Евразия24Басты бетБРИКС: жаңа экономикалық күш және жаһандық тепе-теңдіктің өзегі

БРИКС: жаңа экономикалық күш және жаһандық тепе-теңдіктің өзегі

|

|

Экономикалық және саяси салмағы артып келе жатқан дамушы елдер альянсы – БРИКС – 2026 жылы өз дамуындағы маңызды кезеңдерді атап өтпек. Атап айтқанда, Екатеринбург қаласында өткен алғашқы саммитке 17 жыл (2009), ал бірлестіктің негізін қалаған алғашқы министрлік кездесулерге 20 жыл (2006) толады. Айта кетерлік жайт: БРИКС-тің құрылтайшылары – Бразилия, Ресей, Үндістан және Қытай – бастапқыда ұйым құруды мақсат тұтпаған. Мұндай идеяны британдық экономист, Goldman Sachs инвестициялық банкінің өкілі Джим О’Нил 2001 жылы ұсынды. Ол «BRIC» атауын енгізіп, бұл төрттік XXI ғасырда жаһандық экономиканың басты қозғаушы күшіне айналып, G7 елдерін экономикалық әлеуеті жағынан басып озуы мүмкін екенін айтқан еді.

Алайда, бұл жағдайдағы назар аударарлық жайт бір емес, екі аспектіден тұрады. Біріншісі – мұндай батыл тұжырымның G7 елдерінің өкілі тарапынан айтылуы. Екіншісі – БРИКС-тің шынымен де 2023 жылдың өзінде сатып алу қабілетінің паритеті (ППС) бойынша жалпы ішкі өнім көрсеткіші жағынан G7 елдерінен озып кетуі. Сол жылы БРИКС-тің үлесі жаһандық экономиканың 35,7 пайызын құраса, G7 елдерінің үлесі 29 пайыз болды. 2024 жылы бұл айырмашылық одан әрі ұлғайды: ресми БРИКС деректеріне сәйкес, бірлестіктің әлемдік экономикадағы үлесі ППС бойынша 40 пайызға жетті. Дегенмен, Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) тәуелсіз бағалауы бұл көрсеткішті сәл төмен – 36–37 пайыз деңгейінде бағалап отыр.

БРИКС: Қалыптасу жолы мен кеңею кезеңдері

БРИКС (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка Республикасы) ұйымының тарихы, сондай-ақ оның қалыптасу үдерісі де ерекше назар аударарлық. Алғашында бұл бірлестік БРИК атауымен (Оңтүстік Африка Республикасынсыз) белгілі болған. Оңтүстік Африка Республикасы ұйымға 2010 жылғы желтоқсанда ресми түрде шақырылып, қабылданғанымен, оның толыққанды мүшесі ретіндегі алғашқы қатысуы 2011 жылғы сәуірде Қытайдың Санья қаласында өткен үшінші саммитте жүзеге асты. Бүгінгі күнге дейін БРИКС ұйымының бірыңғай жарғысы мен тұрақты хатшылығы жоқ. Мұндай құрылымдық ерекшелік бір жағынан ұйымға икемділік пен еркіндік берсе, екінші жағынан оның тиімділігін төмендетеді. Бұл тұрғыдан алғанда, БРИКС-ті Еуропалық одақ немесе БҰҰ секілді институционалды құрылымы айқын ұйымдармен салыстыру қиын.

Айта кетсек, халықаралық маңызы бар өзекті мәселелер бойынша ұстанымдарды үйлестіру БРИКС елдеріне БҰҰ мен Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) сияқты құрылымдарда бірлескен және келісілген ұстанымда сөз сөйлеуге мүмкіндік береді. Негізінде, БРИКС – жаһандық институттарды жаңғырту мен реформалауға бағытталған дамушы экономикалардың мүддесін білдіретін алаң болып табылады.

Тұрақты қызмет ететін үйлестіруші басқару органының болмауына қарамастан, БРИКС бірлестігі уақыт өте келе айтарлықтай кеңейіп, «бестік» форматынан «ондыққа» айналды. 2024 жылы 1 қаңтардан бастап ұйымның толыққанды мүшелері қатарына Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері, Эфиопия және Иран ресми түрде қосылды. Ал Сауд Арабиясы ұйымға шақырылғанымен, әлі де мүшелікке қабылдану мәселесін қарастыру үстінде. Айта кету керек, жаңа мүшелерді қабылдау шешімі ресми түрде консенсус негізінде қабылданғанымен, бұл процесс толық бірауыздылықпен өткен жоқ. Себебі, қатысушы елдердің тәсілдері мен көзқарастарында белгілі бір айырмашылықтар болған. Бұл жайтқа төменде толығырақ тоқталамыз.

БРИКС ұйымына мүше болуға нақты бекітілген критерийлер жоқ. Алайда, төмендегі жағдайларда елдің ұйым құрамына қабылдану мүмкіндігі жоғарылайды:

  • Экономикалық әлеуетінің жоғары болуы – бірлестіктің жиынтық ішкі жалпы өніміне елеулі үлес қосу қабілеті;
  • Геосаяси ықпалдың болуы – БРИКС-тің жаһандық деңгейдегі беделін арттыруға мүмкіндік беруі;
  • Көпполярлы әлем қағидаттарына бейілділік – әріптестік пен тең құқықты өзара әрекеттестікке дайындық;
  • Егемендік, ішкі істерге араласпау және өзара құрмет қағидаттарына сай келуі.

Қазіргі уақытта БРИКС-пен ынтымақтастыққа қызығушылық танытқан елдердің саны 40-тан асады, олардың 30-дан астамы ұйымға мүше болуға ресми өтінім берген (2025 жыл дерегі бойынша). Үміткер елдердің қатарында Алжир, Бахрейн, Венесуэла, Вьетнам, Индонезия (2025 жылғы қаңтардан бастап толыққанды мүше атанды), Пәкістан, Сирия, Таиланд және Түркия бар. Ал Мексика ұйымға мүшелікке өтінім бермегенін ресми түрде мәлімдеді.

Батыс елдерінде БРИКС-ке мүше немесе оған үміткер мемлекеттердің көпшілігімен тікелей не жанама сипаттағы қайшылықтар болған. Бұл жағдай олардың саяси әрі экономикалық үстемдікке ұмтылмайтын, бірақ ықпалды экономикалық серіктес бола алатын мемлекеттермен тығыз ынтымақтастық орнатуға ұмтылысын түсіндіреді.

БРИКС қызметі барысында 17 саммит өткізді, және бұл кездесулердің нақты нәтижелері бар. Атап айтқанда, 2014 жылы Халықаралық валюта қорының баламасы ретінде Жаңа даму банкінің құрылуы, 2024 жылы ұйымның кеңеюі және сол жылы Қазанда өткен саммитте ұлттық валюталармен есеп айырысу тетіктерін дамыту жөніндегі бастамалар — соның айғағы.

БРИКС ерекшеліктері

Консенсус қағидаты. Қызметі мен дамуын реттейтін ресми жарғысы жоқ, шешім қабылдайтын тұрақты органы да қалыптаспаған бірлестікке қызығушылықтың күрт артуы алғашында таңғаларлық көрінуі мүмкін. Алайда қазіргі кезеңде әлем көпполярлы жүйеге бет бұрып жатқан жағдайда, дамушы елдердің саясаткерлері үшін БРИКС-тің шешімдерді бірауыздылықпен қабылдау тәсілі мен ұлттық дамудың балама экономикалық моделіне негізделген ортақ ұстанымы ерекше маңызды болып отыр.

Альянс аясында барлық шешімдер тек бірлескен келісім арқылы қабылданады, яғни кез келген ел кез келген бастаманы тоқтата алады. Тұрақты мүше мемлекеттер саны артқан сайын мұндай ықтималдық та жоғарылай түседі. Бұл жағдай келіссөздер жүргізу мен шешім қабылдау үдерісін күрделендіріп, әсіресе мүдделер қайшылығы туындаған жағдайда уақытты талап ететіні сөзсіз. Алайда басты артықшылық — қабылданған шешімдердің барлық қатысушы елдердің мүддесіне сай келуі. Бұл өз кезегінде серіктестіктің болжамдылығын арттырып, болашақтағы ынтымақтастық бағыттарын айқын әрі тұрақты етеді.

Саяси жүйелер мен мүдделердің әртүрлілігі

БРИКС түрлі саяси құрылымдағы мемлекеттерді біріктіреді — демократиялық елдерден бастап орталықтандырылған басқару жүйесі бар мемлекеттерге дейін. Бұл ұйымға икемділік бергенімен, ортақ саяси ұстаным қалыптастыруды қиындатады. Кеңею туралы алғаш 2017 жылы Қытай «BRICS Plus» форматы аясында бастама көтерген. Ол кезде бұл — жаңа мүшелерді қабылдау емес, дамушы елдермен ашық диалог құру алаңы ретінде ұсынылды. Алайда нақты кеңею мен қабылдау шарттары 2023 жылға дейін талқылауда болды. Тек Йоханнесбург саммитінде ортақ қағидалар келісіліп, жаңа елдерді қабылдау мүмкіндігі ашылды. Бұған дейін мүше мемлекеттер болашақ қатысушыларға қандай талаптар — экономикалық, саяси немесе геосаяси — басым болуы тиіс деген мәселеде бір мәмілеге келе алмаған еді.

Ресей мен Қытай жаңа мүше ретінде Батысқа қарсы ұстанымдағы елдерді қабылдауды қолдады. Бразилия болса, БРИКС-тің негізін қалаушы ел ретінде, ұйымның шектен тыс саясилануына жол бермей, кеңею мәселесіне сақтықпен қарайды. Оның басымдық беретін бағыты – экономикалық тиімділік. Үндістан БРИКС-тің кеңеюіне күмәнмен қарап, Қытайдың ұйым ішіндегі ықпалы күшейіп кетуі мүмкін деген алаңдаушылық білдірді.

БРИКС құрамындағы мемлекеттер өзге халықаралық бірлестіктермен де белсенді қарым-қатынас орнатады. Мысалы, Бразилия мен Оңтүстік Африка Республикасы АҚШ және Еуропалық одақпен тығыз ынтымақтастық жүргізіп келеді. Осыған байланысты әр мемлекет бірнеше құрылымдағы міндеттемелерін ескеріп, сыртқы саясатын теңгерімді түрде жүргізуге мәжбүр. Алайда бұл жағдай БРИКС-тің ортақ мүддесімен сәйкес келе бермейді.

БРИКС елдері арасында бұрыннан келе жатқан өзара қайшылықтар да бар. Олар ұйым ішіндегі шешім қабылдау үдерісін күрделендіріп, тиімділігін төмендетуі мүмкін. Мысалы, Үндістан мен Қытай арасындағы Гималайдағы шекара мәселесі — екі ел арасындағы ұзаққа созылған қайшылықтың көрінісі. Сонымен қатар, олардың қазіргі халықаралық жүйеге қатысты көзқарастары да әртүрлі. Үндістан көпполярлы әлем идеясын қолдап, өз елін ықпал етуші орталықтардың бірі ретінде көреді. Қытай — әлемдік тәртіпті екі жетекші держава — Қытай мен АҚШ арасындағы бәсекеге негізделген биполярлы модель ретінде қабылдайды.

БРИКС ЖЕТІСТІГІ

2014 жылы Бразилияда өткен VI саммитте БРИКС көшбасшылары Батыс қаржы құрылымдарына балама ретінде екі негізгі институттың құрылғанын жариялады: Жаңа даму банкі (БРИКС банкі) және Шартты валюталық резервтер қоры.

БРИКС Банкі (Жаңа даму банкі) штаб-пәтері Қытайдың Шанхай қаласында орналасқан. Бұл құрылым Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің баламасы ретінде құрылды. Оның басты ерекшелігі – ұлттық валюталармен операция жүргізу арқылы долларсыз қаржыландыру мүмкіндігін ұсынуы.

БРИКС Банкінің Шанхайдағы штаб пәтері

БРИКС Банкінің маңызды ерекшелігі — басқару жүйесінің әділетті болуы. Дәстүрлі даму банктерінде дауыс құқығы салынған жарна көлеміне қарай бөлінсе, БРИКС Банкі бұл қағидаттан өзгеше. Мұнда дауыс үлесі акциялар көлеміне байланысты, ал құрылтайшы елдердің әрқайсысы 20%-дан иеленген. Бұл тәсіл іс жүзінде барлық құрылтайшы мемлекеттерге тең дауыс құқығын қамтамасыз етеді. Осылайша, БРИКС ұйымында ғана емес, оның даму институттарында да шешімдер ұжымдық басқару негізінде қабылданады.

БРИКС Банкі мен Шартты валюталық резервтер қоры тек ұйымға мүше мемлекеттерге қаржылық қолдау көрсетуге бағытталған. Бұл қолдау, ең алдымен, инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға және төлем балансына қатысты дағдарыс жағдайларында орнықты даму процесін қамтамасыз етуге арналған. Қаржылық ынтымақтастық энергетика, қаржы жүйесі, ғылым және мәдениет салаларын қолдауға басымдық береді. Бүгінге дейін ондаған ірі жоба қаржыландырылды.

Негізінде, БРИКС тобы балама төлем жүйелерін қалыптастыруға, бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуға және мүше мемлекеттер халықтары арасында мәдени алмасуды нығайтуға бағытталған жұмыстар жүргізіп келеді.

БРИКС қалыптасу кезеңінде мүше мемлекеттер арасындағы өзара есеп айырысу үшін ортақ валюта құруды жоспарлаған болатын. Бұл бастама сауда қатынастарын долларсыздандыруға бағытталған еді. Алайда 2024 жылғы қазанда Қазанда өткен XVI саммитте Ресей Президенті Владимир Путин бірыңғай валюта құру қазіргі таңда басым бағыт емес екенін мәлімдеп, басты назардың балама төлем жүйелерін дамытуға аударылғанын атап өтті. Осы ұстанымды Ресей қаржы министрі Антон Силуанов та растап, бұл мәселе жақын арада қарастырылмайтынын айтты. Соған қарамастан, сол саммитте БРИКС-ке арналған «символдық купюралар» таныстырылды. Сарапшылар бұл қадамды нақты іске асыруға емес, саяси ниетті білдіретін белгі ретінде бағалады. Ортақ валюта құру — ұзақ мерзімді мақсат. Себебі оған әр мүше елдің экономикасының ерекшелігі, саяси ұстанымдары және ұлттық орталық банктер арасындағы үйлестірудің жеткіліксіздігі кедергі келтіреді. Мұндай жоба үшін ондаған жыл қажет болуы мүмкін.

Жалпы валюта құру идеясынан бас тарту және ынтымақтастықты өзге бағыттарға бұру БРИКС елдеріне елеулі экономикалық нәтиже берді — топ ішінде ұлттық валюталармен есеп айырысу айтарлықтай жеңілдеді, ал доллар мен еуроны, сондай-ақ SWIFT, Visa және Mastercard сияқты батыстық жүйелерді айналып өтетін балама төлем механизмдерін әзірлеу басты назарға алынды. Мұның бәрі 2018 жылы БРИКС Іскерлік кеңесі жариялаған BRICS Pay жобасының дамуына байланысты жүзеге асуда. Жоба 2025 жылы тамызда алғаш рет таныстырылып, қазіргі уақытта пилоттық сынақтар кезеңінен өтіп жатыр және кеңінен енгізуге дайындық жүргізілуде. 2025 жылы БРИКС аясында ұлттық валюталармен жүргізілген транзакциялар үлесі әртүрлі: Ресей мен БРИКС арасындағы саудада бұл көрсеткіш 90%-ға дейін, Ресей мен Қытай арасында шамамен 95%-ға жетсе, жалпы блок бойынша негізгі сауда бағыттарында (мысалы, юань арқылы есеп айырысуда) шамамен 50%-ды құрап отыр. Алайда бұл үрдіс барлық елдер мен бағыттарда біркелкі емес.

Экономикалық маңыздылығы және әлемдік экономикадағы үлесі.БРИКС-тің экономикалық қуаты үнемі артып келеді, және бұл бірлестік жаһандық аренадағы негізгі ойыншылардың біріне айналуда. Ұйым дәстүрлі экономикалық блоктармен, соның ішінде «Үлкен жетілікпен» (G7), бәсекеге түсуге қабілетті екенін көрсетіп отыр.

БРИКС жаһандық кеңістікте

БРИКС мемлекеттері әлем халықтарының шамамен жартысын біріктіреді — бұл 3,5 миллиард адам, немесе жер шары тұрғындарының 45%-ы.

«Ондықтың» экономикалық қуаты стратегиялық салаларда айрықша көзге түседі: бірлестік әлемдік мұнай өндірісінің 40%-дан астамын және ауыл шаруашылығы өнімдерінің 42%-ын қамтамасыз етіп отыр. Бұл көрсеткіштер БРИКС-ті жаһандық азық-түлік және энергия қауіпсіздігінің маңызды тірегіне айналдырады.

2024 жылы БРИКС елдерінің әлемдік экономикадағы үлесі сатып алу қабілетінің паритеті бойынша шамамен 36–40% аралығында болды. Бұл көрсеткіш «Үлкен жетілік» елдерінің үлесінен (шамамен 30%) асып түсті. Сол жылы БРИКС елдерінің жиынтық ЖІӨ өсімі 4% шамасында болып, жаһандық орташа өсімнен жоғары көрсеткішке жетті. Үндістан, Индонезия, Қытай және Ресей 2024 жылы ірі экономика арасында ЖІӨ өсім қарқыны бойынша әлемдік ондыққа енді.

Мұндай ауқымды экономикалық күшке ие бірлестікті жаһандық қауымдастықтың елемеуі мүмкін емес екені анық. Сондықтан 2025 жылы 20 қаңтарда АҚШ-тың 47-президенті Дональд Трамптың инаугурациясынан кейін Вашингтон тарапынан БРИКС-ке және оның жекелеген мүшелеріне бағытталған ашық сын мен қарсылықтар басталды.

ТРАМП БРИКС-ҚА ҚАРСЫ

 Дональд Трамп БРИКС-ке тарифпен соққы 

2025 жылғы наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп БРИКС елдеріне «АҚШ долларының үстемдігін әлсіретуге талпыныс жасағаны үшін» 100 пайыздық тариф енгізетінін ескертіп, блок бастамашылық еткен дедолларизацияға ашық қарсы ұстаным танытты. Дегенмен, БРИКС-тің экономикалық саясаты қандай да бір елге қарсы бағытталған емес. Саудада доллардан бас тарту жөніндегі ашық үндеулерді тек Ресей білдіріп келеді — бұл негізінен Батыс санкцияларына қарсы әрекет аясында жүріп жатыр. Сол себепті Трамптың бұл мәлімдемесі БРИКС атауы арқылы нақты Ресейге бағытталған саяси қысым ретінде қабылданды. Оның үстіне, Трамптың дипломатиялық салиқалылықтан гөрі өткір риторикаға бейімділігін ескерсек, ол «БРИКС» дегеннің орнына «Ресей» деп ашық айтуы да ғажап емес еді. 2025 жылы шілдеде Рио-де-Жанейрода өткен саммит кезінде бұл риторика одан әрі күшейіп, Трамп доллардан бас тартуға талпынған елдерге жаңа 100 пайыздық тариф енгізу қаупін қайта көтерді.

2025 жылы шілдеде, «Трамп тарифтері» кеңінен тарала бастаған кезеңде, Рио-де-Жанейрода өткен XVII саммит барысында БРИКС-тің қаржы министрлері бірлескен мәлімдеме жасады. Олар АҚШ-тың тарифтік саясатын жаһандық экономикаға төнген қауіп ретінде бағалап, бұл шаралар халықаралық экономикалық және сауда қатынастарына «тұрақсыздық пен белгісіздік» әкелетінін атап өтті. Сонымен қатар, альянс мүшелері Халықаралық валюта қорын реформалауды және әлемдік валюталарды бағалау әдіснамасын қайта қарауды ұсынды.

Осылайша, Трампқа БРИКС-тің ұстанымдарына қарсы көзқарасын жасыру үшін ешқандай айла-шарғы қажет болмады. 2025 жылы шілдеде өткен саммиттен кейін АҚШ президенті Бразилия мен Үндістаннан жеткізілетін негізгі экспорттық тауарларға 50 пайызға дейінгі кедендік тариф енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Сонымен қатар, ол БРИКС-тің «антиамерикалық саясатын» қолдайтын кез келген мемлекетке қосымша 10 пайыздық тариф салынатынын ескертті. Бұл шешім БРИКС ішінде біржақты наразылық тудырып, топ тарапынан жедел жауап қайтарылды. Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва мәлімдеме жасап: «Бразилия жаңа сауда серіктестерін іздеуге басымдық береді», — деп, қарсы шаралар қолдану мүмкіндігін қарастырып жатқанын жеткізді.

Үндістан еркін сауда қағидаттарын ұстанатынын тағы бір мәрте растап, Трамптың Мәскеумен энергетика саласындағы ынтымақтастықты тоқтату жөніндегі талаптарын қабылдаудан бас тартты.

Тамыз айында Бразилия президенті Үндістан мен Қытай көшбасшыларына қоңырау шалып, АҚШ енгізген тарифтерге қатысты БРИКС елдерінің ортақ ұстанымын келісуді ұсынды. Ол G20 құрамында БРИКС-ке мүше он ел бар екенін еске салды және: «Шағын Латын Америкасы елі жалғыз өзі АҚШ-пен келіссөз жүргізе алмайды», — деп атап өтті.

2025 жылы 8 қыркүйекте БРИКС шұғыл түрде онлайн-форматта кезектен тыс саммит өткізді. Қытай төрағасы Си Цзиньпин әріптестерін халықаралық тұрақсыздық жағдайында өзара іскерлік ынтымақтастықты тереңдетіп, әр елдің әлеуетін тиімді пайдалануға шақырды. Оның айтуынша, бұл — геосаяси қысым күшейіп тұрған кезеңде тұрақты және ұзақмерзімді дамуды қамтамасыз етудің ең ұтымды жолы. Бұл үндеу Трамп әкімшілігінің саясатына берілген ең қисынды және прагматикалық жауап ретінде қабылданды.

БРИКС ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН

2024 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС ұйымына толыққанды мүше болудан бас тарту себебін түсіндіріп, бірлестікте жарғы, тұрақты хатшылық немесе нақты бағдарлама секілді институционалдық құрылымдардың жоқтығын атап өтті.

ҚР Президенті Тоқаев БРИКС самитинді 

Дегенмен іс жүзінде Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясат ұстанымын сақтап отыр — ел Ресей, Қытай, АҚШ және Еуропалық одақпен теңгерімді және жан-жақты ынтымақтастық орнатып келеді. БРИКС-ке толыққанды мүше болу, әсіресе АҚШ пен БРИКС арасындағы шиеленісті ескергенде, ұжымдық Батыс тарапынан Қазақстанның «бір геосаяси блокқа бет бұруы» ретінде қабылдануы мүмкін. Бұл жағдай елдің сыртқы саясатына нұқсан келтіру қаупін тудырар еді.

Алайда бұл Қазақстан БРИКС-ті назардан тыс қалдырды дегенді білдірмейді. Ресей және Қытаймен тығыз екіжақты ынтымақтастықты ескерсек, бұл физикалық, әрі саяси тұрғыдан мүмкін емес.

Осыған байланысты 2025 жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы БРИКС ұйымының серіктес ел мәртебесін ресми түрде иеленді. Бұл мәртебе Қазақстанға саммиттердің арнайы сессияларына және министрлік деңгейіндегі кездесулерге қатысуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде ел ұйым күн тәртібіне ықпал етіп, экономикалық ынтымақтастықты тереңдете алады, алайда толыққанды мүшелікке тән барлық міндеттемелерді өз мойнына алмайды.

Осылайша, Қазақстан БРИКС-пен әріптестік мәртебесін пайдаланып, экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, Батыспен тікелей геосаяси текетіреске қатысудан бас тартып отыр. БРИКС біртіндеп экономикалық бірлестіктен батысқа бағытталған әлемдік тәртіпке балама геосаяси құрылымға айналуда. АҚШ тарапынан жасалып отырған қысым бұл процесті жеделдетіп, блок ішіндегі ынтымақтастықты күшейтуге және тәуелсіз қаржылық жүйе құруға түрткі болып отыр. БРИКС қазірдің өзінде жаһандық ықпалға ие ойыншыға айналды. Ендігі мәселе — ішкі қайшылықтар жағдайында осы модельдің тұрақтылығын сақтау.

 

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Алкоголь саудасына шектеу

ІІМ алкоголь өнімдерінің сатылымына шектеу қою бастамасын қоғамдағы қылмыс деңгейімен байланыстырып отыр. Алайда Бас прокуратураның ресми статистикасы  мүлде басқа үрдісті көрсетеді: 2022 жылдан бері Қазақстанда алкогольдік мас күйінде жасалатын қылмыстар саны тұрақты түрде азайып келеді.

ЕАЭО интеграциясы: экономикалық өсім мен еңбек нарығындағы оң серпін

 Еуразиялық экономикалық комиссияның мәліметі бойынша Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі экономикалық интеграцияның бизнес жүргізу жағдайларына оң ықпалын жоғары бағалады. Бұл туралы 2024 жылғы мониторинг қорытындысы бойынша дайындалған баяндамада айтылған.

Электромобильдерге жеңілдік керек: «Ақ жол» фракциясы ұсыныс жасады

Өкінішке қарай, елімізде кейде жақсы бастамалар өз әлеуетін толық жүзеге асыруға мүмкіндік алмай жатып тоқтап қалады. Үкімет бұл мәселені арнайы депутаттық ұсынысты күтпестен-ақ өз бетінше талдап, жеңілдік режимінің тиімділігін бағалап, оны ұзарту мәселесін күн тәртібіне қоюы тиіс еді.

Мұнай бағасы Қытай мен АҚШ арасындағы геосаяси шиеленіске байланысты төмендеуде

АҚШ пен Қытай арасындағы қарым-қатынастағы шиеленістің күшеюі мұнай бағасының құлдырауына себеп болды. Сейсенбі күні күндіз мұнай котировкалары төмендеуде.