды. Өздеріңіз де аңғарған боларсыздар, бұлар Жебе мен Сыпатайдың даңқты түмендері болатын, олар барған сайын желпуіштей жайылып, бір-бірінен алшақтаған Князьдардың жасақтарын күнбе-күн бірінен соң бірін іздеп тауып, жойып отырды, екінші аптаның соңына қарай 20 полктың соңғысын жайратып бітірді.
Олар ең соңында әлі де Қалқа өзенінің жағасында жайланып жатқан, Мәңгі Ел Елшілігінің бейбіт бітімгерлерін өлтірген ақымақ Киев Князының полкын да дәл осылай садақ оғының астына алды. Осы оқиғаға байланысты КСРО тарихшылары, жазушылары мен суретшілері жеңімпаз көшпенділерді қатыгез етіп көрсету үшін, олардың тұтқынға алынған ондаған орыс Князьдарының тірідей жанышталған денелерінің үстіне ағаш тұғыр орнатып, сол тұғырларға жайғасып алып, жеңіс тойын тойлағанын майын тамыза суреттеп бақты. Кеңестік шығармашыл зиялы қауым өкілдерінің кеңестік идеологияға жат жауыздық мазмұндағы қиялдарына таң қалмасқа болмайды! Сол гуманитарлардан «Тұғыр жасай қоятындай, тақыр далаға ағаш тақтайлар қайдан келген?!» деп сұрар ма еді, шіркін!
Тұтқын Князьдардың да болғаны неғайбіл. Әскерде қызмет еткен кез-келген ер-азамат біледі – «ұрыста, ең алдымен, қарсыластың командир-офицерлерін өлтіріп, содан соң барып басқарусыз қалған қатардағы сарбаздарын қолға алу керек» дейтін бұлжымас ереже бар. Олай болса, ұрыс даласында әсем әбзелді атынан, әдемі киімі мен қымбат сауыт-сайманынан бірден танылатын Князьдар, әлбетте, өздерін нысанаға алған мерген жебелерден бірінші болып жер құшқан, сондықтан, тірідей тұтқынға түспеген.
Жалпы, біздікілер жауларын ешқашан тұтқынға алмаған. Оның әуре-машақаты көп: күзетесің, тамақ бересің, оларды ешкім ақы төлеп тұтқыннан босатып алғысы келмейді. Ендеше тұтқындап керегі не?
Айтпақшы, қазіргі заманның офицері ұрыс басталмай жатып, жау мергенінің көзіне ілігіп, оққа ұшқысы келмесе, тұлға-тұрпаты мен киімі жағынан қатардағы жас жауынгерден ерекшеленбеуі тиіс. Сондықтан, АҚШ-тың тұрақты Әскерінде офицерлер де, сарбаздар сияқты, сымбатты әрі шымыр болып келеді, лейтенанттардан бастап, төрт жұлдыз таққан ақ самайлы генералдарға дейін – барлығы таңертең ерте бағыныштыларымен бірге бір кісідей жүгіреді, ал, офицердің жорық униформасы сарбаздікінен еш ерекшеленбейді.
Сонымен, 1223-жылдың сәуір айында «дінсіз көшпенділердің» екі апталық тамаша операциясы барысында Русьтің бүкіл әскери қуаты жойылды («Қалқадағы шайқас», Википедияны қараңыз). Мәңгі Елге жорыққа шыққан 21 Князьдың ішінен 9 Князь ғана тірі қалды, өйткені, олар арып-ашыған өз полктерін айдалаға тастап, дер кезі қашып кеткен болатын. Осы 21 Князь бастаған 100 000 дружина сарбаздары мен ерікті жасақшылардың бір де бірі үйіне оралмады.
Содан қайтып орыс тарапынан Мәңгі Ел аумағына шабуылдайтын ешкім қалмады. Келешекте де ол жаққа ешкім көз алартпастай болды.
Тарихшылардың баяндауынша, 1223-жылы орыс Князьдары Қасиетті Русьті басып алып, тонауға келе жатқан «моңғол» Әскерін тоқтату үшін, біріккен қол жинапты. Қалқадағы шайқаста орыс әскері өзінің қаһармандық жанкештілігімен «моңғолдарды» тоқтатыпты-мыс. Мұндай құрбаншыл жанкештілікті күтпеген моңғолдардың қатты қорқып қалғаны сонша, әрі қарай қорғансыз қалған Руське аттап баспай, шекарадан қайтып, тек 13 жылдан кейін, 1236-жылы ғана Русьте төбе көрсетіпті-міс.
Тарихшыларға сұрақ. Орыс Князьдары көшпенділерге шабуыл жасамаған болса, керісінше, олардан қорғануды ғана ниет еткен болса, онда неге сол үшін арнайы салынған іргелі қорғаныс ғимараттары – қала қамалдарын пайдаланбаған? Қамал қабырғаларынан, тіпті, нашар үйретілген халық жасағының өзі жауға барынша пәрменді тойтарыс берер еді ғой?!
Ашық жерде орыстың жаяу әскері «монғолдардың» атты әскеріне қарсы мүлдем дәрменсіз екенін біле тұра, Князьдар сонау ит арқасы қияннан сайын далаға неменеге жетіп келген? Жарайды, табиғи су тосқауылының сыртына жасырын бекініп, Қалқа өзенінің құлама жарлы батыс жағасында қапысыз қорғаныс шебін құруға келді делік.
Олай болса, орыс полктары несіне аяқ астынан осы ыңғайлы шепті тастап, шығыс жағалауға өткен, ақыры, ол жақта жан-жаққа бытырап, бірнеше күннің ішінде қаза тапқан? Және бір кішігірім соңғы сұрақ: Киев Князы Елші мен бітімгерлерді не үшін өлтірді, олар бейбіт ниетпен келіп еді ғой?
Біздің әрбір замандасымыз осынау тағылымды тарихтан ой түйіп, ашкөз Билеушілердің бейбіт көрші халықты тонамақ арам пиғылының ақыры немен тынатынын саралай жүргені абзал.
Кітаптың бірінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Алғы сөз»
Кітаптың екінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Зор күмәндар бастауы»
Кітаптың үшінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Халықтың аспаздық өнері – тарих айнасы»
Кітаптың бесінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы Қытай қорғаны»
Кітаптың алтыншы бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы Қытай қорғаны. Моңғол ұғымы»
Кітаптың жетінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Қазақстан туы. Тәңіршілдік»
Кітаптың сегізінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Кедей қалай хан болды?»
Кітаптың тоғызыншы бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Мәңгі ел құру жоспары»
Кітаптың оныншы бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Көшпенділердің жаңа экономикалық саясаты»
Кітаптың он бірінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы сауда көлігі»
Кітаптың он екінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. «Жүн жолы» жобасы»
Кітаптың он үшінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Мәңгі елдің қарыштап өсіп-өркендеуі»
Кітаптың он төртінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы хан сайлауы»
Кітаптың он бесінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Хорезм ілгерілеуге қарсы»
Кітаптың он алтыншы бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Хорезм халықтарының жүректерін жаулау»
Кітаптың он жетінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Екінші мыңжылдық тұлғасына қарсы»
Кітаптың он сегізінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Орыс мәселесі»